Халықаралық рейстердің билет құны қымбаттауы мүмкін

Келесі айдан бастап халықаралық рейстердің құны өсуі мүмкін. Бұл негізінен мемлекеттің әуежай қызметтерінің бағасын реттеуден бас тартуына байланысты деп хабарлайды КТК арнасы.

Келесі айдан бастап халықаралық рейстердің құны өсуі мүмкін

Тасымалдаушылар өзгеріс болған жағдайда әуежайлар ойына келген бағаны қойып, шығынға батамыз дейді. Әуежай басшыларының да айтары бар. Қалай болғанда да, бірінші кезекте мұның зардабын жолаушылар тартқалы отыр.

Әуежай қызметтерінің құнын реттеуден бас тарту жайы мәжілісте талқыға түскені сол еді, әуе компаниялары билет құнын көтереміз деп шулап жатыр. Себебі трап шығару, жолаушыларды қабылдау, ұшақтың ұшуы мен қонуы сияқты бас-аяғы 13 қызметтің бағасын бүгінге дейін мемлекет қоятын. Бағаның еркі енді әуежайдың өзіне тисе, билет құнына да әсер етпей қоймайды екен.

"Әуежай қызметтерінің көбісі монопольді болып келеді. Өйткені әрбір қалада бірнеше әуежай жоқ қой. Сондықтан әуе компаниялары тек бір әуежайдың қызметін пайдалануға мәжбүр. Бұл міндетті түрде авиабилеттердің қымбаттауына алып соқтырады, жалпы әуе тасымалының құнының қымбаттауына әкеледі", - дейді Air astana әуе компаниясының қоғаммен байланыс менеджері Тілек Әбдірахимов.

Бұл ретте әуежай басшыларының да уәждері бар. Айтуларынша, бірқатар қызметтердің бағасы соңғы рет 2002 жылы қабылданып, содан бері көтерілмепті. Теңге құнсызданғалы тіптен шығынға баттық дейді. Мәселен, әуе компаниялары доллармен табыс тауып, әуежаймен теңгемен есеп айырысады екен.

"Шетелдік тасымалдаушылар көрсетілген қызмет үшін тиісті құнын төлеуі тиіс. Яғни, баға доллармен байланысты өзгеруі тиіс. Қазір шетелдік компаниялардың табысы артқан, ал бізге төлейтіні болмашы тиын", - дейді Алматы әуежайының вице-президенті Серік Мықтыбаев.

Негізі баға саясатынан бірінші шілдеден бастап үкіметтің бас тартуы, бірінші кезекте әуежайлар қосымша табыс тауып, өз базасын жаңартып, жетілдіруге мүмкіндік беруі тиіс. Әрі жаңа баға тек шетелдік компанияларға қатысты екен. Сондықтан отандық әуе тасымалдаушыларына бағаны көтеруге еш негіз жоқ деген пікірде шенеуніктер.

Қазірдің өзінде әуежайда көрсетілетін жүзден астам қызмет монополияларды реттеу комитетінің қадағалауынан алып тасталған.

Еліміздегі 18 әуежайдың барлығы да қызмет көрсету бағасының өзгеруі ішкі рейстерге әсер етпейді деп сендіріп отыр. Яғни олар бұрынғы келісім-шарттар бойынша жұмысты жалғастыра береді. Ал шетелдік рейстерді қамтамасыз ететін әуе компаниялары енді жолаушыларды тіркеуден өткізуден бастап, ұшақтың қонуынан ұшуына дейін атқарылатын қызметтерге жаңа баға бойынша есеп айырыспақ.

Дерек көзі: КТК