ӘЛЕУМЕТТІ ОЙЛАҒАН ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ өз жемісін беруде

Әлемде азық-түлік бағасының күн санап қымбаттауына байланысты алаң басым. Ақпан айында тамақ түрлерінің бағасы жаңадан тарихи шырқау шегіне жеткен. Шамасы, мұнай бағасының өсуі азық-түліктің бұдан әрі қымбаттауына себепкер болмақ. Сарапшы мамандар алдағы уақытта әлемдегі жартықұрсақ адамдардың саны 1 миллиардтан асуы мүмкін деген болжам айтуда. БҰҰ-ның мәліметіне жүгінсек, дүние жүзінде былтыр тойып тамақ ішпейтіндердің саны 925 миллион болған екен.

азык2

Қазақстан Үкіметі ауылшаруа­шылығын дамытуға қаржы бөлумен қатар, азық-түлік бағасының тым шарықтап кетпеуін қадағалап отыр. Инфляцияны ауыздықтауға күш салынуда. Тіпті 18 сәуірге дейін елден қарақұмық пен өсімдік майын сыртқа тасымалдауға заң жүзінде тыйым салынды. Үкіметтің отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімов ауыл­шаруашылығы өнімін өнді­рушілерге мемлекет есебінен субсидия бөлу ісі мен азық-түлік бағасын шектеуді байланыстыруды ұсынды. «Дизотынның арзандатылуы мен субсидия бөлу ісі азық-түлік бағасымен тікелей байланысты болуы тиіс. Түптің түбінде, біз осының нәтижесін көруіміз керек. Азық-түлікті сатуға шығарғанда бәрі «бұл – нарықтың ісі, араласпаңдар» дейді, ал субсидия бөлгенде – бәрі сұрайды. Бірақ Қазақстанның жағдайында бұл екі мәселе бір-біріне тікелей тәуелді болуы керек» деді Үкімет басшысы. Шындығында, Қазақстан эко­номикасының халыққа қажетті күнделікті тұтынатын тауарлар мен азық-түлік бағасын шектеп отыруға қауқары жетеді. 2010 жылдың қорытындысы мемлекеттік экономикалық саясаттың тиімділігін көрсетті. Экономикалық даму мен сауда министрі Жанар Айтжанова Үкімет жиналысында жасаған баяндамасында «2010 жылы экономиканың тұрақты өсу қарқыны байқалды» деп мәлімдеді. Былтырғы жылы өнеркәсіптің барлық салаларында өсім байқалған. Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары 2010 жылы 11,8 трлн. теңгенің өнімін шығарған. Елдің экономикасы дағдарысқа дейінгі даму сатысына көтеріліп қана қойған жоқ, одан кейінгі тұрақты дамуға негіз болмақ. Өнеркәсіптің дамуына индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған 152 индустриалық жобаның іске қосылуы айтарлықтай сеп. Қазақстан – аграрлы ел. Былтырғы жылдың қорытындысы елде мал басының өсіп келе жатқанын көрсетті. Республикалық статистикалық агенттіктің мәліметіне жүгінсек, жылқы малы еліміздің барлық аймақтарында, қой мен ешкі – 13 облыста, ірі қара малы – 11 облыста қара көбейткен. Алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда, елдегі ет өндірісі 2010 жылы 3,1 пайызға, сүт өндірісі 1,5 пайызға арта түскен. Ал биылғы егіс алқаптарының аумағы 21,3 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 16,5 гектарға дәнді дақылдар мен бұршақтар, ал 1,7 гектарға май шығаратын өсімдік түрлері егілмек. Ауылшаруашылық министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, мал шаруашылығының өсуіне байланысты жем-шөп дайындау жұмыстары да көбейген. Министр қазіргі таңда егіске қажетті ауылшаруашылық техникасының 88 пайызы дайын деп мәлімдеді. Әлемде мұнай бағасының өсуі Қазақстан экономикасына оң ықпалын тигізеді. Қаржы министрі Болат Жәмішев интернет-конференцияда әлемдік қаржы дағдарысының тағы бір толқыны болады деген болжамға орай өз пікірін айтып өтті: «Мұнайға деген жоғары баға құлдырауға алып келмесе, өйткені кез келген көбіктің көпіршуі – әлемдік экономика үшін үлкен қатер. Сондықтан да бағаның қазіргі аралықта сақталуы, меніңше, біздің экономика үшін өте тиімді. Өйткені біздің экономикада ең көп өндіріс мұнай саласында». Қазақстан соңғы 20 жыл ішінде мұнайдың жылдық өндірісін 4 есе арттырды. Ал әлем бойынша бұл көрсеткіш 1,5 есе ғана. Өткен онжылдықта Қазақстанның әлемдік мұнай нарығындағы үлесі 10 пайызға өскен. Жалпы алғанда, қаржы министрі мұнай бағасының өсуі Қазақстан экономикасында айтарлықтай қиындық әкелмейді деген пікірде. Өйткені, мұнай сатудан түскен қаражат ең әуелі Ұлттық қорға жинақталады, ал одан мемлекеттік бюджетке түсетін кіріс мұнай бағасының қандай болатындығына қарамастан, 8 миллиард доллар көлемінде белгіленген. Екінші жағынан, Б.Жәмішевтің айтуынша, мұнай бағасының өсуі Қазақстанның алтын-валюта қорының ұлғаюына игі ықпалын тигізеді. Қазақстан енді мұнай өнімдерін өңдеу жұмыстарын жолға қоюы керек. Осы орайда, еліміздегі үш мұнай өңдейтін зауытты заманауи техникамен жабдықтау үшін 4 млрд. АҚШ доллары бөлініп отыр. Осылайша, Атырау, Шымкент пен Павлодардағы зауыттардың қуаттығын артырып, өнім сапасын жақсарту көзделген. Қазақстан Президенті халыққа биылғы Жолдауында ұлттық компаниялар акцияларын қор рыногына шығаруға тапсырма берген еді. Осыған орай, Үкіметке «халықтық IPO» арнайы бағдарламасын дайындау міндеті жүктелген. Аталмыш бағдарлама әрбір қазақстандыққа ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алуға мүмкіндік береді. Бүгінде осы мәселеге орай мамандар арасында түрлі пікір айтылуда. Қаржы министрі Болат Жәмішев «халықтық IPO» бағдарламасы аясында мемлекеттік холдингтердің акцияларын олардың еншілес компания акцияларымен бірге сатуға шығару керек деп санайды. Қаржы министрінің пікірінше, мұндай әрекет қазақстандық компаниялардың шынайы нарықтық құнын анықтауға септігін тигізеді. Қазақстандықтардың ұлттық компаниялар акцияларын сатып алуға материалдық жағдайы жетеді. Ресми статистикалық деректерге жүгінсек, республикадағы орташа жалақы жыл басында 77464 теңгеге жеткен. Бұрынғысынша, ең жоғары жалақы алатындар – қаржы және сақтандыру саласының қызметкерлері, олардың табысы орташа есеппен алғанда – 158,6 мың теңге. Бұл республикадағы орташа деңгейден екі есе жоғары. Бұдан соң кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер, тау-кен өндірісі қызметкерлерінің табысы жоғары екен. Ал ең төмен жалқы алатындар ауылшаруашылығы, балық және орман шаруашылығында жұмыс істейді. Олардың айлық табысы 33,1 мың теңге шамасында. Бұл шамамен республикалық көрсеткіштен 57 пайызға төмен. Алдағы уақытта қазақстандықтар тапқан табысы туралы декларация толтыруға міндеттеледі. Жаппай декларация тапсыру ісі 2013-2017 жылдар аралығында толықтай жолға қойылуы керек. 2016 жылы қазақстандықтардың басым көпшілігі табыс туралы декларацияны бірінші рет толтырса, 2017 жылы кезекті декларациясын тапсырады деп жоспарланған. Бір қарағанда, артық қағазбастылық болып көрінсе де, бұл жүйе әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдарға мемлекеттік қолдау көрсету ісіне оң әсерін тигізуі мүмкін. Мысалы, қаржы министрі Болат Жәмішев табыс декларациясын тапсыру талабымен қатар салық жеңілдіктері жүйесін енгізу керек деп санайды. «Басқаша айтқанда, 2017 жылдан бастап бізде тұрғын халықтың жалпыға ортақ декларация тапсыруы жүзеге асады. Алғашқы кезде қағаз бетінде тапсыру керек болса да, бірте-бірте электронды декларация толтыру мүмкін болмақ. Яғни, табысы белгілі бір деңгейден аспайтын азаматтар жеке табыс салығынан оқуы мен ем-домға қажетті қаржы шығаруға мүмкіндік алады» дейді қаржы министрі. Болат Жәмішевтің айтуынша, бұл жүйе бір жағынан халықтың табысы жөніндегі декларация тап­сыруға ынталандырса, екінші жағы­нан әлеуметтік көмекке мұқтаж адам­дарға арналған көмектің неғұрлым әділ бөлінуіне де ықпал етпек. Жалпы, Қазақстанның эконо­ми­ка­лық саясаты халықаралық дең­гейде мойындалып келеді. Мысалы, Легатум ғылыми-зерттеу институты жариялаған ұлттық бақуаттылық рейтингісінде Қазақстан 2010 жылы 110 мемлекетің ішінде 50-ші орынға ие болды. Ресей бұл тізімде – 63-ші, ал Белорусь – 54-ші, Украина – 69-шы орында тұр. Ал Бүкіләлемдік банк өз есебінде Қазақстанды 183 мемлекеттің ішінен 59-шы орынға лайық деп санаған екен. Алдыңғы жылы осы тізімде біздің ел 63-ші орында болған.

Көлбай ЖЕҢІС