Қазақстан экономикасы монополизмге қайта оралды ма?
2018 ж. 14 ақпан
2232
2
Өткен жолы, Парламенттегі «Ақжол» партиясының фракциясы өте өзекті мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Ол былай: бүгінде Үкіметтің мойнына мінгесіп отырған саны бар, сапасы жоқ шенеуніктерді мейлінше қысқарту мәселесі. Әсіресе, кейбір қызметі мен құзыреті жеке компанияларға берілген министрліктегі атқамінерлерді мемлекет қазынасынан асырағанды азайту керек депті. Жөн-ақ. Сөйтсек, мүйізі қарағайдай ведомствалардың бірқатар өкілеттігі жеке мекемелерге берілсе де, әлгілер бюджеттің мойнында отырған көрінеді.
Осыған орай біз Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мырзамен сөйлесіп, осы мәселенің жай-жапсарын сұрап білдік.
-Азат мырза, сіз, дәлірек айтсақ, сіз жетекшілік етіп отырған «Ақжол» партиясының фракциясы өткен жолы Парламентте өте бір өзекті мәселені көтерді. Ол - мынау қара құмырысқадай құжынаған мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту мәселесі. Сол істің жайы қазір қалай болып жатыр?
-Рас, біз мемлекеттік қызметкерлердің санын екі есеге қысқарту керек деп мәселе көтердік. Себебі, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі әлемнің дамыған мемлекеттерінен тәжірбие алу керек деп жиі айтады. Ендеше дамыған мемлекеттердегі қалыптасқан норманы біз де өзімізге енгізуіміз керек деп есептеймін.
-Азеке, жалпы осы мемлекеттік қызметкерлердің сан мөлшерін, жұмысын реттеп отыратын арнайы комитет бар емес пе? Өзге елдермен салыстыру бар ма?
-Әрине бар. «Governmentat a Glance» дейтін экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының арнайы статистикасы бар. Оған сәйкес, Қазақстандағы жұмыс істейтін халықтың жалпы санындағы шенеуніктердің үлесі 21 пайызды құрап отыр. Салыстыру дедіңіз, салыстыру үшін айтайын, АҚШ пен Германияда бұл көрсеткіш 14, Австрияда 10, Қытайда 9, Жапонияда 8, Оңтүстік Кореяда 6,5 пайызды ғана құрайды.
-Бұл дегеніңіз, біздегі әр бесінші адам шенеунік дегенге алып келеді ғой.
-Дұрыс айтасыз, жоғарыдағы статистикаға қарасақ, еліміздегі әр бесінші адам мемлекеттік қызметкер немесе квазимемлекеттік секторда істейтін адам. Бұл нені көрсетіп отыр?.. Бұл Қазақстан азаматтарының көпшілігі өндіріспен айналыспайды, бюджеттен жалақы алып, содан пайдасын тауып отыр деген сөз. Ал өндіріс жалпы бизнестің мойнында. Одан қалғаны жеке кәсіпкер немесе өндірісте істейтін адамдар. Бұл бірінші кезекте ұлттық экономиканың мемлекеттік экономикаға айналып кеткенін көрсетеді. Демек, біз қайтадан монополизмге оралып отырмыз.
Елбасымыздың өзі Ұлт жоспары деген бағдарламасының 97-қадамында нақтылап айтты. Мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелі ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру керек деп айтты. Яғни өзін-өзі басқаратын ұйымдарға, бизнес қауымдастыққа беру керек.
Дұрысы осы, біз соның арқасында компакті, жинақы, саны аз Үкіметке жете аламыз. Тіпті, 2014 жылы Үкіметтің қаулысымен кәсіпкерлікті реттейтін тұжырымдама шықты.Сол тұжырымдаманың 5-бөлімде осы біз айтып отырған мемлекеттік органдардың функциялары өзін-өзі басқаратын мекемелерге берілгеннен кейін, шенеуніктердің саны 10 пайызға қысқаруы керек деп жоспар қойды. Яғни Үкімет бізсіз де оны қабылдаған. Тек іске асырмай отыр.
Шынын айтсақ,10 пайыз емес, одан да көп, екі есе қысқартуға болатын еді ғой.
-2010 жылы Президент Жарлық әзірлеп, мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту жайы сөз болған еді. Ол кезде шатаспасам, 25 мыңға жуық адам жұмыстан босатылады деп күтілген. Одан кейін 2016 жылы да осы мәселе қайта сөз болды. 2016 жылы Президент әкімшілігінің жетекшісі болып тұрған Әділбек Жақсыбеков қысқарту жайлы айтты. Осылайша ара-тұра айтылып тұратыр, бірақ ешбірі аяғын жетпейтін мәселе ғой бұл. Қайсыбір жылы Қазақстанда 90 мың шенеунік бар деп есептелген еді...
-Қазір бұл көрсеткіш айтарлықтай өскен. Елбасымыз осыдан 5 жыл бұрын мемлекеттік шенеуніктердің санын қысқарту жайлы айтты. «Бүкіл әлемде шенеуніктердің саны қысқарып жатыр. Ал бізде 90 мыңнан 95 мыңға дейін өстіп отыр» деп сынды сөзін айтқан. Содан бері бес жыл өтті. Қазір олардың саны 100 мыңнан асып жығылды.
-Бұған мемлекеттік қызметкерлерді ұстап отыруға бөлінетін бюджет қаржысын қоса есептеу керек шығар... Өйткені қарапайым жұмысшы, мұғалім, дәрігермен салыстырғанда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы екі-үш есеге көп қой. Тіпті, Астана жақтағы ақ жағалылардың айлық табыстары айды аспанға бір ақ шығарады...
-Өте дұрыс айтып отырсыз, жаңағы мемқызметкердің саны өссе жарайды дер едік. Енді сол шенеуніктерге жұмсалатын бюджеттік шығын бар ғой. Олардың үй-жайы, мінетін көлігі, ішетін тамағы, іс-сапар шығыны, жататын қонақ үйлері т.б. Егер бұрындары Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің керек-жарағына қазынадан бөлінетін қаражат көлемі 630 миллиард болса, қазір 1 триллион 300 миллиардқа көбейді. Яғни, екі есеге шығындалып отырмыз.
Парламентке қаншама заң жобалары түсіп отыр. Мемлекеттік органдағы шенеуніктер өз міндеттерін «Атамекен» ұлттық палатасына, басқа да өзін өзі басқару орындарына бірте-бірте беріп жатыр. Ал бірақ, сонымен бірге бюджетте қысқарған жоқ. Не қызметкерлердің саны да қысқарған жоқ. Себебі, бір мемқызметкердің бірнеше міндеті бар.
Тіпті, Үкіметтің бізге берген ресми жауабында: «біз оларды қысқарта алмаймыз, себебі ол шенеуніктердің басқа да міндеттері бар» деп ашық айтып отыр.
-Түйіндесек...
-Түйіндесек, біздің мақсатымыз тек шенеуніктерді қысқарту ғана емес, оған бөлінетін мемлекет қаржысын үнемдеу. Әрбір шенеунікке жылы кабинет керек, оған хатшы керек, оған шопыр керек қымбат көлік керек. Байқап отырсыз ғой, олар елімізде шығарылатын автомобиль мінбейді ғой. Оған импорт көлік керек т.б. Жарайды, кәсіпкер секілді өз еңбегімен тапса, сөз жоқ. Ол мемлекеттің ақшасы.
Анығында бұл ақшаны әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың қалтасынан алып отыр ғой. Сондықтан, біздің мақсатымыз шенеуніктің санын ғана емес, оларға жұмсалатын шығын санын да қысқарту.
Ол ақшаны басқа жаққа да пайдалануға болады. Мысалы қазір қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері өте өзекті. Немесе әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға көмек ретінде пайдаланылуы керек. Ол ақша мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақыларына жұмсалсын. Ол бизнеске көрсетілетін түрлі көмектің есебіне жұмсалсын. Жұмсайтын жер жетерлік.
Пікірлескен Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz