ҚЫТАЙ КӘСІПОРЫНДАРЫН ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШІРУГЕ БОЛМАЙДЫ
2016 ж. 05 қыркүйек
10550
38
Қытайда өткен G20 саммиті қарсаңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Синьхуа агенттігі мен басқа да ақпарат құралдарына сұхбат бере отырып, Қытайдан 51 кәсіпорын Қазақстанға көшірілетінін айтқан еді. Бұл Үкіметтің Елбасыға әзірлеп берген шалағай ұсыныстарының салдары деп ойлаймын.
[caption id="" align="aligncenter" width="528"] Фото: www.azattyq.org[/caption]Қазақстанның келешегін ойлайтын болсақ, бұл мүлде жол беруге болмайтын жағдай! Пайдасы мен зияны жеткілікті түрде таразыланбаған, жеңіл қабылданған бағдарлама Қазақстан халқына мәңгі құтылмайтын бодандық қамытын кигізуі ықтимал. Қытай береді деп үміттеніп отырған 26,5 млрд доллар Қазақстан тағдырын тәлкекке салатын қақпан тілшігіндегі «дәмді сырға» ұқсайды. Қытай еш нәрсені жайдан жай жасай салмайды. Бұл әрекеттердің негізінде үш себеп жатыр.
Біріншіден, алысты көздейтін саяси себеп – бұл Қытайдың бейбіт экспансиясы. Жер көлемі орасан Қазақстан Қытайды бұрыннан қызықтырып келеді. Қытайға қандай себеппен болса да өзінің Қазақстанға жаппай енуін қамтамасыз ететін жобалар ауадай қажет. «51 кәсіпорын» соның таптырмас жолы. Ал Қытай бір кірген жерінен шықпайды. Ресейдің Қытайға жалға берген жері соның дәлелі.
Екіншіден, бізге көшірілетін зауыттар Қытайдың экологиялық проблемаларын Қазақстанға көшіреді. Өйткені дәл бүгінде Қытай экологиялық қиындықтардың ауыр зардаптарын бастан кешіруде. Қытай компаниялары мен қытай көліктері негізінен арзан отынмен, дизельмен жұмыс істейді. New York Times газеті атап өткеніндей, Қытайдың мемлекеттік кәсіпорындары, әсіресе Қытайдың мұнай, химия корпорациялары мен энергетикалық компаниялары халықтың денсаулығынан гөрі табатын экономикалық пайдасын жоғары қояды. Сондықтан, шенеуніктер экологиялық жаңа нормативтердің қабылдануына жол бермей отыр. «Өзінің бетін аямаған кісінің бетін даладай қылады» демекші, өз елін аямаған қытай кәсіпорындары Қазақстан халқын аяуы мүмкін емес. 51 зауыт Қазақстан үшін орасан проблемалар туғызары анық. Ертең кіргізіп алған соң ол зауыттардың жұмысын не тоқтата алмай, не елден қайта шығара алмай өзімізге өзіміз проблемалар тауып аларымыз сөзсіз. Қазақстанның өз экологиясының да жағдайы жетісіп тұрған жоқ.
Үшіншіден, Қытай жағы «міне, сіздерге 51 зауытымызды бердік, енді өздеріңіз істей беріңіздер» деп қарап отырмайды. 51 зауыт орташа есеппен әрқайсысы мың адамнан жұмысшы, маман кіргізетін болса 51 мың қытай кіреді деген сөз. Оларға қытай мұғалімдері, қытай дәрігерлері, қытай аспаздары керек болады. Ары қарай отбасылары, туыстары, түрлі қызмет салалары қаптайды. «Жерді сатпаймыз!» деген айқайымызды жылаған баланың дауысы сияқты ешкім құлағына ілмейтін болады. Қысқа мерзімде экономика арқылы еліміздегі саяси, әлеуметтік ахуал қытай пайдасына қарай бет бұрады. Шын мәнінде Қазақстанға көшірілмек Қытай зауыттары тәуелсіздігімізге төнген қауіп! Сондықтан, Елбасы бұл жобаға мораторий жариялап, мәселені толық зерттеуден өткізген жөн деп есептеймін. Әйтеуір бармағымызды тістеп қалмайық. Қытаймен ойнауға болмайды!
Марат Тоқашбаев,
Фейсбук парақшасынан алынған