Қазақ мұнайының қайнар көзі қай ғасырда ашылды?

 

копен

«Мұнай мен газ – Қазақстанның басты шикізат байлығы, оның болашақ гүлденуінің негізі» Нұрсұлтан Назарбаев

О кісімен ойда жоқта таныстым. Әдетте әр саланың адамдары өзінің мамандығына қарай өң беріп, бітім-болмысы соған лайық бейімделіп тұратыны рас. Мысалы, өнер адамдарын анадайдан танисың. Шенеуніктер шекесінен белгілі. Шағын және орта бизнестің адамдарын да жүріс-тұрыстарынан аңғарасың.

Жетпістің желкесіне мініп тұрған Сайлау ағаның әлпетін көргенімде я архитектор я суретші шығар-ау деп ойладым. Қателесіппін. Мұнайшы екен. Қазақ политехникалық институтын 1962 жылы бітіргеннен кейін еңбек жолын «МаңғышлақМұнайГазбарлау» тресі мен «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінің Өзен мұнай барлау экспедициясында коллектор, инженер-геолог, аға геолог, бас геолог қызметтерінен бастаған Сайлау Есжанұлы Жылқыайдаров ағамның бүкіл ғұмыры мұнай саласында өтіпті.

Экспедицияның бас геологы ретінде геологиялық барлау жұмыстарды басқарды, жаңа барлау ұңғымалар орындарын белгілеу негіздемелерін жасақтап, Өзен кен орнының төменгі қабаттарында мұнай­газ­дылықтың жаңа көздерін ашты. Өзен құрылымының батыс периклиналында Қу­мұрын, Парсымұрын, Аксай және Солтүстік-Батыс атты бөлек күмбездердің геологиясы негізделіп, олардың мұнай-газдылығы зерттелді. Туркменой, Бурмаша, Асар, Сенек, Шалабай деген жаңа алаңдарды барлау үшін терең бұрғылау жүргізілді. Ол кезде өндіріске жаңа техниканы енгізу бас мамандардың тікелей басқаруымен жүргі­зілетін, осы тұрғыда экспедицияда жүргізілген бұрғылау құ­бырларымен өткізілетін сынақтардың барлығы дерлік бас геологтың басқаруымен жүргізілген. Дәл осы әдіспен 1969 жылы Асар кенорны ұңғыманы бұрғылау барысында ашылған болатын, сол үшін оны КСРО Геология Министрлігі «Асар кен орнын алғаш ашушы» дипломымен марапаттады.

Маңғыстау облысындағы мұнайбарлау мекемелерінде бас геолог және «Маңғышлақмұнай» ӨБ-інде геологиялық бөлім бастығы болып қызмет еткен кезінде барлық мұнай барлау-іздеу жұмыстарының жүргізілуін басқарған. Оның басқаруымен 17 мұнай және газ кен орындары ашылған. Олар: Алатөбе, Атамбай-Сарытөбе, Айрантақыр, Асар, Батыс Теңге, Түркменой т.б. Маңғыстау өңіріндегі қазіргі өнім беріп тұрған Өзен, Теңге, Асар, Қарамаңдыбас, Жетібай, Қаламқас, Қаражанбас және т.б. ірі кенорныдарының өндірістік игерілуіне тікелей қатысқан.

«ҚуатАмлонмұнай» БК қызмет еткен кезеңінде Қызылорда облысындағы Қоныс пен Бектас кенорындарын игеру жұмыстарын басқарған.

2008 жылдан қазіргі уақытқа дейін Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» Қоғамдық қорының атқарушы директоры және Қамқоршылық кеңесінің мүшесі.

Оның мұнайгаз саласының тарихын жете білуі, еліміздің мұнай саласын басқарушылар алдына дер кезінде атап көрсетуі, саладағы тарихи маңызы бар мерекелік іс-шараларды өткізуге мұрындық болып келеді. 2009 жылы Қазақ мұнайының 110 жылдығы және мұнай саласының ақсақалы Сафи Өтебаевтың 100 жылдығы аталып өтті. Ұлы Отан Соғысының 65 жылдығына орай «Қазақстанның мұнайгаз өнеркәсібі Ұлы Отан Соғыс жылдарында» атты кітап шығарылды.

Осы 2011 жылы Қордың белсенді қатысуымен Доссор кен орнына 100 жыл, Маңғыстау мұнайының ашылуына 50 жыл, Құмкөл кен орнының игерілуіне 25 жылдық мерекелік іс-шаралар өткізіледі.

Оһо-о-о! Міне, өмірбаян! Өндірістік өмірбаян. «Қазақ мұнайның ғасырдан астам қадау-қадау тарихын бір білсе осы кісі білетін шығар?!» деп ойладым да суыртпақтатып сұрақ қойып, сұхбаттасқанды жөн көрдім.

-Сәке, қазағымның даласы байтақ кеңдігімен қоса қазба байлық, қазына-көмбелерімен де әлемге белгілі. Әсіресе, қазақ елінің батыс өңірі тұтасымен мұнай мұхитының үстінде тұр десек артық айтқандық емес. Бұдан 110 жыл бұрын өңірімізде белгілі болып, адам игілігі үшін кәдеге асқан, қара май тарихы тіптен әріде жатыр. Осынау өміріміздің бақыты мен жақұты, берекесі мен мерекесімен қатар қайғысы мен қасіреті де бола білген “қара алтын” атанған мұнай қазақ жерінде қалай табылды, оның игерілуі қалай басталды?

- Патшалық Ресей ХVІІ ғасырдың аяғы-ХVІІІ ғасырдың бас шенінде Қазақ жеріне ерекше назар аудара бастады, сөйтіп өзінің шығыс шекараларын нығайту және оңтүстіктегі елдерге шығатын сауда жолдарын кеңейту мақсатында біздің еліміздің әр түрлі аймақтарына саударгерлерді, әскери топографтар мен табиғат зерттеушілерін мезгіл-мезгіл жіберіп тұрды. Атырау облысының ауқымында мұнай бар екендігі жайлы алғашқы дерек Бекович-Черкасский жазбаларында көрсетілген, ол, І-Петр патшаның Жарлығына сәйкес, 1717 жылы Хиуа өңіріне Ембі өзенінің төменгі ағысы арқылы жол тартқан әскери-топографиялық экспедицияны ұйымдастырушы болатын.

1768 жылы ұйымдастырылған ғылыми экспедицияның есепнамасында (С.Гмелин, И.Лепехин, П.Паллас) Батыс Қазақстанның геологиясы мен пайдалы қазбалары жайлы кейбір деректер бар, онда көмір, мұнай, жанғыш тақтатастар, өзге де кейбір минералдық шикізаттар туралы айтылған. 1874 жылы Қарашұңғылдағы, Доссордағы және Иманқарадағы мұнай шығымдарын зерттеген Ресейдің Геологиялық комитетінің тау-кен инженері Д.Кирпичников былай деп жазған: «Мұнайдың мол шоғырлары бар екендігіне ешбір күмән жоқ, алайда бұл байлыққа қол жеткізу оңайға түспейді, себебі мұнда ауыз су жоқ, елді мекендермен қатынас, шабындыққа қолайлы шалғындар мен далалар да жоқ».

- Мұнай мен оның табиғи туындыларының жер бетіндегі белгілері жергілікті халыққа бағзы заманнан белгілі болған. Көптеген елді мекендер мен су көздерінің, шатқалдардың, құдықтардың, өзге де орографиялық және гидрографиялық нысандардың қазақша атаулары, мәселен, Майтөбе, Қараарна, Майкөмген, Қарашұңғыл, Жақсымай, Қарамай, Қаратон, Мұнайлы т.б. осындай жергілікті жер-су атаулары бұл айтқанымызға жақсы дәлел. Халық жадында Әукетай-Шағыл маңындағы (Еділ-Жайық аралығы) «Қасиетті от» туралы аңыз сақталған, бұл өңірден кейінірек жанғыш газ кенорны ашылды. ХІХ ғасырда Мәтенқожа деген әйгілі дін қайраткері және емші Ойыл өзенінің төменгі ағысы өңіріндегі құм-саздар астынан сыздықтай көтерілген қара маймен мал мен адамның қышыма ауруларын емдеген. Саяхатшылардың деректеріне сәйкес, Қытайдан Үндістанға әйгілі Жібек жолы бойымен жол тартқан керуеншілер Зайсан қазанойпатындағы Қарамай деп аталатын шатқалда ұшырасатын қара маймен арбаларының доңғалақтарын майлайтын болған. Жер асты байлығын жергілікті бабаларымыздың өзі ашқан деуге де негіз бар. Әйтсе де әңгімені аңызға сүйемей, нағыз дерекке жүгініп сөйлесек, Сәке?

- Өз кезеңінің өте білімдар адамдарының бірі боп саналған Григорий Силыч Карелин 1827 жылы Қазақ даласының батыс аймағын аралаған, осында топографиялық түсіру жұмыстарын жүргізіп, аймақтың флорасы мен фаунасын зерттеген. Ол мұнда Бөкей ханның ұлы Жәңгір ханмен кездескен. Г.С.Карелин Жәңгір ханға қатты әсер еткен, сондықтан хан оған өзіне кеңесші болып қызмет қылуды өтінген. 1832 жылы Г.С.Карелин Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауларын зерттейтін ірі экспедицияның бастығы болып тағайындалған. Экспедиция журналының алғы сөзінде Г.С.Карелин былай деп жазады: «Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалаулары өзінің географиялық жағдайы тұрғысынан өте маңызды аймақ, алайда ол өзінің осы мәртебесіне сәйкес келетін дәрежеде зертелмеген. Теңізшілердің кейбіреулері ғана бұл шөлді аймаққа бас сұққан, онда да тиіп-қашып қана. Табиғат зерттеушілерінің ешқайсысы да Гурьев пен Көне Маңғыстау аралығында 900 шақырымнан астам қашықтыққа созылып жатқан жағалауларда болып көрмеген. Бұл аумақ шынында да ауқымды аймақ, ал оның біздің болашақ саудаларымыз бен Орталық Азия елдерімен саяси қатынастарымыздың шын мәніндегі кілті екендігін ескерсек, оның мәртебесі бұрынғыдан да биіктей түседі».

Батыс Қазақстан аймағын зерттеушілер әсіресе Маңғыстау түбегіне баса назар аударды. Бұл өңірді зерттеу 1846 жылы басталды, бұл жылы М.И.Иванкиннің экспедициясы Маңғыстау түбегінде алғаш рет мұнай белгілерін тапты. 1887 жылы геологтар Н.И.Андрусов пен М.В.Баярунас маршруттық түсіру жұмыстарын бастады. 1851-1853 жылдары Бозащы түбегін зерттеу жұмыстары жалғастырылды. Экспедицияның материалдары 1855 жылы Ресей Географиялық қоғамның хабаршысында жарияланды. Бұл еңбекте Үстірттің, Маңғыстау және Бозащы түбектерінің жербедері, гидрографиясы, өсімдік жамылғысы жан-жақты талданған, осы аймақтарға геологиялық шолу жасалған, олардың жер асты сулары, топырағы және климаты сипатталған.

Аймақты геологиялық тұрғыдан бағдарлы түрде зерттеуде және оның мұнай байлықтарын ашуда 1892 жылы геолог С.Никитиннің басшылығымен жіберілген арнаулы экспедицияның маңызы зор болды, оның негізгі мақсаты Түркістанға тартылатын темір жол трассасын және аймақтың табиғи байлықтарын зерттеу болатын. Экспедиция, сонымен қатар, ауыз су көздерін іздеумен де пәрменді түрде шұғылданды, кейінірек фосфориттер мен көмір көздерін іздеу шаралары да жүзеге асырылды. С.Никитин экспедициясы анықтаған және жағымды бағаланған Қарашүңгілдегі, Доссордағы және Ескенедегі мұнай белгілері сол кездегі мұнайшы жұртшылықты елең еткізді. Көп кешікпей-ақ Жайық-Ембі өңірінде, Батыс Қазақстанның өзге де аймақтарында мұнай көздерін іздеу және барлау мақсатын көздеген көптеген қоғамдар, серіктестіктер және фирмалар пайда болды. Олардың ішіндегі ең ірілері Жайық-Каспий мұнай қоғамы, «Ембі-Каспий», «Ағайынды Нобелдер серіктестігі», «Ембі», «Орал мұнайы» т.б. деп аталды. Мұнай барлаудың алғашқы нысандары Доссор, Қаратон, Қарашүңгіл және Ескене өңірлері болды. «Ембі-Каспий» қоғамының концессиясын иелікке алған С.Леман компаниясы Қарашүңгілде тереңдігі 38 метрден 275 метрге дейінгі 21 ұңғыма бұрғылады. 1899 жылдың қараша айында осында бұрғыланған №7 ұңғыманың 40 метр тереңдігінен жеңіл мұнайдың біршама қарқынды бұрқағы алынды. Осы оқиға көне қазақ жерінен мұнай көзі ашылуының бастауы, яғни Қазақ мұнайының туған күні, деп есептелінеді. 1910 жылы С.Леман компаниясы, «Орал-Каспий» қоғамына ағылшын кәсіпкерлерінің қаржысын тарта отырып, Доссор өңірінде терең бұрғылау шараларын ұйымдастырды. 1911 жылдың 29 сәуірінде Доссорда №3 ұңғымада 226 метр тереңдіктен қарқынды мұнай бұрқағы алынды, сөткелік дебиті 213 тонна болды. Орал облысының 1913 жылғы Әскери губернатор есепнамалық шолуында былай делінген: «...Орал облысының Гурьев уезінде бірталайдан бері жүргізілген барлаулар оң нәтижесін берді. 1913 жылы Орал-Каспий Мұнай Қоғамы Доссордан 4 450 615 пұт мұнай өндірді».

1900-1917 жылдар аралығында іздеу-барлау жұмыстарымен Ембі ауданы ғана емес, Еділ-Жайық аралығы (Новобо­гат, Қара Өзен), Батыс Мұғалжар маңы (Мортық, Итассай), Каспий маңының орталық бөлігі (Мәтенқожа) және Ақтөбе-Орал өңірі (Жуса) де қамтылды. Барлауға 20 құрылым мен алаңшалар тартылды, оларда 166 барлау және 117 игерім ұңғымалары бұрғыланды.

- Ел экономикасын алға сүйреп тұрған Қызылорда өңіріндегі мұнай қоры мен кен орындары жайлы «ПетроҚазақстан ҚұмкөлРесорсиз» компаниясының басқарма төрағасы, өндіріс жөніндегі вице-президенті Фан Цезян мырзамен сәуір айында сөйлескенімде, ол әңгімесін былай сабақтаған еді:. «Біз негізі Қызылордадағы үлкен мұнай компаниясы болып есептелеміз. Компанияда 1800-ден аса жұмысшылар бар. Сонымен қатар бізге мердігерлік қызмет көрсететін 100-ден аса компаниялар бар. Сонда қарасақ, біз жиырма мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Біз жаңа мұнай құбырларын ашу үстіндеміз. Қазірдің өзінде жақсы нәтиже беріп тұрған Батыс Қарабұлақ, Батыс Тұзкөл, Шығыс Құмкөл, Батыс Қызылқия болашақта жақсы өнім беретін кеніштер.»

Қараңызшы, Қытай халық рес­публикасының өкілінің «Петро­ҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» компаниясында жұмыс істегеніне он шақты жылдың көлемі болыпты. Оның ар жағындағы қазақ мұнайының тарихын таратып айтсаңыз көп оқырманның көзі ашылып қалар еді, Сәке?

- Әңгімені әріден бастасақ, Ембі мұнайының табылуы мен игерілуі атақты орыс зерттеуші ғалымдар еңбегінің нәтижесі екендігін айта кеткен жөн. Қазан төңкерісінен кейін мұнайды барлап игерудің өзіндік жаңа толқындық жолдары болды.

Орал-Ембі ауданын өнеркәсіптік тұрғыдан кеңінен игеру мәселесін В.И.Ленин 1920 жылы, осы өңір ақгвардияшылардан азат етілгеннен кейін, күн тәртібіне қойды. Оның пәрменімен Александров-Гай – Ембі темір жолы салына бастады, бұл жолды тұрғызудың мақсаты осы қашықтағы шөлді аймақты ел орталығымен байланыстыру болатын.

1924 жылы болып өткен Халық шаруашылығының Жалпыресейлік Кеңесінде жасалған «Орал-Ембі ауданы және оны дамытудың перспективалары» атаулы баяндамада «Доссор мен Мақат - осы екі кәсіпшілік бүкіл ауданның мұнай өнеркәсібінің бастамасы» деп аталып көрсетілді. «Бұл кенорындарды пәрменді түрде барлау шаралары 1924 жылы басталып, 1927 жылға дейін жалғасты, мұның нәтижесінде алты перспективалы белдем анықталды, олар:

«Доссор» белдемі, оған Сағыз өзенінің атырабында орналасқан бүкіл кенорындар, солтүстіктегі ең қашық орналасқан Мәтенқожа кенорны, сол сияқты өнеркәсіптік маңызы бар екі кенорын – Доссор және Мақат кенорындары – енгізіледі.

2. «Оңтүстік белдем» Ембі өзенінен оңтүстікке қарай орналасқан бүкіл кенорындарды және осы өзеннің төменгі ағысындағы кенорындарды біріктіреді, бұлар – Қаратон, Қарашұңғыл, Стартөбе, Мұнайлы, Қосшағыл, Жыланбасты т.б.

3. «Новобогат белдемі» Жайық өзенінің батыс жақ жағалауларына қарасты кенорындарды біріктіреді (Новобогат және Қара Өзен кенорындары). Айтқандай-ақ, бұл кенорындарды барлау ұңғымаларынан ағайынды Нобелдер фирмасы революцияға дейін-ақ 60 000 пұт жеңіл мұнай алған болатын.

4. «Иманқара белдемі» аттас ау-дан ауқымындағы кенорындарды біріктіреді, олар – Иманқара, Қойқара, Қызылкөл, Жосалысай, Күлжан, Жанқабақ, Қарамұрат, Ұшақ күмбезі және Шұбан-таме.

5. «Терісаққан белдемі» Сағыз өзенінің жоғарғы ағысы мен Ембі өзенінің ортаңғы ағысы аймағындағы кенорындарды қамтиды. Мұндағы кенорындардың жалпы саны 15-ке жуық, аудан нашар зерттелген.

6. «Темір белдемі», оған Жанағаш, Кейкібас, Исатай, Мортық, Құрсай т.б. кенорындар жатқызылады. Орал-Ембі ауданының потенциялық мүмкіндіктері өте жоғары, ол болашақта мұнайдың мол қорымен қамтамасыз ете алатын болады».

Мұнайды іздеу жұмыстары кейбір қайта құру шараларын жүзеге асыру қажеттілігін туындатты. Кеңес одақтық дәуірде мұнай саласы мемлекет меншігіне өткізілді, отандық және шетелдік ұсақ серіктестіктер, кәсіпорындар және фирмалар таратылды. Бұлардың орнына әр түрлі трестер ұйымдастырылды, оларға мұнай кенорындарын іздеу және өндіру құқығы берілді. 1920 жылы мұнай кенорындарын өнеркәсіптік тұрғыдан игеру мақсатында Мәскеу қаласында Орал-Ембі ауданы мұнай кәсіпшіліктерінің Басқармасы құрылды, ол 1922 жылы бүкіл игерім және іздеу бұрғылауларын өз билігіне алған «Ембімұнай» тресіне ауыстырылды. Бұл трест, Доссор мен Мақатты игерумен қатар, өзге де бұрынырақ анықталған күмбездерде іздеу жұмыстарын жүргізді, мұның нәтижесінде мұнай жатындары 1930 жылы Байшонаста, 1931 және 1932 жылдары Сағыз бен Ескенеде табылды. Мұнайды жинақтау, тазарту және тасымалдау шаралары Доссор мен Мақатта жүзеге асырылды, мұнда конструкциясы тіпті бүгінгі инженер-конструкторларды да таңдандыратын алып көлемі 2-3 мың текшеметрлік цистерналар орнатылды.

1926-27 жылдары «Ембімұнай» кәсіпшіліктері мұнайды тереңдік сорғыштар мен компрессорлар көмегімен өндіруге көшті. Нақ осы кезеңдерде табиғи газ қазандықтарды жылытуға және тұрмыс қажеттіліктерін өтеуге пайдаланыла бастады. Доссорда газ құбыры тартылды, игерім ұңғымалары осы құбырға жалғанды.

Батыс Қазақстанның геологиялық құрылысын зерттеудің және оның мұнайлылығын бағалаудың алғашқы кезеңінде бір топ ғалымдар мен мамандардың зерттеулері маңызды рөл атқарды, олар – Каспий маңы бойынша С.Никитин, П.Православцев, А.Замятин, С.Миронов және Н.Тихонович, ал Маңғыстау аймағы бойынша Н.Андрусов және М.Баярунас зерттеулері. Бұл кезеңдегі зерттеу нәтижелерінің геологиялық тұрғыдан маңыздылары мыналар: юра, бор және кайнозой түзілімдерінің стратиграфиясының жасақталуы; Каспий маңы өңіріндегі құрылымдардың тұзкүмбезді табиғатының анықталуы, оның тектоникалық сұлбасы құрастырылуы; Н.Андрусов тарапынан күрделі құрылысты Маңғыстау мегантиклинінің даралануы; мұнайлылықтың жалпылама шарттарының белгілі болуы және кейбір кенорындардың ірі масштабты карталарының құрастырылуы; мұнайлылықтың түпнегіз қатқабаттары жайлы түсініктердің жасақталуы. Міне, қырауар жұмыс...

-Әңгімеңізге рахмет, Сәке! Кейінгі тарихты келесі жолға қалдырайық.

(Жалғасы бар)

Сұхбаттасқан Көпен ӘМІРБЕК