МАҚТАРАЛДЫҚ ШАРУАЛАР 2766 ТОННА ЖЕМІС ПЕН ЖҮЗІМ ЖИНАДЫ

Мақтарал ауданында қазіргі таңда жеміс-жидек пісіп жетіліп, диқандар өнім жинау кезеңін бастап кетті. Олар жалпы көлемі 1005 гектар жерге егілген жеміс-жидек пен жүзімнен бүгіннің өзінде 2766 тонна өнім жинады. Диқандар отандық нарықты қамтамасыз етумен қатар жеміс-жидектерді шетелдерге экспорттауда.

Осындай ірі жеміс-жидек өндірушілердің бірі «Арсенал сад» өндірістік кооперативі. Жер аумағы 350 гектарды құрайтын бақта жемістердің барлық түрі өсіріледі. Мәселен, бақтың 110 гектарына жүзім, 100 гектарына алма, 22 гектарына шабдалы, 25 гектарына қара өрік, 10 гектарына шие егілген.

Күні кеше 60 тонна жүзімді Ресейге жіберген кооператив қазіргі уақытта шабдалы жинау науқанын бастап жіберген. Шабдалы өнімінің басым бөлігі Ресей Федерациясына жіберілетін болса, қалғаны ішкі нарықта саудаланатын болады.

Жүзімнің өнімділігі гектарына 22 тонна екенін айтқан шаруа бұрын жүзімнің блэкмейджик, виктория сорттары туралы қазақстандық кәсіпкерлер білмейтін, сатып алуға сескенетін еді,- дейді. Ал, биыл дәл осы сорттарға деген қызығушылық артыпты. Өйткені бағасы қолжетімді, дәмі тіл үйіреді. Еуропадан келетін өнімдерге қарағанда әлдеқайда арзан екен.

Мұнда тұрақты 150 адам жұмыспен қамтылса, науқан кезінде 500-ге тарта жұмысшылар жұмысқа тартылады. Өнімдерді жинап, сараптап, сорттап, экспорттық жәшіктерге жайғастырғанға дейінгі жұмысты түгелдей терімшілер атқарады. Әрбір өнім ұзақ жолда жарамсызданбауы үшін олардың жәшіктерде дұрыс орналасуы ерекше маңызға ие.

«Арсенал сад» өндірістік кооперативінің бау-бақшасында жас көшеттер дайындалатын арнайы тәлімбақта бар. Мұнда алманың, алмұрттың, алшаның, қара өріктің бірнеше сорттары мен декаративті ағаштардың көшеттері өсірілуде. Көшеттерге сұраныс өте жоғары. Енді қазақстандық диқандар көшет алып келу үшін шетел аспайтын болады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі