Шілдеден бастап ескі көлігіңіз үшін ақы аласыз
2016 ж. 24 мамыр
3056
2
Бірінші шілдеден бастап ескі көліктерге утилизация ақысы төлене бастайды. Бір көлікке шамамен 300-350 мың теңге беріледі. Бірақ қаржылай емес, сертификатпен.
Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.
Оны жаңа көлікке бастапқы жарна ретінде жұмсай аласыз. Бұл туралы Қазақстандық автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев мәлімдеді.
Қаражат көлемі нарықтағы сатылып жатқан ескі көліктердің құнымен өлшенген. Қазір тозығы жеткен «темір тұлпар» бағасы мың долларға жетпейді. Бұдан бұлай, олардың қожайындары дилерлік орталықтарға жүгініп, көлігін утилизацияға тапсыра алады. Сол жерде оның құны жазылған сертификат беріледі. Ал жаңа көлік сатып аларда, бастапқы жарна ретінде бір емес, бірнеше сертификаттың басын біріктіруге мүмкіндік бар.
“Алғашқы жыл болғандықтан, бұл жобаға отандық қана емес, импорт машиналарды сатып алатындар да қатысуын ұсындық. Тек бағасы 30-40 мың доллардан аспайтын. Биыл көлік нарығында баға құбылмалы. Ал сертификат саны жеткілікті. Бәрін қамтуды ойлап отырмыз”, – дейді Қазақстандық автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев.
Айта кетейік, электронды түрде тіркелген барлық мәлімет “Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері” операторына өтеді. Ол жыл басынан бері жұмыс істейді. Елімізде сатылған импорт көліктер утилизация ақысын да сол операторға төлейді.
Үкімет жанынан құрылған Жауапкершілігі шектеулі серіктестік жиналған барлық қаражатты ескі көліктерді бөлшектеп, шикізатын қайта өңдейтін зауытқа жұмсамақ. Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облысында осындай екі зауыт бой көтереді. Келесі жылы елімізде ескі көліктердің 80 пайызы кәдеге жаратылады деген жоспар бар.
Дерек көзі: Астана