Әбілязов халықтың зейнетақы жинағын да жымқырған — Ұлттық бюро
2017 ж. 27 ақпан
2207
5
Мұхтар Әбілязов пен оның Қазақстандағы сыбайластарына қатысты соталды тергеу аяқталды.
Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі хабарлады.
«Алдын ала тергеу жан-жақты, толық әрі әділ өтті, дәлелдеуге жататын барлық жағдай анықталды», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, жиналған дәлелдердің негізінде БТА банктің бұрынғы топ-менеджері Мұхтар Әбілязовтің қылмыстық әрекетіне баға берілгені және оның қазіргі уақытта Қазақстан аумағында емес екені әрі шақыртудан жалтарғаны айтылады. Сонымен қатар, Ж.Жарымбетов (банк басқарма төрағасының бірінші орынбасары — Кредит комитетінің төрағасы) пен К.Садықовтың кредиттеу жөніндегі директор), С.Мәмештің (банк басқарма төрағасы) әрекетіне де баға берілген.
Әбілязовқа қылмыстық топ құрып, оған басшылық етті, БТА банктің қаражатын жымқырды және жекешелендірді, банк қаражатын заңсыз қолданды және қызметтік өкілін асыра пайдаланды деген күдік келіп отыр. Жалпы шығын сомасы — 7,5 миллиард АҚШ доллары.
«Тергеуден жымқырылған қаражаттың халықтың зейнетақы жинағы екені, Қазақстан азаматтарының жеке жинағы екені және шетелдік қаржы институттарының қарызы екені нақтылы анықталды», — делінген Ұлттық бюроның хабарламасында. Сонымен бірге, хабарламада БТА банкінің қарызын өтеу бойынша міндетті мемлекеттің өз мойнына алғаны айтылған.
Еске сала кетейік, 2017 жылдың 2-ақпанында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы жауап алу үшін Мұхтар Әбілязовті Астанаға шақырған болатын.
«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы «БТА банк» АҚ бұрынғы топ-менеджменті М.Қ.Әблязовқа, Ж.Д.Жарымбетовке және өзгелерге қатысты қылмыстық істің соталды тергеуін жалғастырып жатыр. Тергеу барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Әбілязов пен оның сыбайластарының заңсыз әрекеттерінің қосымша дәлелдерін тапты. Банктен қаражатты жымқырудың жаңа нұсқалары ашылды. Анықталған деректер Әбілязовтің қылмыстық ұйым құрып, оған басшылық еткен деген қосымша күдік келіп отыр. Оның ішінде бірқатар ұйымдасқан қылмыстық топ кіреді, топ Қазақстан территориясында да, шетелде де әрекет еткен», — делінген еді ведомство хабарламасында.