ЕҢБЕКТІҢ НАНЫ ТӘТТІ
2017 ж. 13 қараша
2865
0
Әйелдердің үйдегі және түздегі тірлікті қатар алып жүретіні рас. Көбіне мұны ер адамдардың байқай бермеуі мүмкін. Мәселен, ерлер сырттағы шаруаны ретке келтіріп келген соң қалған уақытын дем алып, тынығуға арнайды. Ал, әйелдер ше? Олар жұмыстан келгеннен кейін де үй шаруасы және бала тәрбиесімен айналысып кетеді. Сондықтан, қазіргі қыз-келіншектердің қоғам және отбасы алдында атқаратын рөлі тым жоғары. Ел экономикасының алға жылжып, өсіп-өркендеуіне де нәзік жандылардың қосып отырған үлесі қомақты. Бұл – бүгінгі әйел болмысы.
Бүгінгі әңгіменің кейіпкері табыс тауып, асып-тасып өмір сүрудің қамын күйттеп жүрген жан емес. Әрине, пайда да керек. «Менің жеңісім елімнің жетістігі. Себебі, біздің атқарып отырған кәсібіміздің, отандық өндірістің алға жылжуына аз да болса үлес қосатынына сенемін», – дейді бақанастық кәсіпкер келіншек. Сондай-ақ, ол: «еңбектің наны тәтті» дейді бізбен әңгімесінің бірінде.
Қалай десек те кез келген адамды шыңдайтын – өмір. Ұмтылдыратын – арман. Әрине, бақытқа жету жолы бір күндік емес. Ол да шынайы еңбекті қажет етеді. Тізіп айта берсе, қыз-келіншектер атқармайтын шаруа жоқ. Олар кәсіпорын басшысы, шенеунік, мекеме директоры. Тіпті, соңғы кездері шағын және орта кәсіппен айналысатын әйелдердің де саны артып келеді. Олар қанат жайған бұл үрдісті жандандыруға атсалысып, белсенділік танытып жүр.
Әйел қауымының бизнеске араласуы іскерлікті айғақтаумен қатар сенімді нығайтатындығымен де ерекшеленеді. Сонысымен ескірген әлеуметтік көзқарасты өзгертіп, жаңа түсінікті қалыптастырады. Осындай ер мінезді кәсіпкер әйелдердің батыл қадамына, игi iстерiне қарап, іштей қызығасың. Онымен етене араласпасаң да тындырымды тiрлiгiне қуанып, сүйсінесің. Кейде атына сырттай қанық адамдар болады. Онымен жақын таныса отырып ой бөліскің, сырласқың келеді. Ақыл-кеңесін тыңдап, тәжірибе алмасқанды қалайсың. Мұндай жүгі ауыр, жауапкершілігі мол істі жүргізуге қабілетті өжет қыздар елдің кез келген түкпірінде кездеседі. Солардың бірі деп Ботагөз Советқалиды айтуға болады. Ол жас та болса ұжымды біте қайнастырып, кәсібін дөңгелентіп отыр. Ботагөздің айтуынша, олардың шаруасы «Шалқыбекова» жеке кәсіпкерлігі деп аталады. Олардың бизнеспен айналысқандарына жиырма жылдай уақыт болыпты. Содан бері іргесі қатайып, іс ауқымы кеңейе түскен. Бүгінде кәсіпкер келіншек барлығы жиырмадан аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Бастапқы жылдары дүкен, содан соң дәмхана ашып, бірте-бірте кәсіптері жанданып, «Мерей» атты тігін цехын ұйымдастырған. Қазір оның жұмысы тігіншілердің жоқтығына, яғни, маман тапшылығына байланысты уақытша тоқтатылыпты. Ал дәмханада сырттан келген қонақтарға тағамның небір түрі әзірленіп, ұсынылады. Нан күнделікті тұтынатын азық-түліктің бірі. Ал оны пісіру тағам әзірлеу ісіндегі көшбасшы сала болып саналады. Сондықтан ол әрдайым жоғары сұранысқа ие. Осыны ескерген кәсіпкер былтырдан бастап нан пісіруді де қолға алған. Оны өз қаражаттары есебінен жүзеге асырыпты. Қазіргі кезде онда нанның небір түрі дайындалады. Біз оған арнайы барғанда көз жеткіздік. «Мерей» наубайханасының ішіне кірген мезетте-ақ қайнаған тіршілік әлеміне тап боласың. Буы бұрқырап, сап-сары болып жаңа піскен нан иісі бірден тәбетті ашады. Мұндағы қыз-келіншектердің бірі қамыр илеп, нан пісірумен айналысып жатса, енді бірі пештен жаңа шыққан нанды арнайы ыдысқа салып, майлап, әрлеумен шұғылдануда. Әркім өз ісінің шебері екендігін бірден аңғартады. Нан пісірудің қыр-сырын жетік меңгерген тәжірибелі қыз-келіншектердің жүзі жарқын, көңілдері көтеріңкі. Бұл мекемеде еңбеккерлер үшін барлық жағдай қарастырылған. Мәселен, арнайы жуынатын жер, асхана, демалыс бөлмесі бар. Мұндағы еңбеккерлер санға емес, сапаға мән беретіндіктерін айтады. Шағын наубайханада қазір жеті адам еңбек етеді. Нан пісірушілер екі ауысымда қызмет көрсетеді. Дайын өнімнің тұтынушылары да сол ауылдан табылады. Өндіріс орны нан пісіруге лайық барлық қажетті құрал-жабдықпен жабдықталыпты. Бастапқыға қарағанда табыс көзі де молайған. Кәсіпкердің жұмысына көбіне әкесі Асқар Құлатаев пен анасы Гүлнәр Шалқыбекова және бауыры Бауыржан Құлатаев көмектеседі екен. Табиғатынан жаңашыл іскер жанның кәсіпкерлікте ғана емес, сондай-ақ басқа шаруаға да ерекше мығым, тыңғылықты екені бірден аңғарылды. Әңгімелесу кезінде оның талаптылығы мен ізденгіштігі іштей сүйсіндірді. Тіпті, кісі алдында өзін-өзі ұстауы мен сөйлеген сөзі, сабырлылығы да ерекше қызықтырды. Дәл осы сәтте «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген тәмсілдің мағынасын терең түсінгендей болдым. Нарық пен бәсекеге икемi бар жанды заманның өзi бейiмдей беретіні анық. Сөйтiп, кәсіпкерлікпен шұғылдануға бiржолата бет бұрған іскер жан уақыт өте келе шыңдалды, тәжірибе жинақтап, саланы жетік меңгерді. Сөзiмен де, iсiмен де өзiнiң қолынан іс келетiнiне көз жеткізді. Бұл оның бойындағы іскерлік қабілет пен өзіне деген сенімнің нық екендігін аңғартты. «Қыздың қандай болмағы анасынан» демекші, осы күндерге жетуіне көбіне ана тәрбиесі де ықпал етіпті. Кәсіпкердің алдағы күнге жоспары да көп. Іс ауқымын кеңейтіп, осы бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыруды мақсат етіп отыр. Бүгінгі таңда ол iскер басшы ғана емес, шаңырақты шаттыққа бөлеген сүйікті жар, ана. Сондықтан қайда жүрсе де алдымен отбасының амандығын тілейді. Осы кездесуден соң көпке дейін «Әйел бақыты осы-ау» деген ой көкейде тұрды.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА,
"Жетісу" газеті