Бір мың мал бордақылау алаңы қаржыландырылмақ
2016 ж. 09 тамыз
6200
5
Оңтүстік Қазақстан облысында «Береке» бағдарламасы қолға алынғалы бері ауылшаруашылығы саласы бойынша ауқымды істер атқарылып келеді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның мәліметі бойынша биылғы жылы жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде бір мың шағын мал бордақылау алаңын қаржыландыру жоспарланыпты.
Тарқатып айтсақ, «Сиыр етін өндіру үшін АШМ, жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде 5-20 ІҚМ басын бордақылайтын шағын мал бордақылау алаңдарын қаржыландыруды қолға алды. Мал сою бекеттері бордақылаумен айналысатын жеке қосалқы шаруашылықтардан құрылған ауылшаруашылық кооперативтердің негізінде ұйымдастырылады.
Бұл шараларды жүзеге асыруға «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында қаржылай қолдау көрсетілмек. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жалпы көлемі 9,2 млрд. теңгеге 3,7 мың жобаны қаржыландырды. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында 2,4 млрд. теңге 913 қарыз алушыға үлестірілді. Шағын несие ретінде берілген қаражаттың 70% -ы мал шаруашылығын дамытуға жұмсалды.
«ЖҚЖК 2020» қатысушыларын аталған бағытта қаржыландыру үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры тарапынан «Береке» бағдарламасы қолға алынды.
Несие ірі қара, ұсақ мүйізді мал, жылқы, басқа да мал мен құсты бордақылау мен ауылшаруашылық өнімдері мен мал азығын сатып алу үшін жұмсалмақ. Қарыздың максималды сомасы – 3 миллион теңгеге дейін, қарызды мерзімнен бұрын өтеуші қатысушылар үшін – 5 миллион теңгеге дейін, 4 жылға беріледі. 500 мың теңгеге дейін қарыздар бойынша мөлшерлеме үстемесі – жылдық 4,8%, 500 мың теңгеден асатын қарыздар бойынша – жылдық 6%-ды құрайды.
Алдағы уақытта ел көлемінде 2016 жылы 55 мыңға жуық мал басына арналған 7 мыңнан астам шағын мал бордақылау алаңы қаржыландырылмақ. Осы мақсатта 10,9 млрд. теңге бағыттау жоспарланып отыр. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында – 7,9 мың мал басына арналған 1000 алаңға 3 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсетілмек.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz