Сағадиев өзінің "панама құжаттарына" қалай тіркеліп кеткенін түсіндірді
2016 ж. 11 мамыр
3303
3
Журналистік тергеудің халықаралық консорциумы (ICIJ) Mossack Fonseca (MF) компаниясының "панамалық архивтеріндегі" мәліметтер негізінде офшорлық компаниялар мен оның иелерін жария етті. Бұл туралы "Коммерсант" хабарлайды.
Жасырын дереккөз офшорлар туралы ақпаратты БАҚ-қа жариялауын жаһандық теңсіздікпен және капитализммен күресу мақсатымен түсіндірді.
Нәтижесінде Британ Виргин аралдарында тіркелген 150 мыңнан астам офшорлық компания көпшілікке жария болды.
Тізімге Қазақстанға қатысы бар төрт фирма іліккен. Атап айтқанда, Air (Kazakhstan) Cargo Company Inc., Trading house of Kazakhstan LTD, South Kazakhstan Development Corporation LTD және CNOOC Kazakhstan Limited.
Сонымен қатар Қазақстанның Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің де есімі аталмыш тізімнен табылды. Онда Сағадиев 2009 жылы Mossack Fonseca-да өзінің алғашқы шотын ашқаны айтылған.
Осы орайда Сағадиев Today.kz сайтына 25 жыл бойы бизнеспен айналысып, көптеген халықаралық консорциум акционері болғанын мәлімдеді. Алайда ол бүгінде мемлекеттік қызметкер ретінде бизнестен бас тартқанын және шетелде активтері жоқтығын алға тартты. Ал шын мәнісінде еш жерде жоқ компаниялардың есімі әлі де жария болып жатса, таң қаларлық ештеңе жоқ дейді Сағадиев.
Еске салсақ, сәуірдің басында Sueddeutsche Zeitung пен өзге де БАҚ көздері Mossack Fonseca фирмасының "панамалық құжаттарын" жария етіп, әлемдік көшбасшылар мен оның қоластындағылардың офшорлық жүйеге қатысы барын алға тартқан болатын.
"Панамалық құжаттардың" түпнұсқа екендігі ресми түрде расталмады. Mossack Fonseca компаниясы оның шынайылығын растаудан бас тартып, журналистердің әрекетін қылмысқа балады.