Қазақстан экономикалық бәсекелестік рейтингінде Ресейден озды
2017 ж. 01 маусым
2656
3
Қазақстан экономикасы бәсекеге қабілетті елдер рейтингінде 47 орыннан 32 орынға көтерілді. Мұндай рейтингті швейцариялық IMD бизнес мектебі жасап отыр, - деп хабарлайды qazaqtimes.com.
Осылайша Қазақстан 46 орынға тұрақтаған көрші Ресей елінен 14 сатыға жоғары тұр. Ал Украина елі 60 орынға түскен. РБК агенттігінің мәліметінше, рейтингті жасаған авторлар елдердің экономикасы бәсекеге қабілетті екенін 4 сатыға бөліп, 20 параметр бойынша анықтаған. Олар мыналар: экономика көрсеткіші, үкіметтің басқару тиімділігі, инфрақұрылым мен бизнестің тиімділігі.
Сондай-ақ, параметрлердің өзі Жалпы ішкі өнім, бензин бағасы, салық деңгейі, капитал құны, мемлекет саясатының айқындығы, мемлекеттік саясат, шетелдік идеяларға қатысы ұлттық көзқарастар сынды бірнеше деңгейлерге бөлінген.
Қазақстан рейтинг бойынша өз позициясын әлдеқайда жылдам жақсартқан. Бір жыл ішінде "мемлекеттік қаржы" параметрінде бірден 51 орынан 4 орынға, "ішкі экономика" көрсеткішінде 51 орыннан 40 орынға жоғарылаған. Бұған қоса республика "бизнес тиімділігі" категориясында да өзінің позициясын жақсартқан.
Рейтингте бірінші орынды екі жыл қатарынан Гонконг иеленді. Екінші және үшінші орында - Швейцария мен Сингапур. АҚШ үшінші орыннан төртінші орынға түскен. Алғашқы бестікті 8 орыннан 5 орынға көтерілген Нидерланды аяқтап тұр.