Доллар 450 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін бе?
2017 ж. 30 шілде
3860
2
Halyk Finance сарапшылары "доллар бағамы 420-450 теңгеге дейін қымбаттауы мүмікн" деп айтқандардың мәлімдемесін жауапсыздық деді. Соңғы уақытта теңгенің бірден құлдырап кетуі мүмкін екені жөнінде қауесеттер жиі тарала бастады.
Себебі Алматыда өткен конференциялардың бірінде ресейлік компаниялардың өкілі, форекс-дилер "Expo 2017 Astana International іс-шарасы аяқталғаннан кейін Қазақстаннның ұлттық валютасы құнсызданады. Жыл соңына дейін курс 420-450 теңге шамасында болуы мүмкін. Қазіргі кездегі теңгенің тұрақты болып тұрғаны саяси-экономикалық факторға байланысты" деген пікір айтқан. Ал Halyk Finance инвестициялық банкінің басқарма мүшесі Мұрат Темірхановтың айтуынша, қоғамда таралған мұндай мәлімдеме жауапсыздықтың белгісі, тіпті, теңгені "жасанды" түрде құлдыратуға ниеттілер болуы мүмкін.
"Қазіргі кезде ұлттық валюта еркін айналымға жіберілген және курс тұрақты. Ұлттық банк пен үкімет тарапынан АҚШ долларына қатысты болып жатқан фиксация белгілері жоқ. Қазір мемлекет теңге еркін айналымға жіберілгеннен кейін курсты ұстап тұру үшін ешқандай қаржы жұмсамайды. Теңге курсының өзгеруіне әсер ететін тек екі ғана фактор бар - ол мұнай бағасы мен долларға қатысты рубль бағамы", - дейді ол.
Halyk Finance сарапшысының сөзінше, мұнай бағасы 40 долларға дейін құлдыраса және ол ұзақ уақытқа созылатын болса доллар бағамы 340-360 теңге көлемінде болады. Сондай-ақ ол "қазіргі уақытта теңгенің рубльге қатысты бағамы нарыққа сай және ол бір жыл көлемінде сақталады" деп есептейді.
Айта кетейік, 2015 жылдың 20 тамызында ұлттық валюта еркін айналымға жіберілген. Осыдан кейін доллар бағамы қараша айына таман 280 теңгеге дейін көтерілді. Ал Ұлттық банк төрағасы қызметіне Данияр Ақышев келген соң доллардың курсы 380 теңгеге дейін көтерілді. Ал 2017 жылдың қысынан бастап АҚШ валютасы біраз арзандады.