Арыстанбек Мұхамедиұлы Алматы облысындағы маңызды жобалармен танысты
2018 ж. 19 сәуір
10696
0
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ Панфилов ауданы аумағында жүзеге асып жатқан маңызды жобалармен танысты. Шекара шебіндегі ауданға ат басын бұрған құрметті қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығына алып барды.
Делегация алдымен орталықтың бірінші бақылау-өткізу пунктіне келді. Мұнда «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы партия комитетінің мүшесі, орталықтың Қытай бөлігі басшысының орынбасары Гуо Цзяньбин қазақстандық қонақтарды үлкен құрметпен қарсы алды. Гуо мырза екіжақты кездесу барысында Қазақстан мен Қытай елі арасындағы тарихи, мәдени байланысты ерекше атап өтіп, бүгінгі таңдағы бірлескен жобалардың стратегиялық маңыздылығына, достық пен әріптестікті нығайтатын маңызды келісімдерге тоқталды. Қытай тарапының өкілі, әсіресе, Қазақстан мен Қытайдың транзиттік әлеуетін, экономикасын көтеретін екіжақты ынтымақтастықтың болашақта өзге де мемлекеттермен әріптестік орнатуға кеңінен жол ашатынын жеткізді, - деп хабарлады "Жетісу" газеті.
Сапар аясында министр отандық инвесторлармен кездесіп, «Самұрық» орталық алаңында болды. Жаңа орталықта қазақстандық және әлемдік ең танымал өнімдер таныстырылды. Көрмеге шарап, темекі, опа-далап өнімдері мен түрлі тәттілер қойылды. «Қорғас» ШЫХО» АҚ президенті Қахарман Жазин министрге орталықтың бас жоспарын таныстырып, биыл пайдалануға берілетін 20 заманауи нысан жайлы түсіндіріп өтті. Бұл нысандар туристік, медициналық мақсатта қолданылмақ. Сонымен бірге, инвестициялық жобаларды жандандыру жолдары да көрсетілді. Халықаралық орталықтың қазақстандық және қытайлық бөлігімен жан-жақты танысқан Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қорғас – Шығыс қақпасы» ЕЭА аумағындағы құрғақ портқа табан тіреп, жаңадан бой көтеріп жатқан логистикалық, индустриалды аймақтардың жай-күйін қарап шықты. «Қорғас – Шығыс қақпасы» алдағы уақытта тасымалданатын тауарларды өнеркәсіптік жолмен қайта өңдеуге молынан мүмкіндік беретін порт ретінде танымал болмақ. Порт келешекте Еуразия аймағындағы Қазақ- станның экспорттық-транзиттік әлеуетін паш етіп, ауқымды логистиканың дамуына тың серпін бермек. Сонымен бірге, әлемдік инвестицияны Қазақстанға тартудың бірден-бір көзі де осы жер. Бұдан бөлек, бұл порт Елбасы бастамасымен жасалған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың айқын дәлелі. Шекара шебіндегі Еркін экономикалық аймақтың құрылысын толық аяқтау таяудағы екі-үш жылдың ішінде жүзеге аспақ. Бұл жерде 30 мың адамды жұмыспен қамту көзделген. Келешекте дәл осы жерден 100 мың тұрғыны бар шырайлы қаланың іргетасы қаланады. Сондай-ақ, құрғақ порт арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің, «Жетіген – Қорғас» теміржолының маңызы зор. Осы орталықтан Ақтау теңіз портына шығатын мүмкіндіктер де қарастырылу үстінде. Шекаралы ауданда қолға алынған халықаралық маңызы бар құрылыс нысандарымен танысқан министр алдағы уақытта жобаларды бұдан әрі жандандыруға байланысты нақты тапсырмалар берді.