Зейнетақы қорындағы 1 триллион 450 миллиард теңге инвестицияланады
2016 ж. 16 ақпан
2025
0
Министрлер зейнетақы қорындағы ақшаны қайда және қандай мақсатқа жұмсайтындарын шешіп қойыпты. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі халықтың 1 триллион 450 миллиард теңгесін инвестициялау уақытша шешім деді.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Ал ЭКСПО-2017 нысандарының құрылысын аяқтау үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлінетін болды. Ал Министр Бақыт Сұлтанов премьер-министрден қандай көмек сұрады? Халықтың табан ақы, маңдай терінен жиналған зейнетақы қорындағы қыруар қаржы қайда жұмсалады?
Өткен аптада Назарбаев зейнетақы қорындағы жылдар бойы жиналған қаражатты жұмсауға рұқсат еткеннен кейін, үкімет мүшелері халықтың жалақысынан жиналған қаражатты қалай инвестициялауды шешіп келіпті. Қорда жылдар бойы жатқан 1 триллион 450 миллиардтың біраз бөлігі дағдарыс кезінде бюджет тапшылығын жоюға, 500 миллиарды күн сайын құбылған долларды конвертациялауға жұмсалады.
Ал 600 миллиарды экономиканы қаржыландыру үшін банктер мен ұлттық холдингтердің облигацяларын алуға бөлінбек. Бүгін Үкімет мүшелері тұтынушылардың қыруар қаржысын сақтап қалу үшін нарықтық пайызбен жұмсайтынын айтып сендірді.
"Зейнетақы қорының активтері әртүрлі активтерге салынады ғой. Келешекте алатын табыстары инфляциядан жоғары болуы керек", - дейді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Ал Ахметжан Есімов үнемге көштік деп президентке мақтана есеп беріп, бюджеті жыл басында 53 миллиардқа қысқарған ЭКСПО көрмесінің құрылысына қайтадан қаражат бөлінетін болды. Министр Ерболат Досаев халықаралық көрменің нысандарын тезірек салып бітіру үшін қазына қаржысынан 85 миллиард теңге беріледі деп отыр.
"60 миллиард теңге көрме контенті мен павильондарды құруға, жоғары технологиялық инфрақұрылымды жасауға жұмсалады. Ал, 15 миллиард теңге көрме аумағындағы тұрғын үй мен сауда ойын-сауық орталығы құрылысын аяқтауға кетеді", - деді Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев.
Мемлекеттік бағдарламамен салынатын үйлердің бағасы да мемлекеттен қаржы бөлінгеннен кейін арзан болуы тиіс. Үкімет мүшелерінің есептеріне сенсек, Астана мен Алматыда пәтердің шаршы метрі 200 мың теңгеден, ал өзге аймақтарда 180 мыңнан қымбат болмауы керек. Ал, 20 ақпанға дейін бюджетті бекітіп үлгеруі тиіс қаржы министрі Мәсімовтен көмек сұрады. Бақыт Сұлтанов үкімет басшысынан өтініштерін жібермей созып отырған мемлекеттік органдардың жұмысын тездетуге тапсырма беруін өтінді.
Яғни, үкіметтегілер үлгеріп, бюджетті бекітсе, келесі аптадан бастап қаржы аймақтар мен салаларға бөліне бастайды. Алайда, министрлер қазына қаржысын 300 доллар курспен алдын ала бекітіп тастаған болатын. АҚШ валютасы күн сайын құбылғандықтан, енді бюджет курсы қаншамен есептеледі деген сауалды министр жауапсыз қалдырды.