Нұрлан ӨНЕРБАЙ: Аударма қажетсінгендер ақшасын төлесін

нурлан онербаев-1 Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамед­жановтың басшылы­ғымен Палатаның жалпы отырысында сөз сұраған депутат Нұрлан Өнербай Мемлекет хатшысы Қанат Саудабаевқа депутаттық сауал жолдады. «Тәуелсіздік Туын тіккені­мізге биыл 20 жыл толады. Егемендік алғалы бері елдіктің символдары Елбасы (Президент), Елтаңба, Ел ұраны, Ел туы (мемлекеттік ту) қай дәрежеде дәріптеліп, құрметтеліп жүр. Ел символдарының қатарына жататын мемлекеттік тіл және оның қолданылу аясы қандай?», «Бұл жерде маңызды проблема, қоғамның санасында қазақ тілі мемлекеттік тіл сынды биік мәртебеге ие болса да, тек осы тілде сөйлейік, осы тілді қолданамыз деген берік түсінік әлі қалыптаспауда. Мемлекеттік тіл болғаннан кейін, оны дамыту, орнықтыру мен нығайту - әлбетте, мемлекеттің міндеті. Алайда қоғам да шетте қалмау керек. Дей тұрғанмен, мемлекет осы мәселені лайықты атқаруға тиіс болғанымен, оны өз деңгейіне жеткізе алмай отыр. Соның кесірінен қазақ тілі жетімдік көруде». «Ең бірінші кемшілігіміз – өзге тілді білу» деп тапқан депутат өзінің тіл жайлы толғамдарын ашық та, ашына да жеткізді. Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиеті жайлы орамды ойларын қоғамдағы алға қояр негізгі мәселе екендігін алға тартты. Себебі Нұрлан Өнербай бір кездері ұлттық байрағымыздың іш киім бетіндегі суреттерге айналғанын айтқан, соған қарсы игі істер жүргізген бірден-бір депутат. Мүбәда осыдан бір ай бұрын қызу талқыға түскен «киіз үй» оқиғасы мен дүбәралардың айтып жүрген «Пятницабаев» сандырағы ағамызға біраз ой салған болуы керек, мәжіліс залында өзге ұлт өкілдері отырғандығына қарамай, шынның жүзін қайрады. Әрмен қарай, өз сұрағына тиек еткен бір мәселесі – депутат мырзалардың қазақ тілінде ауызша сөйлеу деңгейінің төмендігін, баяндамасын ежіктей оқып тұруын өзіне ар санайтынын жеткізді. « – Еліміздегі министрліктер мен Үкімет басшылығында қызмет атқаратындардың 80-90 пайызы қазақ ұлтының өкілі екені белгілі. Солардың мемлекеттік тілді дамытамыз деп әбігерге түсіп жүргендеріне аяушылықпен қарауға тура келеді. Оларда жүріп жататын сансыз жиындардың күні бүгінге дейін, тым құрыса, біреуі бастан-аяқ мемлекеттік тілде өтпейді. Бүкіл ел, бүкіл төменгі басшылық соларға қарап, солардан тәлім алмай ма?» «Балық басынан шіриді». Ескі мәтелді қайта жаңғыртқан Нұрлан Өнербай мырза мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып жүрген адамдарға басқандай көзқарас емес, аяушылықпен қарағанды жөн санап, әрбір жиынның бір де біреуі толыққанды қазақ тілінде өтіп көрмегендігін дөп басып айтады. Осы мәселелерді көтере отырып, қазақ тілі проблемасын шешу жолында негізгі деген екі бірдей ұсынысты Н.Өнербай Қанат Бекмырзаұлына төмен­дегідей жеткізді: 1. Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының соңғы өткен сессиясында сөйлеген сөзінде «тілге шын жанашыр болса, қалтасынан ақша шығарсын да арнайы жобаларға салсын» деген еді. Ендеше, кез келген мемлекеттік қызметкер, ресми жиындарда қазақша таза сөйлей алмаса, ілеспе аударманы қамтамасыз етіп, шығындарын өз қалтасынан төлейтін болсын. 2. Қазақстан Республи­ка­сының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, мемлекеттік қызметшілер мен әкімшілік мемлекеттік лауазымдарды атқаруға үміткерлерді сынақтан өткізуде белгіленген тәртіппен мемлекеттік тілді жетік меңгеру аясында қазақ тілі бойынша емтихан алуы қажет. Ел Президенттігінен үміткер болған кезде, Елбасы да емтихан тапсырды емес пе? Неге басқалары да осылай тапсырмасқа. Яғни тиісті заңдарға өзгертулер енгізілуі қажет. Ілеспе аударманы технологиясы аз қаржыға келетін дүние емес, десе де тіл үшін осындай да құрбандық шалуға тура келеді. Және де, ол қаржыны тек орысша баяндама жасайтын депутаттарымыз ғана өтеуі тиіс. Міне! Қазақ тілінің қадір-қасиетін терең ұғыну. Расында да, қазақ тілін білу негізгі борышымыздың бірі ғана болып қалмай, сонымен қатар тиімді тұстары да көрінді. Мемлекеттік қызмет істері мен әкімшілік басқару лауазымдарына ие болғысы келетін үміткерлердің барлығы да ендігіде қазақ тілі бойынша емтихан тапсыруы керек. Табылған ақыл. Себебі бұл емтиханды басқа-басқа емес, президент те тапсырды ғой. Қайткенде де Нұрлан Өнербай мырзаның ісі ұлтшылдық емес, одан да сол ұлт намысының қайралуы деп бағамдасақ болар. «Ауыл итінің құйрығы қайқы» деп, дүбәралыққа салынып жүрген көкелеріміз “Нұрлан Өнербай «өнерін көрсетті»” демесін... Ардақ ҚҰЛТАЙ