Депутаттар: Жер сатылмайды, жалға беру уақыты ұзартылады
2016 ж. 29 сәуір
3442
9
Ауылшаруашылық жерлері шетел азаматтарына сатылмайды, тек жалға беріледі. Жер кодексінде мұндай ереже 2003 жылдан бері бар. Ол кезде 15 жылға берілсе, қазір тек жалға алу мерзімі 10 жылға ұзартылып отыр.
Халық қалаулысы мұндай тәжірибе бірқатар мемлекетте бар екенін атап өтті. Сондықтан бұл шаралар бос жатқан жерлерді кәдеге жарату үшін қолға алынып отырғанын айтты.
"Он жыл қосқанымыз, жерді қолға алып, оны игеріп, күтіп-баптауға мүмкіндік беруді ойладық. Кейбір жерлерде мал да жайылмайды. Оны не істеу керек? Міне, осы жағын ойластырып отырмыз. Қасиетті жер біздің анамыз тәрізді. Сол себептен, мен осы елдің перзенті ретінде айтарым, жер сатылмайды. Бірақ оны гүлдендіру біздің парызымыз болып саналады", - дейді мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев.
Қазақ жерін шетелдіктерге сату мәселесі ешбір құжатта қаралмаған. Депутат Сауытбек Әбдірахманов та осындай пікір білдірді.
Халық қалаулысы ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді жалға беру адамдардың оған ұқыптырақ қарауын көздейтіндігін айтты. Депутат осылай ғана шаруаларға асықпай тыңайтқыш салып өңдеуге мүмкіндік береміз деп отыр.
"2003 жылы қабылданған «Жер туралы» кодекстің 4-бабында ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер шетел азаматтарына сатылмайды деп нақты көрсетілген. Өкінішке орай, біз құқықтық қоғамды қалыптастырып жатырмыз. Толық қалыптаса қойған жоқ. Азаматтардың барлығы бірдей заң актілерін қарай бермейді. Бұл жалға алған адамдардың сол жерге ұқыптырақ қарауын көздейді", - дейді Әбдірахманов.