Григорий Марченко: Экономикадағы белгісіздік бәрін қатты шаршатты
2016 ж. 24 наурыз
2270
5
Ұлттық банктің экс-төрағасы Григорий Марченко ресейлік журналистерге Қазақстанның экономикасын не күтіп тұрғанын баяндады деп хабарлайды NUR.KZ порталы vesti.ru сайтына сілтеме жасап.
"Мұнай бағасы, рубль, теңге бағамдары өсіп келеді. Біздің Қазақстанда басқыншылық (интервенция) жасауға қор бар, дегенмен үш рет дағдарыс болғаннан кейін бір жарым жыл ішінде Орталық банкке сенім жоғалды... Бұл сенімді қайта қалпына келтіруге ұзақ уақыт керек", - дейді Марченко.
Оның ойынша, мұнайды экспорттаушы елдердің басты қателігі - экономиканы әртараптандыра алмағандығы.
"Соның салдарынан бағаның түсуінен қорғанатын қосымша жағдай бізде жасалмады. Нәтижесінде бізде айтарлықтай бағамдық саясат жоқ, бәрі мұнай бағасына тікелей байланысты болып отыр. Бізге тек үміттеніп отыра беруден басқа амал жоқ. Бәрі бір-бірінен мұнай бағасы қашан өсіп, қай уақытта жағдай жақсаратынын сұраумен отырады. Ал мұнайдың бағасы түскенде бәріміз жұмыла сол жақсы жағдайды жасауымыз керектігін түсінгенімізбен, бұл күрделі шаруа", - деп жалғастырды ол.
Марченко әлемдік экономиканы жаңа дағдарыс күтіп тұрғанын болжады.
"Әлемде 2008 жылғы дағдарыстан кейінгі жағдай әлі де сақталып тұр. 2008 жылдың дағдарысына әкеліп соқтырған мәселелердің ешқандай шешімі де табылмады. Әдеттегідей бар негізгі шаруаны Орталық банктер өз мойынан алуда. Олар тек жартылай мәселені шешіп отыр. Англия банкінің бұрынғы басшысы Мервин Кинг жақында 2008 жылғы дағдарысқа себеп болған жағдайларды зерттеп, шара қолданбасақ, дағдарыс қайталанатынын ашық мәлімдеген болатын. Соңғы бірнеше жылда біз дағдарыстың қайталануынан қашып құтыла алмайтынымызды түсіне бастадық. Бұл тек уақыттың еншісінде. Себебі ешбір құрылымдық мәселе шешімін таппады", - деп сендірді ол.
Марченко жүйелі көзқарастың жоқтығы да назар аударарлық мәселе екендігін алға тартты.
"Жүйелі көзқарастың жоқтығы - бұл біздің ортақ мәселе, онымен не істеу керектігі адамдарға келіп тіреледі. Экономистер қашан да индустриалды саясаттың ұзақ мерзімді екеніне әрі өнеркәсіптің жаңа салаларының дамуына септік тигізетініне сеніп келді. Алайда ол қашан да мемлекет үшін шығынмен аяқталды", - деп жалғастырды экс-төраға.
Оның сөзіне сенсек, индустриалды саясаттың тиімсіз болуына бірінші кезекте жемқорлықтың болуы себеп.
"Қазір олар индустриалды саясаттың тек жемқорлық болмаған жағдайда ғана тиімді екенін мойындады. Мәселен, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур және өзге де елдер үшін бұл тиімді болды. Ал мемлекеттік органдар білікті емес әрі жемқорлық жайлаған жағдайда болса, индустриалды саясат керісінше зиянын тигізеді", - дейді Марченко.
Экс-төраға қазіргі қоғамды бірінші кезекте белгісіздік алаңдаттыратынын сөз етті.
"Адамдарды бірінші кезекте белгісіздік үрейлендіреді. Көбі жағдайға байланысты жеңіл жауаптарды іздейді, нәтижесінде өздері не айтып тұрғандарын түсінбейді. Бүгінде оңай жауап пен дайын шешім жоқ. Бұл белгісіздік бәрін қатты шаршатты", - деп түйді Марченко.