Алматы Саудагерлер қаласы ма?

сауда Бүгінгі таңда еліміздегі жабайы сауда мәселесі әбден жауыр болып бітті. Бірнеше жылдан бері биліктің күнтәртібінен түспей, бұқаралық ақпарат құралдарында талай мәрте жазылып та, айтылып та жүр. Бірақ ешқандай оңтайлы нәтижені көре алмай отырмыз. Қалай десек те, жылда қайталанатын осы дау әлі шешімін таппай келеді. Айталық, күнделікті көзімізбен көріп жүрген Алматы қаласындағы, Солтүстік айналма жол маңайындағы «Жетісу», «Алатау», «Жаркент», «Сәлем», «Болашақ» және тағы басқа сауда орындары жоспарсыз салынғаны анық дәлелденген. Аталмыш сауда орындары қаз қатырынан орналасқан, шаһардағы ең үлкен «барахолка» базарының маңы. Мұндағы жаяу жүргінші жүретін жолдардың барлығын саудагерлер бірінен соң бірі тізіліп отырғандықтан көлік қоятын автотұрақ атымен жоқ. Соның салдарынан көліктер кептелісіп, қарапайым халықтың әбден ығыры шығып, шаршаған. Базардың ана басы мен мына басына он минутта зырғып өтетін көлік, сағаттап тұрып әрең өтеді. «Барахолка» десе ат тонын ала қашатын халық, амалсыздан күнделікті керек жарағын алу үшін азаптанып, бір күнін арнайды.

Қала ішінде мұндай орындар өте көп. Айталық, Төле би көшесінің бойындағы «Керемет» сауда орта­лығының алдынан жүріп өту мүмкін емес. Әр жерді өздерінше иеленіп, сауда саттығын жасап жатқан саудагерлер заңды, заңсыз екендерімен шаруалары жоқ. Тек күнделікті саудаларын жасаса болғаны. Тіпті, Алматы қаласы еліміздегі ең үлкен сауда орнына айналғандай. Өйткені, еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, арзан сауда орталықтарынан көтерме бағада тауарларын алып, үстеме бағамен сауда жасауды кәсіптеніп алған. Сондықтанда да, «қара базарлардың» саны күн санап артпаса, азаяр емес. Осы мәлелердің анық-қанығын білу үшін және нақты қандай жұмыстар жүргізіп жатқанын анықтау мақсатында МСЭҚК Алматы қаласы бойынша департаментінің тағам өнеркәсіптерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Әнел Берікбайқызымен хабарласып мән жайды білген едік. Олардың айтуынша Алматы қаласында 2006 жылдан бері аптасына бір рет рейдке шығып, заңсыз орындармен жұмыс жүргізеді екен. Осы жетінің өзінде 47 заңсыз жұмыс істейтін орынды анықтаған. 2003-2004 жылдары 2000-нан астам заңсыз орындар болса, қазіргі таңда 47 орын ғана қалғандықтарын айтып бағуда. Мәселен, осы аптаның өзінде Әуезов ауданында он, Бостандық ауданында төртеу, Алатау ауданында алтау, Медеу ауданында алтау, Түркісіб ауданында екеу, Алмалы ауданында төрт, заңсыз орын тіркелген. Сол рейд кезінде заңсыз жұмыс істейтін орындармен тіркеу жасалып, ақпарат беріледі екен. Содан кейін, нақты ақпарат бойынша жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Жабайы орындардың күн санап, санын көбейтіп отырғандар азық-түлік және көкөніс орындары көрінеді. Халықтан сұраныс болмаса ол орындар болмас еді, сұраныс болғаннан кейін аталмыш орындар бар дейді. Себебі, көпшілігі арзан болғаннан кейін сол жерге барып алады, заттың сапасына мүлдем мән бермейді. Осындай жағдайларды ескере отырып, ондай жерлерден ешнәрсе сатып алмау керек. Себебі, бүгінгі таңда түрлі аурулар шығып жатыр. Жалпы алып қарағанда, кез-келген сауда орнында белгілі бір талаптарды орындауға тиіс. Айталық, бірінші, санитарлық кітапша (бір жылға беріледі) – рәсімдеу 1900 теңге тұрады, екінші, тауар­дың залалсыздығы туралы анықтама, үшінші, күніне 300 теңгеге жуық жалға алу құнын төлеу (оның ішіне аумақты тазалау, қоқыс шығару сияқты қызметтер құны кіреді). Көпшілігі осы талаптарды орындағысы келмегендіктен, жайма базардың жайымен жүреді. Әрине, мұндай орында тазалықтың жоқ екені айтпаса да анық. Бұл жерде, олар тұтынушылардың денсаулығын ойламай, тек қалтаға түсер тиын-тебенді ғана ой­лай­тын сатушылардың да, тазалық сақтау қыз­мет­кер­лерінің де жауапсыздығының салдарынан екені бесенеден белгілі. Бір айта кетерлігі, бұл жерде тұ­тынушылардың немқұрайлы қарайтыны тағы бар. Себебі, күннің астында қақталып, жарамдылық мер­зімі біткен жабайы сауда орындарынан керектісін алып, өз денсаулықтарына екі есе зиян келтіріп отыр. Тұ­тынушы беті ашық-шашық, бұрқыраған шаңның астында, үстіне таза киімін де кимеген сатушыдан керекті тағамын сатып ала береді. Сондықтан да, жабайы сауда күн санап қанаттанып, жайқалып барады. Осы орайда, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары сатушыларға ешқандай әкімшілік шара қолдана алмайды екен. Өйткені, ҚР «Ретсіз сауда орны туралы» Заңы әкімшілік кодексінің 165-бабы бойынша бұл орындардағы сауда тәртібін ішкі істер органдары қадағалайды делінген. Олар сау­­дагерлерден жеке куәліктерін, салық қызметі органдарына тіркелген құжаттарын көрсетуді талап еткенмен, олар көбінесе көрсетуден бас тартады. Бірақ бұлар ешнәрсеге қарамай күнделіктісі күнде ашылып жатыр. Олардың талапқа сай болмауының басты себебі тұрған орындарында тазалық, тәртіп орнату қосымша қаражатты талап етеді. Ал қосымша қаражаты жоқ саудагерлер немесе артық шығын шығарғысы келмейтіндер санитарлық тазалықты сақтамайды. Сондықтан денсаулығына мұқият қарайтын қала тұрғындары мұндай орындардан ештеңе сатып алмағаны жөн. Әсіресе, жаз айларында көшелер мен базар маңында түрлі бояулар қосылған газдалған сусын, балмұздақ, самса сататын сауда орындары жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай көбейеді. Олар заңсыз ашылып отырғандықтан, қызметтері де талапқа сай келмейтіні анық. Тіпті, базарлардың айналасында төрт дөңгелектің үстіне тандыр орналастырып, ыстық нанын немесе самсамын сатып тұрғандарды әр қадам сайын көреміз. Ешқандай тазалықтың нышаны да байқалмайтын және қоғамдық орында түтінін бұрқыратып ауаны ластап отырғаны барып тұрған сорақылық емес пе? Әсіресе салқын су сатып отырғандарды көріп жағаңды ұстай­сың. Олай дейтінім, әлгі ыдыстарына сырты кір-кір бөшкемен су әкеліп құйып, бояуды қосып араластырып жі­береді екен. Сонымен дап-дайын шырын су, әр стаканы 40-50 теңге. Қызыл-сары түске боялып көз­дің жауын алып тұрған сусындардың қасынан өткен кез-келген адам ішпеуі мүмкін емес. Олардың қалай дайындап жатқанымен ешкімнің шаруасы да жоқ. Ал,тиісті орындар үнемі қадағалап отырамыз деген үй­реншікті сөздерінен танар емес. Егер де қадағалау бо­лып жатса, ол орындар әлдеқашан жабылатыны сөзсіз. Дегенмен, мұндай мәселеге екі жақсы көзқарас­пен қараған дұрыс секілді. Өйткені, күнделікті 5-10 теңге тапқанына шүкіршілік етіп, 2-3 келі алмасын арқалаған әйелдер аз емес. Бір түсінбейтінім, тиісті орындардың қызметкерлері әлі жететіндерге яғни қолына 2-3 нанын арқалап, сауда жасап жүрген сатушыларға тиісетіні қиын-ақ. Өйткені, аталмыш қызметкерлердің көпшілігі үлкен дөкейлердің жасап жатқан заңсыз орындарына барып, өз сөздерін жүзеге асыра алмайды. Сондықтан да, әлімжеттік жасап күші жететіндерге тиіседі. Айталық, бірде «барахолка» базарынан өтіп бара жатып, бір оқиғаға куә болдым. Бір әйел қолында баласы, алдында итерген кішкентай ғана қоларбасында көп болса 7-8 келі бүлдіргені бар, сауда жасап жүр екен. Айналасында қаншама адамдар отыр, жаймаларын жайып, әңгімелерін айтып, саудасын еш кедергісіз жасап жатыр. Ал, әлгі әйелге 2-3 тәртіп сақтау қызметкерлері келіп, тиісіп жатыр. Яғни бұл жерде сауда жасауға болмайды, заңсыз дегендей. Сонда үлкен орындарды иемденіп отырғандардың барлығы заңды да, әлгі әйелдікі заңсыз бола қалыпты. Өз-өздерін күлкілі етіп көрсеткен тәртіп сақтау қызметкерлерінің мұндай әрекеттерін қалай түсінуге болады? Сонда бауырындағы баласын шырылдатып әйелді жылатып, қолындағы бүлдіргеннен бір-екі келісін алып кету немесе басшылыққа есеп бергенде қағаз жүзінде аты-жөнін қосу керек болғаны ғой. Құзырлы орындардың құлағына алтын сырға: «Жемқорлық – індет, оны жеңу – міндет!». Сондықтан да тамыры тереңге кетпей тұрып, бұл індеттен құтылудың амалын қарастырған жөн. Әсел Рзаева