Данияр Ақышев девальвация болуы мүмкін деген қауесеттерге жауап берді
2016 ж. 04 тамыз
2542
0
Теңгенің айырбас бағамында елеулі өзгерістер орын алатындығына негіз жоқ. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақша-несие саясаты және төлем балансы тұрғысынан алып қарағанда, теңге бағамында қандай да бір теңгерімсіздік жоқ. Яғни, таяу арада теңгенің айырбас бағамында елеулі өзгерістер орын алатындығына негіз де, алғышарттар да жоқ», - деді Данияр Ақышев.
Сонымен қатар бас банкир қазіргі таңда қаржы нарығындағы қалыптасқан ахуалға баға бере келіп, алдымен еліміздегі инфляция көлемін мәлім етті.
«2016 жылғы шілде айында инфляция - 0,5 пайызды құрады. Өткен жылы осы кезеңде инфляция деңгейі - 0,1 пайызды құраған болатын. Ал 2016 жылы қаңтар-шілде айында инфляция деңгейі - 5,2 пайыз болды. Жылдың басынан бастап, азық-түлік тауарларының бағасы - 5,6 пайызға, азық-түлік тауарларына жатпайтын тауарлар - 5,2 пайызға, ақылы қызмет көрсету - 4,7 пайызға өсті», - деді Д. Ақышев.
Айта кетелік, өткен шілде айында да 0,5 пайызды құраған болатын. Сонымен қатар, шілде айында азық-түлік тауарлары нарығында әсіресе қырыққабат пен қанттың бағасы өсті. Қырыққабаттың бағасы - 31,4 пайызға, ал қанттың бағасы - 11,3 пайызға қымбаттады.
Жылдық көрсеткіш бойынша 2016 жылдың шілде айында инфляция - 17,7 пайызды құрады. 2015 жылдың желтоқсан айында бұл көрсеткіш - 13,6 пайызды құраған болатын.