АСТЫҚ ЭКСПОРТЫНЫҢ ӨРІСІ КЕҢЕЙЕДІ
2017 ж. 28 қыркүйек
3881
0
Биыл Қазақстан кемінде 9 млн. тонна астық экспорттайды. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатынан кейін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.
«Қазіргі уақытта егістік алқабының шамамен 95-96 пайызы бастырылды. Жиналған астықтың көлемі 20 млн. тоннаны құрайды. Біз ағымдағы жылы кемінде 9 млн. тонна астықты экспортқа шығарамыз деп болжап отырмыз», – деді ол. Вице-министрдің айтуынша, қазақ астығын шығаратын жаңа нарықтар ашылып, фитосанитарлық-карантиндік талаптарды келісу рәсімдері жүргізілуде. Біздің сапалы астық Қытай тарапынан үлкен сұранысқа ие екені белгілі. Сонымен қатар ол ағымдағы жылдың күз айында Вьетнамға Қазақстан астығының алғашқы сынама партиясы жеткізілгендігін, ЕАЭО аясында Сингапурмен және Үндістанмен еркін сауда аймағын құру бойынша келіссөздердің жүргізіліп жатқандығын айрықша атап өтті.
qazaquni.kz