Алматы облысы Польшаның Люблин воеводтығымен байланысын нығайтпақ
2018 ж. 11 сәуір
1740
0
Алматы облысының әкімі мен Польша республикасының Люблин воеводтығының маршалегінің өңіраралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі облыс басшысы Амандық Баталовтың воеводтық маршалегі Славомир Сосновскимен кездесуі барысында болды, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми делегацияны жылы қабылдаған облыс әкімі А. Баталов оларды өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жайынан хабардар етті. Әсіресе, облыстың инвестициялық тартымдылығына, туристік әлеуеттің молдығына ерекше екпін түсірді.
- Жетісу жеріне қош келдіңіздер! Алматы облысы – республиканың климаты қолайлы, табиғаты көркем, табиғи ресурстарға бай, инвестициялық потенциалы жоғары өлкесі. Облыс аграрлық салаға негізделгенімен, өндірістің дамуына, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісіне де ерекше басымдық бере бастадық. Аймақтағы ірі өндіріс орындарынан «Фуд мастер», «Данон Беркут», «Кока Кола Ботлерс» және басқа да әлемдік бренд өнімдері бар. Облысқа инвесторлар тарту мақсатында қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруға, нақтырақ айтқанда «Қорғас» ХШЫО мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА базаларына, сол сияқты облыстағы индустриалды аймақтар мен өндірістік алаңдарға жобалар тартуға талпынып жатырмыз. Атап өтсек, өңірде аса маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырыла бастады, соның 9-ы ірі трансұлттық компаниялардың қатысуымен атқарылуда, - деді А. Баталов. Сондай-ақ өңір басшысы Польша Республикасының Люблин воеводтығының делегациясымен кездесу бұдан әрі екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Байланыстар бұған дейін басталып, өткен жылдан бері Алматы облысында аз қамтылған отбасынан шыққан 17 студент Люблиннің Экономика және инновация жоғарғы мектебінде тегін оқып жатқанын сөз етті.
Өз кезегінде Люблин воеводтығының маршалегі Люблиндегі студенттердің сапалы білім алуларына барлық жағдайлар жасалғанын атап өтті.
Мұнан соң Славомир Сосновски алдағы ынтымақтастық жолдары, соның ішінде ауыл шаруашылығындағы, білім беру, медицина, жиһаз жасау сияқты салаларда тәжірибе және технология алмасу туралы ойын ортаға салды.
Жиын соңында Алматы облысы әкімі мен Польша республикасы Люблин воеводтығының маршалегі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар бұл меморандумның екі ел өңірлері арасындағы тәжірибе алмасуды жандандырып, кәсіпкерлік, мәдениет және жастар ісі саласында сәтті жобаларды жүзеге асыруға негіз болатынын атап өтті.
Кездесуден кейін ресми делегация Талдықорғандағы Көрме кешенінде болып, Алматы облысы тауар өндірушілерінің көрмесімен танысты. Қонақтардың назарына экономиканың барлық салаларында – құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, қоғамдық тамақтану және басқа да салаларындағы жетістіктер ұсынылды.
Делегация мүшелері, әсіресе «Қайнар АКБ» зауытының өнімдеріне ерекше қызығушылық танытты. Польшалықтар өз елдерінде автокөліктерге арналған электрлі батареялар өндіруді қолға алу ойларында бар екенін, егер осы бағытта өндіріс жолға қойылатын болса, талдықорғандықтармен тәжірибе алмасуға ниетті екендіктерін жеткізді.
Осы күні поляктар Талдықорғандағы Салтанат сарайында өткен инвесторлардың өңірлік кеңесіне қатысты. Жиында қос тарап та өз мүмкіндіктеріне, даму бағыттарына кеңінен тоқталды.
Облыста әлеуетті инвесторларға жасалатын жағдайлар туралы облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов айтып берді. Бизнес-қауымдастық өкілдері де сөз алып, ойларын ортаға салды. Олардың қатарында «Apple word» компаниясының бас директоры Б. Күнтаев, «Абди Ибрахим Глобал Фарм» компаниясының бас директоры З. Гасанов та бар. «Қорғас» ХШЫО аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалар, аумақты дамыту жоспарлары туралы «Қорғас» ХШЫО» АҚ президенті Қаһарман Жазин баяндады.
Польша делегациясы атынан Люблин воеводтығының Экономика және халықаралық ынтымақтастық департаментінің қызметкері Магда Олифирович сөйлеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтты.
Өзара пікір алмасқан қос тарап мұндай кездесу жаңа мүмкіндіктерге, жаңа жобаларға, ынтымақтастықты нығайтуға жол ашатынын жеткізді. Жиын соңында Талдықорған қаласындағы көп салалы аурухана мен Бяла Подляскадағы воеводтықтың мамандандырылған ауруханасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі А. Баталов:
- Бүгінгі кездесу барысында екі өңірдің арасында ұқсастықтар өте көп екеніне тағы бір рет көз жеткіздік. Өзара ынтымақтастықтың нақты бағыттары белгіленді. Бізді әсіресе воеводтықта өндірілетін ауыл шаруашылығы техникалары қызықтырды. Сонымен қатар жеміс-жидек өңдеудегі, жиһаз жасаудағы жаңа технологиялар да назар аударуға тұрарлық. Ал бізде «Қорғас» ХШЫО мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында инвесторларға қолайлы жағдайлар жасалған. Мәселен, Люблин воеводтығынан сауда үйін ашуға мүмкіндігіміз бар. Жалпы бүгінгі кездесуде пайдалы пікір алмасу болды деп ойлаймын, - деді.