Қазақстан олигархтары Отанын неге «сатып» жүр?
2017 ж. 17 ақпан
3951
6
Қазақстан үкіметі сырттан инвесторлар іздеп, шарқ ұрып жатқанда, керісінше ел ішіндегі миллиардерлер ақшасын шетелге ала қашуда.
Бұл туралы 365info.kz порталының тілшісі хабарлады.
Атап айтқанда, қазақтың темір-терсегін саудалаушы — магнат Александр Машкевич пен активінде 225 миллион доллары бар құрылыс саласындағы бай-манап Александр Белович Грузия экономикасын қаржыландырып, қомақты инвестиция салмақшы екен.Бұл туралы Грузиядағы Қазақстан елшісі Ермұхамет Ертісбаев жақында Sputnik порталына берген сұқбатында мәлім етті. Бұған Грузия тарапы екі алақанын ысқылап, қатты қуанып отыр екен.
Корпорациялар Парламент рұқсат берсе ғана шетелге инвестиция жасасын
Оны қойшы, қазір Қазақстан экономикасы ақшаға өте зәру, мұны біздің олигархтар жақсы біледі. Грузия жасаймын деген жағдайды Қазақстан да жасап отыр. Салық дейсіз бе, инвесторға не қатысты — соның барлығынан Үкімет оларға көп жеңілдік жасап қойған. Бұл Үкіметтің тоңып секіріп, сырттан инвестор іздеп жатқанда қазақстандық байлардың ақшасын шетелге ала қашуы осындағы барлық мүмкіндікке әбден малынып, тойынғанын білдірмей ме?..
Экономика ғылымының докторы,
профессор Оразалы Сәбден Машкевичтің бұл қылғанын сатқындық деп санайды.
— Әрине, Машкевич өз ақшасын қайда жұмсаймын десе, өзі біледі. Оның қолын байлап, аяғын тұсаулап ұстап отыра алмаймыз ғой. Дегенмен қазір Қазақстан экономикасы инвестицияға зәру екені ақиқат. Мәселен, жерді игеру заңы қаралып жатыр. Елбасының 2025 жылға дейін экономика дамуын жеделдетуге арналған бағдарламасында технологиялық модернизацияға басымдық беріліп отыр. Ақшасы тасып бара жатса, салсын осында, — дейді ғалым.
Сондай-ақ экономика ғылымының докторы, профессор қазақстандық олигархтарды ел экономикасын қаржыландыруға мәжбүрлеудің бір жолын ұсынады.
— Ол байлық оларға қалай келді? Қазақстан Үкіметі болмаса, бізде осындай олигархтар пайда болар ма еді? Сондықтан қайтарым, қайырым деген болуы керек қой.
Шетелге инвестиция салғысы келетін корпорациялар Парламент рұқсат берсе ғана шетелге инвестиция жасай алатын бір тәсілді қарастыру керек
деп ойлаймын.
Таза қазақтан олигарх әлі шыққан жоқ. Бұл — біздің басты кемшілігіміз
Ал кәсіпкер, инженер Азат Қонысбек Машкевич секілді қазақтың байлығына ортақтасқаннан басқа елімізге пайда әкелмейтіндерден тезірек құтылғанымыз жөн деп санайды.
— Форбс тізіміндегілер кім? Басым бөлігі ойдан-қырдан жиналған қазаққа жат адамдар. Майшелпекті оларға өз қолымызбен ұстаттық. Әрине, олар енді ол ақшаны қалай жұмсаймын десе өзі біледі. Бұл — заңды құбылыс, оған қарсы тұрайық дегеннің өзі ақылға қонымсыз.
Бұл арада ақиқат нәрсе — қазаққа қазақтан басқа ешкімнің жаны ашымайды. Өкінішке қарай, Қазақстанның ірі олигархтары ішінде қазақ жоқтың қасы.
Қолына алған істі табысты дөңгелетіп отырған Бауыржан Оспанов секілділер қазақпен тапқанын бөліседі. Ауылға мешіт салдыртады, жұмыс орнын ашады, ауыл жасын өз ақшасына оқытады және тағысын тағы. Бірақ олар шағын кәсіпкерлер. Ондайлар, Құдайға шүкір бізде баршылық.
Ал егер қазақта олигархтар болса ше? Ондайда қазақ ауылы әлдеқашан гүлденіп кетер еді ғой
, — дейді ол.
„Болар іс болды, бояуы сіңді„ деген Азат Қонысбек ұлтымызға жат, қолдан жасалған олигархтардың бетін қайтармай, кетемін десе шетелге аттандыра беру керек екенін айтады.
— Бізде ұлты қазақ болғанмен тілі, ділі, дүниетанымы солтүстік көрші мемлекетке көбірек кетіп қалған олигархтар да бар. Олардан да көп қайыр күте алмаймыз. Демек, ұлттық буржуазия бізде қалыптаспады. Оның қалыптаспауына мүдделі болғандар да бар шығар, ол жағын білмеймін. Дегенмен бұл мүлде дұрыс емес нәрсе. Мысалы, Жапония несімен мықты? Ол ұлттық дәстүрін, болмысын, салт-санасын сақтаған ұлттық мемлекет. Олар латын қарпіне көшкен жоқ. Жаппай ағылшын тілін меңгеруге бет бұрған жоқ, ондай саясат болмады. Қытай да, Корея да латын қарпін қабылдамады. Көбіне дүниені алға жылжытып жатқандар ағылшындар деп айтады. Оны қайдан шығарып жүр? Шындығында, бүкіл өнертабысты тудырып жатқандар — неміс пен жапондар. Олар тілмен бірге барлық құпия жария болатынын жақсы біледі. Сондықтан тілін ешқашан жатқа берген емес.
Шетелдік инвестор қазақты ешқашан жарылқамайды
Қалай дегенмен де
сырттан келетін инвесторлар да, үш қайнаса қазаққа сорпасы қосылмайтын ел ішіндегі байлар да қазақты жарылқайды деп ойлау жаңсақтық.
Сырттан келетіндер 100 теңге әкелсе, одан 120 теңге пайда тауып кетуді мақсат етеді. Сол мақсатқа ғана олар жұмыс істейді. Іштегілердің де жайы белгілі. Олар ауыл түгілі, қаланың өзіне ақша салғысы жоқ.
Бізге ауылға ақша салатын байлар керек. Ауылды көркейтуге ден қойған олигархтар ғана қазақ халқының шексіз ықыласына бөлене алады.
Алайда таза қазақтан олигархты қайдан табамыз? Алдыңғы түрі бөлектер де аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ қой. Оларды да қазақ үкіметі қолдан жасады емес пе?.. Мүмкін осы жолы таза қазаққа тапсырыс беріп көрсек, қалай болар екен?.. Бұл да бір ой емес пе?..