Отандық сарапшы «Астана» халықаралық қаржы орталығы алдында тұрған күрделі мәселелерді атады
2018 ж. 13 ақпан
3691
2
Жуырда Астана халықаралық қаржы орталығында Қазақстанның жаңа қаржы орталығы алдағы 15-20 жылдың ішінде әлемнің үздік 30 қаржы орталығының қатарына енетіндігін мәлімдеді. Алайда, бұл амбициялық мақсатқа жету үшін біраз тер төгу керек.
Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айжан Мұқышбаева мәлімдеді – деп хабарлайды «Қазақ үні» ұлттық порталының тілшісі.
Біріншіден, Қазақстанның қаржы нарығы өзінің бүгінгі күйінде шет елдердің дамыған капитал нарықтарымен бәсекелесетін жағдайда емес. Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде «қаржы нарығының дамуы» факторы бойынша Қазақстан 137 елдің ішінде 114-орынға ие. Ал, дамыған бестікке АҚШ, Сингапур, Гонконг сияқты әлемнің жетекші қаржы орталықтары кіреді.
ДЭФ баяндамасы авторларының бағалауы бойынша, осы күнге дейін Қазақстанда құнды қағаздардың жергілікті нарығы бойынша қаржыландыру лайықты деңгейде дамымаған. Қазіргі уақытта елде екі мыңнан артық акционерлік қоғам тіркелген, алайда олардың тек 150-і листингтік болып табылады, яғни құнды қағаздарын шығарады.
Екіншіден, халық арасында қаржы нарығы құралдарына инвестиция салу мәдениеті әлі қалыптаспаған. Қазақстанда халық арасында қор нарығына тартылған жеке инвесторлардың үлесі тек 0,6%-ды құрайды, ал АҚШ-та халықтың 50%-дан астамы қор нарығына қатысады, Ұлыбритания мен Аустралияда бұл көрсеткіш 30%-дан жоғары.
Және ең басты алғышарт – экономиканың нақты салаларының дамуы. Тарихи тұрғыдан қарағанда, әлемдік деңгейдегі қаржы орталықтары ірі қалаларда капиталдың шоғырлануы нәтижесінде пайда болған. Мысалы, Лондонның халықаралық қаржы орталығы ретінде дамуына өндірістік революция айтарлықтай ықпал еткен. «Қаржылық көпіршіктің» пайда болуын алдын-алу үшін экономиканың әр түрлі салаларында тартымды инвестициялық жобалардың болуы маңызды.
Осылайша, жаңа қаржы орталығының алдында қазақстандық қаржы орталығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен ішкі инвесторлардың ауқымды базасын қалыптастыру бойынша күрделі міндет тұр.