Шардара шартарапқа балығымен әйгілі болмақ
2016 ж. 21 қыркүйек
3415
0
Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданында біраз жылдан бері жұмысы тоқтап тұрған балық өсіру тәлімбағы биылдан бастап қайта іске қосылды. Сәуір айынан бастап ауданда балық шаруашылығын дамыту мақсатында ашылған «Шардара балық питомнигі» ЖШС-інде шабақтар жіберіле бастады. Бүгінде жалпы аумағы 68,2 гектарды құрайтын тоған іске қосылып, 15,7 миллионн дана балық балаңқұрттары (личинка) өсірілуде.
Бұдан бөлек, аудандағы «Тұран» шаруа қожалығы арнайы балық өсіретін орынның құрылысын дайындау үстінде. Қазіргі таңда онда орындарды қазу, құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жергілікті жеке кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен пилоттық жоба ретінде Шардара су қоймасы аумағынан балықты торлы шарбақта өсіру шаруашылығын (садковое выращивание) қолға алу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. 2014 жылы осынау торлы шарбақта сынақ ретінде 15 тонна балық өсірілсе, былтырғы жылы 300 тонна шабақ өсірілді. Су қоймасындағы торлы шарбақта келешекте 3000-4000 тонна көлемінде балық өндіру жоспарланып отыр.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Шардара ауданында екі балық өңдеу зауыты жұмыс істеп келеді. Соның бірі – жылына 2500 тонна балық өңдеумен айналысатын «Хамит» СТК балық өңдеу зауыты. Аталмыш кәсіпорын базасында филе, кептірілген, тұздалған балықты өңдеу және дайындау, қалдықсыз өндірісті қолға алу мақсатында балық сүйегінен ұнтақталған жем дайындау цехтары жұмыс жасауда. Жылына 1000 тонна мұздатылған және ысталған балық, филе өнімдерін шығаратын «Шардара – Балық-1» балық өңдеу зауытында 70 адам жұмыс жасайды.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін Шардарада тағы да жаңадан екі балық зауыты іске қосылмақ. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» аясында салынып жатқан зауытта жеке кәсіпкер «Жалғасбаев Т» және «Саодат» ЖШС-і жылына әрқайсысы 600 тонна балық өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр.
Самал ЖАЙЛАУБЕК
Abai.kz