Еліміздің энергетика саласының 2017 жылғы даму қорытындылары және бейінді министрліктің 2018 жылға жоспарлары туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтып берді.
Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда өткен жылы 86 млн тоннадан астам мұнай өндірілді, бұл өндіру жоспарының 102%-ын құрайды. Оған қоса, 70 млн тоннаға жуық экспортталды. 15 млн тоннаға жуық мұнай отандық МӨЗ-дерде қайта өңделді. Павлодар мұнай-химия зауытында жаңғырту жобасы жүзеге асырылды, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобаларының құрылысы аяқталды, қазіргі уақытта зауытта іске қосу-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Газ өндіру көлемі шамамен 53 млрд м3 немесе жоспардың 110%-ын құрады. 2017 жылдың қорытындысы бойынша газдандыру деңгейі - 47,38%. Ағымдағы жылы 16 жоба іске асырылады, газдандыру деңгейі 48%-дан астамын құрайды. 2017 жылы 102,3 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілді. Бұдан өзге 106,7 млн тонна көмір өндірілді.
«2017 жыл отын-энергетика секторының салалары үшін көрсеткіштер бойынша рекордтық болды десек қателеспейміз. Және министрлік үшін 2018 жылдың міндеттері өсімнің белгіленген қарқынын ұстап тұру және салаларды одан әрі дамытуға ынталандыру болып табылады», — деп баса айтты Бозымбаев.