Бақыт Сұлтанов бір сөзбен айтқанда "Қазақстанның қарызы басынан асатынын" меңзеді
2016 ж. 27 маусым
3285
3
Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2016 жылдың 1 қаңтарында ЖІӨ 21,6 пайызын құрады. Бұл шекті мәннен біршама алыс. Бүгін халыққа есеп беру кездесуі барысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, борыштарды басқару ел бюджетінің маңызды орнықты параметрлерінің бірі болып табылады. «Осы бағытта халықаралық тәжірибе бойынша қарыздың қауіпсіздігін білдіретін шекті мән белгіленген. Осыған сәйкес мемлекеттік қарыз ЖІӨ 60 пайызынан аспауы керек, ал оны төлеу мен пайыздарын жабу бағытындағы атқарылатын қызмет бюджет кірісінің 15 пайызынан аспауға тиіс. Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2016 жылдың 1 қаңтарында ЖІӨ 21,6 пайызына тең болды, ал оған қызмет көрсету 9,8 пайыз. Өздеріңіз көріп отырғандай бұл шекті мәннен әлдеқайда алыс», - деді министр.
Оның айтуына қарағанда, «Мемлекеттік қарыз» рейтингінде Қазақстан 134 елдің арасында 12 орында тұр. «Әрине, борыштық басқару мәселесі ұдайы бақылауда және ағымдағы бюджеттік тұжырымдамаға сәйкес алдағы уақытта тапшылықты қысқартуға бағытталған жұмыстар атқарылатын болады», - деді Б. Сұлтанов.
Дерек көзі: ҚазАқпарат