Өткен аптада ел Үкіметі Қазақстанның ұлттық табиғи парктері жалға берілетінін мәлімдеді. Жуырда 50-ге жуық топтама тендерге шығарылмақ. Оның ішінде Көлсай көлдері, Шарын, Түрген және Талғар шатқалдары мен Бурабай сынды әйгілі демалыс орындары бар. Табиғаты ерекше бұл аймақтарды кез келген кәсіпкер 5 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге жалға ала алады.
Қазақстан ұлттық табиғи қорықтарды 5 жылдан 49 жылға дейін жалға бермек
2016 ж. 15 мамыр
6793
2
Тау-тас, өзен-көл, ормандар мен тоғайлар да енді жеке меншікке берілмек. Көздің жауын алар сұлулығымен, бай табиғатымен қазақстандықтардың мақтанышына айналған мекендерді өз қолына алғысы келетіндерге қойылатын талап біреу: аталған демалыс орындарының аумағына қажетті инфрақұрылымдар құрылысын жүргізіп, туристік бизнесті дамытуға қабілетті болса жеткілікті. Ауылшаруашылығы министрлігінің өкілдері өткен аптада табиғи парктердің директорларымен кездесіп, кәсіпкерлерді қызықтырудың амалдарын үйретті. Енді саялы саябақтар шағын және орта бизнес тарапынан тиімді ұсыныс түсуін күтуде.
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Өстеміровтың айтуынша, Ұлттық парктердің аумағын жекеменшікке беру отандық туризмнің дамуына тың серпін береді. «Жалға алғаннан кейін инвестор өз жобасын ұсынып, біздің келісімімізді алады. Содан кейін ғана жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге көшеді. Салынатын нысандардың бағасы қанша болатыны сол жобалық-сметалық құжатқа байланысты айқындалады. Сондықтан әзірге қанша қаржы құйылатынын білмейміз. Бұл жалға алғысы келетін кәсіпкердің коммерциялық құпиясы болып қалмақ», – дейді Қайрат Өстеміров.
Ведомствоның мәліметі бойынша, жыл сайын Қазақстандағы ұлттық парктерге 1 миллионнан астам адам келіп кетеді. Ал табиғи нысандар аумағында жаңа инфрақұрылымдар салынар болса, туристердің саны бұдан да көп болады дейді министрлік өкілдері. Бұл бастаманы табиғи парктердің басшылығы да қолдап отыр. Мәселен, Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Марлен Айнабековтың айтуынша, саябақ кәсіпкерлер қамқорлығына алынатын болса, еліміз бен алыс-жақын шетелдерден келетін туристердің саны еселеніп өседі. Өйткені бүгінгі таңда парктің аумағында «Ақбұлақ» тау-шаңғы курорты мен келер жылы өтетін Универсиада-2017 спорттық додасы үшін салынған Талғар шатқалындағы жаңа биатлон трассасы бар. Сондай-ақ, ат баптайтын орындар ашып, табиғи парк айналасында жылқы туризмін дамыту да жоспарланып отыр екен. Дегенмен демалыс орындары туристер үшін қаншалықты тартымды, бағасы қаншалықты қалта көтерімді болатыны аталмыш нысандар жекеменшікке өткен соң ғана белгілі болмақ.
Табиғат тынысы тарылмай ма?
Ұлттық парктердің жеке қолға берілуі менеджмент және маркетинг мамандары тарапынан үлкен қолдауға ие болғанымен, еліміздің экологтарын аса қуанта қойған жоқ. Олардың айтуынша, жекеменшікке өткен соң аталған нысандардың табиғи байлығы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі жұтаңданып кетуі мүмкін. Наразылық танытқандардың бірі – «Зеленое спасение» экологиялық қауымдастығының төрағасы Сергей Куратов. «Ұлттық табиғи парктерді жалға беру олардың маңында орналасқан бірқатар аудандарда экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соғады. Бұл өз кезегінде ерекше қорғауға алынған нысандардың туризм үшін құндылығын жоймақ. Мұнымен қоса, демалыс орындарының белгілі бір бөлігі шағын және орта бизнестің пайдалануына берілуінің салдары қандай болатынын көріп жүрміз. Қазіргі таңда Алмаарасан, Бутаков шатқалдары, Үлкен Алматы көлінің жалға берілген учаскелерінде қоқыс үйінділері, шіріген қалдықтар жиналып, қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіруде. Бұл аумақтарға туристердің жоламайтыны айтпаса да түсінікті және ұлттық парктердің әкімшілігі бұған қарсы ештеңе істей алмайды. Сондықтан жаңа аумақтарды жеке қолға бергеннен гөрі, кәсіпкерлердің қарауына өтіп кеткен учаскелерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін көтерген жөн», – дейді қоғам белсендісі.
Оның пікірінше, көптеген шетелдік ғылыми қорлар экотуризмді дамыту мақсатында Қазақстандағы табиғи парктерге инвестиция құюға дайын. Бірақ елімізде оған мүмкіндік беретін заңнама жоқ. Сонымен қатар, Сергей Куратов ұлттық табиғи парктерді кәсіпкерлерге ұзақ мерзімді пайдалануға беру Қазақстан қол қойған бірқатар халықаралық конвенцияларға қайшы екенін алға тартуда. Атап айтқанда, 1972 жылы қабылданған Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраны сақтау жөніндегі конвенция талаптарын өрескел бұзады деп алаңдаулы. Өйткені шағын және орта бизнес өкілдері табиғи нысандар аумағына әдетте коттедждер мен мейрамханалар соғудан әрі аса алмайды. Экологиялық қауымдастық төрағасының айтуынша, ұлттық саябақтар – қатардағы туризм нысандарының бірі емес, олар мемлекеттік саясат тұрғысынан жіті назарға алынуы тиіс.
Инвестор игілігіне – 12 парк
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің өкілдері жалға алушыларға ұлттық саябақтардың қорықтық аумақтары емес, рекреациялық учаскелері ғана пайдалануға берілетінін түсіндірді. Еліміздегі 12 ұлттық парктің әрқайсысынан ауданы бір немесе одан да көп гектарды құрайтын 3-4 аумақтан іріктеліп алынған. Олар келісімшарт негізінде ұзақ немесе қысқа мерзімді пайдалануға берілмек. Жоба жетекшілері бұл шара еліміздегі экологиялық туризмді жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік тудыратынына сенімді. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Өстеміровтің айтуынша, бұл әсіресе, келер жылы өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен «Универсиада-2017» спорттық додасы кезінде Қазақстанға келетін туристер ағыны үшін үлкен маңызға ие болмақ. Бүгінде «Астана-ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы ел аумағындағы барлық ұлттық табиғи парктермен меморандумға қол қойған. Шара басталған алғашқы 2 күннің өзінде Қазақстанға 5 миллионнан астам шетелдік қонақ келеді деп болжануда. Көрменің ұйымдастырушылары оларды еліміздің қорықтық аумақтары – Қарқаралы паркі мен Бурабайға апармақ. Сондай-ақ, Алматы облысына туристік маршруттар жасау жоспарланып отыр. Бұл мақсатта Астанадан Алматы қаласына ұшатын рейстер санын арттыру, жылдам жүретін пойыздарды көбейту көзделген.
Өткен аптада Алматы облысындағы 5 ұлттық парктің жалға берілетін учаскелері кәсіпкерлер назарына ұсынылды. Сондай-ақ, табиғи нысандар аумағын жалға беру мәселесі бойынша Көкшетау, Өскемен, Шымкент қалаларында да шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесулер өткізілді. Жуырда демалыс орындарын жалға алуға ниетті тұлғалар арасындағы тендер өткізілетін болады. Жоба жетекшілері байқау шарттары мен талаптарын үміткерлерге жіті түсіндіруде.
«Біз саябақтарды сатқалы жатқан жоқпыз, сол аумақта орналасқан бірқатар ресурстарды уақытша пайдалануға бермекпіз. Жалға алу ақысы әр гектары үшін жылына 6 мың теңгенің көлемінде болмақ. Инвесторға нысанның жобалық-сметалық құжатын дайындау үшін бір жыл, ал құрылыс жүргізу үшін 3 жыл беріледі. Кәсіпкер нысан құрылысы аяқталғаннан кейін 49 жыл ішінде оны пайдалануға және келісімшартты дәл осындай мерзімге ұзартуға құқылы. Жалға алушы жобаның сызба нұсқаларын бізге көрсетіп, бекітіп алады. Құрылыс міндетті түрде бекітілген жоба бойынша жүргізілуі тиіс. Туристік нысандар аз қабатты болуы шарт және құрылысқа экологиялық таза материалдар, энергияның баламалы көздері – жел және күн энергиясы пайдаланылуы міндеттеледі», – деп Қайрат Өстеміров бастамаға қарсы шыққан экологтарды сабасына түсірді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Алматы облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде басқаруға 5 нысан даяр: Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы, Шарын, «Алтынемел» және «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері. Мәселен, Іле Алатауы ұлттық паркі негізгі төрт аумақ бойынша жобалар әзірлеп қойған. Атап айтсақ, «Ақбұлақ» сауықтыру кешеніне апарар жолда, Талғар филиалының аумағынан бөлінген 2,8 гектар жерді жалға алған кәсіпкер ат ұстайтын орындар салып, жылқы туризмін қолға алуға міндеттелмек. Ал Ақсай филиалында, қаладан 30 шақырым қашықтықтағы 3 гектар аумаққа туристік база құрылып, форельге арналған тоған жасау көзделген. Ондағы қонақүйлердің саны мен көлеміне де келісімшарт негізінде белгілі бір шектеулер қойылмақ.
«Соңғы 20 жылда біз саябақ аумағындағы орман көлемін арттыруға айрықша ден қойдық. Парктің қорықтық және рекреациялық-туристік зоналарының ара жігін айқындадық. Қазіргі таңда туризм саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орнатуға ұсыныс жасап отырмыз. Кәсіпкерлердің пайдалануына беру үшін жолы жақсы, құрылыс жүргізуге қолайлы учаскелер таңдалып алынды. Олар шағын және орта бизнестің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Инвесторларды 5 адамнан тұратын арнайы комиссия іріктейтін болады: жергілікті әкімдіктің, экологиялық, архитектуралық комитеттердің өкілдері және біз, табиғи парктің басшылығы», – дейді Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Марлен Айнабеков.
«Біздерде мынадай бар, мынадай бар…»
1996 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Іле Алатауының әсем ландшафтарын қорғау, өсімдік жамылғысы мен жануарлар әлемін сақтау, туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылған Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Алматы облысының Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының аумағында орналасқан. Жалпы ауданы – 202 мың гектар. Алматы қаласынан оңтүстікке қарай Іле Алатауының (Тянь-Шань) солтүстік беткейінде, батыста Шамалған өзені, шығыста Түрген өзенінің аралығындағы ұзындығы 120 шақырым, ені 30 – 35 шақырым аймақты алып жатыр.
Саябақ теңіз деңгейінен 600 – 4540 метр биіктікте орналасқан. Ең биік шыңы – Конституция (4540 м) және Қазақстанның 25 жылдығы шоқысы (4494 м). Парк аумағынан Түрген, Есік, Талғар, Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы, Ақсай, Қаскелең өзендері ағып өтеді. Олардың бастауларында моренді көлдер бар. Көпшілігі маусым айында суға толып, қысқа қарай тартылып қалады. 2500 метр биіктікте ауданы 1 шаршы шақырымға, тереңдігі 39,3 метрге тең Үлкен Алматы көлі орналасқан.
Парктің флорасы 1 мыңнан астам өсімдіктен тұрады. Оның 500-ден астамы жапырақты орман, 400-ден астамы қылқан жапырақты орман алқаптарында өседі. Бұл өсімдіктердің 36 түрі Қазақстанның “Қызыл кітабына” енген. Олардың ішінде гүлдердің ежелгі түрлері саналатын жауқазынның екі түрі және сарыгүл мен шұғынықтың бір-бір түрлері кездеседі. Тарихшылардың пікірі бойынша, орта ғасырларда жауқазын Іле Алатауынан Ұлы Жібек жолы арқылы Кіші Азияға, одан кейін бүгінде жауқазын ұлттық символына айналдырған Голландияға жеткен.
Іле Алатауы ұлттық паркінің жануарлар әлемі де өте бай. Мұнда омыртқасыздардың 2 мыңнан астам түрі, ал омыртқалы жануарлардың 213 түрі мекендейді. Оның ішінде сүтқоректілердің 47 түрі, құстардың – 148, бауырымен жорғалаушылардың – 8, қосмекенділердің – 2, балықтардың – 8 түрі ұшырасады. Көбінесе орман алқабында және ашық орындарда бұғы тұқымдас – марал, елікті, ал жоғарырақ жартастар қорымында сібір тауешкісін (теке) кездестіруге болады. Қабан, қасқыр, түлкі, борсық және басқа да кемірушілердің түрлерін жолықтырасыз. Бұл аймақты мекендеген көптеген аңдар «Қызыл кітапқа» енген. Құстардан тау өзені жағалауында мекендеуші – балшықшы құсы, ителгі тұқымынан – қырғи, тұрымтай, таулы жартастарды мекендейтін қырандар тобынан – құмай, сақалды бүркіт және тазқара; аз кездесетін торғай тұқымдастардан – ақсағал және қара құтан кездеседі. Сүтқоректілерден жыртқыш аңдар – қызыл қасқыр, қар барысы, ортаазиялық сілеусін, тянь-шаньдық сұр аю, тассусар және тұяқтылардан арқар, дуадақ кездеседі. Қар барысы Халықаралық Қызыл кітапқа енгені жөнінде айта кеткен жөн.
Саябақ аумағында Талқыз және Түрген ескі қалашықтарының орны сақталған. Түрген шатқалында ертедегі темір дәуірінің зираттары мен Есік өзенінің бойында сақ қорғандары бар. Бутаков сарқырамасы, реликті мүк басқан Шыңтүрген шыршалары да табиғат ескерткіштері болып саналады.
Еліміздің мақтанышы, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп жатжұрттық қонақтарға ең әуелі көрсететін көрікті жерлері саналатын өзге 11 табиғи парктің әрқайсысына жеке-жеке тоқталуға бармыз. Саф ауасымен, көздің жауын алатын әсем табиғатымен талайларды тамсандырған Көлсай көлдерінің ғажайыптарын, Солтүстігінде Қызылқарағай және Қатын жотасына ұласып, Ресеймен шектесетін, шығысында Үкек даласымен және Қытаймен, оңтүстігінде Темірқаба өзенін бойлай Марқакөл қорығымен жымдасып жатқан Қатонқарағай саябағының кереметтерін де әсерлі әңгімеге арқау етуге болады. АҚШ-тағы Үлкен Колорадо каньонының кіші бауыры аталып кеткен, алып жартастары таңғажайып пішіндерімен таңғалдыратын Шарын каньоны, етегінде Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр көлдері көлбеңдеп жатқан Баянауыл таулары, Жетісу Алатауының оңтүстік сілемдерінің арасындағы қойнауы шежірелі тарихқа, табиғаты тылсымға толы «Алтынемел» саябағы, Оқжетпесі мен Жұмбақтасы, қарағайлы орманы, әрбір қия тасы ғажайып сыр бүккен Көкшенің Бурабайы да дарқан даламыздың дара бөлшектері. Қысқа күнде қырық құбылатын нарық бұл байлығымыздың да бағасын құлдыратып жібермей ме деген күдікті ой көңілді күпті етіп тұр. Жаңа бастаманы жүзеге асырғанда үміт пен үрейдің қос қапталдан жармаса кететін әдеті бар ғой. Ұлттық парктерімізді қолға алушылар ұлттың ұпайын бас пайдадан биік қояды деп сенейік.