Отандық сарапшы Үшінші жаңғырудың кешенді бағыттарын атады
2018 ж. 22 ақпан
6788
0
Елбасымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспары Үшінші жаңғыру міндеттерін шешуде кешенді бағыт болып табылады.
Біріншіден, жаңа стратегиялық құжат барынша инклюзивті сипатқа ие, онда халықтың өмір сүру сапасын арттыруға аса мән берілген. Жоспарға сәйкес, 2025 жылға қарай жан басына шаққандағы ЖІӨ 7,7 мың АҚШ долларынан 18,5 мың АҚШ долларына дейін өсетін болады. Бұл тұста, өңірлердің экономикалық дамуындағы тепе-теңсіздікті 2,7 есеге дейін азайту жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2025 жылға қарай қала халқы 100% орталықтанған су желісімен қамтамасыз етілетін болады, ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткішті 80%-ға дейін жеткізу көзделген. Халықтың өмір сүру ұзақтығы 72 жастан 75 жасқа дейін артатын болады.
Екіншіден, жаңа жоспарға экономика күрделілігінің индексі, ЭЫДҰ-ның бәсекелестік орта индексі сияқты маңызды көрсеткіштер енгізілген.
Экономика күрделілігінің индексі елде өндірілген өнеркәсіптік тауарлардың әртүрлілігі мен күрделілігі деңгейін көрсетеді. Халықаралық рейтингте Қазақстанның жоғарылауы ел экономикасының әртараптануының көрсеткіші болып табылады.
ЭЫДҰ-ның бәсекелестік орта индексі Қазақстанның бәсекелестік орта қалыптастыру мен экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтудағы ілгерілеуін бақылау үшін қолданылатын болады. Бұл тұста, жеке сектор экономиканы дамытудың маңызды факторы болуы тиіс.
Үшіншіден, негізгі басымдық орта кәсіпкерлікке жасалған. 2025 жылға қарай оның үлесін 4,8%-дан 15%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Дамыған елдерде орта бизнес экономиканың жүйе құраушы факторына айналған.
Жалпы алғанда, қойылған міндеттер кең көлемді болып табылғандықтан барлық қатысушылардың, яғни мемлекеттің, бизнестің және қоғамның үйлескен іс-әрекетін қажет етеді.
Айжан Мұқышбаева,
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы