Сотта Әбілязовтің мұнай-газ жабдығына қатысты қулық-сұмдығы әшкере болды
2017 ж. 03 мамыр
2049
3
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қашқын банкир Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық істі қарау одан әрі жалғасуда. Соттың бүгінгі отырысында Мұхтар Әбілязовтің мұнай-газ жабдығына қатысты астыртын әрекеттері әшкереленген оқиға қаралды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мұхтар Әбілязов жетекшілік еткен ұйымдасқан қылмыстық топ мұнайгаз жабдығын сатып алуға қатысты қулық-сұмдығының нәтижесінде БТА банктің 8,6 миллиардқа жуық ақшасын ұрлаған.
Мемлекеттік айыптаушының айтуына қарағанда, БТА банктің басшылығы мұнай-газ жабдығын сатып алуды желеу қылып, «Проперти Аквизишн компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне заңсыз жолмен миллиардтаған теңгені несиеге берген. Алайда, кейінірек мәлім болғанындай, «Проперти Аквизишн компаниясы» ЖШС БТА банктің ақшасын жымқыру үшін құрылған Мұхтар Әбілязовтің «бір күндік» компаниясы екені анықталды.
Бұған қоса, жалған қарыз алушының барлық құжаттары Әбілязовтің өзі тікелей бақылауда ұстаған, осындай астыртын әрекеттерді жүзеге асыру үшін құрылған №6 корпоративтік бизнес басқармасында дайындалып, сақталған. Әдеттегідей, жалған компанияға несие беретін кезде ешқандай сараптама жүргізілмейді және кепілге мүлік қойылмайды.
«Проперти Аквизишн компаниясы» ЖШС-нің несиелік құжаттамасында компанияның қаржылық ахуалы, несие комитетінің сараптамасы, кепілге қойылатын мүлікті қабылдау туралы акті сияқты құжаттары жоқ,- деді сотта прокурор Еркін Баймағамбетов. Яғни, несие беретін кезде банктің барлық бекітілген нормалары бұзылған. Оған қоса, сараптамалық экономикалық түйіндеме және несиелік тәуекелдерді басқаруға қатысты талдау жасалмаған.
Қылмыстық істің материалдарынан белгілі болғанындай, экономикалық қауіпсіздік басқармасының және заң басқармасының сараптамасы Басты несиелік келісімге қол қойылғаннан кейін шығарылған.
«Несиеге берілетін қаражат дайын болғаннан кейін: несиені қаржыландыруға өтініш пен компания директорының атынан банкке арызхат дайындалады. Арызхатта 8,6 миллиардқа жуық теңгеге қаржыландыру желісін ашуға өтініш білдірілген. Сонымен қатар, Бас несиелік келісімге қосымша келісім жасалып, онда жабдықтарды кепілге қою туралы шарт қоса тіркеледі», - деп әңгімеледі сот отырысында прокурор.
Басқаша айтқанда, БТА банктің қызметкерлері несиені іс біткеннен кейін алу үшін барлық қажетті құжаттарды дер кезінде дайындап қойыпты. Осылайша өз қолдарымен жасалған қылмыстың ізін жасыруға ұмтылған.
Түптеп келгенде, БТА банктің басшылығы мұнай-газ жабдығын сатып алу үшін қаражаттың банкке қайтып келмейтінін біле тұра, 2008 жылы 30 қазанда 8,6 миллиард теңгеге қайтарымсыз және қамтамасыз етілмеген сенімдемені (ақша сақтаушыларға сақтық кассасынан берілетін ақша құжаты) іске қосады. Алайда, тергеу барысында мәлім болғандай, аталған жабдық сатып алынбаған. Ал оны сатып алуға бөлінген қаражат Мұхтар Әбілязовтің латвиялық банктегі шотына түседі. Кейінірек, ол ұрлаған қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып, өзінің жеке басының қажеттіліктеріне жұмсайды. Бүгінгі күнге дейін берілген несие банкке қайтарылмаған.