Қызылордада 2 млрд-тан астам қаржыға салынған станция қаңырап бос тұр
2016 ж. 08 қараша
2284
0
Мемлекет қаржысы тағы да желге ұшуы әбден мүмкін. Қызылордада 2 млрд 600 млн теңгеге салынған қалдық суды тазарту станциясы қирап қалса таңқалмауға болады. Ескі жобамен салынған нысан заман талабына мүлде сай емес деп хабарлайды Қазақстан ұлттық арнасы.
Cтанция 2005 жылы іске қосылды. Бірақ, үлкен нысанды күтіп-ұстауға ешкім беттемеді. Ғимарат 2 жыл қараусыз қалды. Оның үстіне мемлекеттік комиссия аяқталмаған жобаны «көзді жұмып» қабылдаған. Кейін, құзырлы орындардың араласуымен мәселе реттелгендей болды. Мердігер кем-кетікті толықтырды. Нысан «Қызылордасужүйесі» мекемесіне берілді. Бірақ, сонда да күніне 70 мың текше метр шайын суды тазартып, нәрлендіретін еліміздегі бірегей станция тек механикалық тазартумен ғана шектелуде.
"Биологиялық тазарту қыста жұмыс істеу қиын. Өйткені, бізде жылу шешілмеген. Соляркамен жұмыс істеу керек қой негізі. Ал оған мекеменің құзіреті көтермейді. Сондықтан қазір цехтарды тоқпен жылытып, сөйтіп жұмыс істеп отырмыз", - дейді «Биологиялық тазарту станциясы» учаскесінің басшысы Тоқтасын Санақов.
Станция қазір 30 мың текше метр су қабылдап жатыр. Бірақ, соның өзін үлгерту қиын болып тұр.
"Бәрі ескірген. Жаңа зат жоқ. Бәрі қолмен жасалады. Қолмен тазалаймыз. Темір болған соң бәрін тат басып қалған", - дейді оператор Естай Несібеков.
Суды жаңа стандарттар бойынша нәрлендіру үшін станция толықтай жаңғыртылуы керек. Оған қажетті жобалық сметалық құжаттарды әзірлеуге 150 миллион теңге бөлінді.
"Баяғы замандағы технология. Сол жоба бойынша соққан нәрсе ғой. Ноу-хоуды енгізе алмады. Жағдайды түзету үшін, реконструкцияны дұрыстап, орнына келтіріп істесек, оның біраз жері автоматтандырылған жүйелерге қосамыз", - дейді «Қызылорда су жүйесі» мкк директоры Нұржан Диханбаев.
Ал әзірге, қолда барға қанағат. Әрең қозғалатын темір бұрау, шұрық-тесік құбырлар мен тозығы жеткен трансформатор сонымен лаждауға тура келеді екен. Негізінде тазартылған су ауылшаруашылығы жерлерін суландыруға және қаланы көгалдандыруға пайдаланылуы тиіс. Бірақ, станция толық жаңғыртылмайынша ол мүмкін емес. Сондықтан, лас су қазір жасанды су қоймасына босқа ағып жатыр.