Қазақ жеріндегі қара алтын қорының көлемі қандай?!.
2016 ж. 25 қаңтар
3822
0
Мұнайдың бағасы $30-дан да төмендеді. Былтыр сарапшылар «Қазақстанда 1 АҚШ доллары 400 теңге болады» деп болжаған еді. Бүгінде сарапшылардың сөзе шындыққа айналып келеді. Әлемдік нарықта көмірсутегіне деген сұраныс азайып, саудадағы мөлшері көбейіп кетті.
Бұл туралы Корреспондент басылымы жазады.
Мұнай бағасының құлдырауы жаһандағы көптеген елдердің экономикасын тұралатып, әлемдік нарықты теңселтіп тұр. Өткен аптада Еуропа мен Азиядағы ірі биржалардың индекстері игеруге келмей, төмендеп кетті. Қара алтын құнының төмендеуінің бір себебі шикізат нарығындағы «артық» сатушыларды ығыстыруда жатыр.
Мұнай бағасы 30 АҚШ долларының төңірегінде болуы көмірсутегін өндіретін көптеген елдерге тиімсіз. АҚШ-тың СNN арнасы келтірген дерек бойынша: Бразилияда бір баррель қара майды жердің бетіне шығару құны $48,8 екен. Ал, Канадада бір баррель мұнайды өндіруге 41 доллар жұмсалады. АҚШ, Норвегия, Колумбия сынды елдерде бұл сома 35 пен 36,5 АҚШ долларының төңірегінде. Иран мен Біріккен Араб Әмірлігінде мұнайдың бір баррелін өндіру құны 12,3-12,6 доллар. Ал, Иракта – $10,7, Сауд Арабиясында $ 9.9.
Нағыз қара алтын Кувейтте өндірілетін мұнай екен. Сапасы жағынан емес, өндіруге кететін шығын жағынан. Парсы шығанағындағы ел үшін бұл қаражат барреліне небәрі 8,5 АҚШ долларын құрайтын болып шықты.
Мұнай бағасының арзандауы Сауд Арабиясы секілді әлемдегі ірі мұнайлы алпауыттың экономикасын да тежеп тұр. Мемлекеттік кірістің 90 % мұнай саудасынан түсетін елде қазір бюджет тапшылығы 15 % төңірегінде. Мұнай бағасы құлдырап бара жатқаннан соң мұнда да қазына шығысы шектеліп, электр, ауызсу секілді өркениет белгілерінің бағасы өскен. Мұнайдан түскен ақшаға өмір сүріп үйренген арабтар үшін бұл тығырықтан шығар жол емес.
Бүгінде Сауд Арабиясының 45 миллион тоннаға жуық мұнай қоры бар. Соны сату керек. Оның үстіне бірталай жыл экономикалық бұғауда отырып, жаңа жылдан жаһандық нарыққа Иран шығып жатыр. Бұл онсыз де алушыдан сатушысы көбейіп кеткен мұнай базарында басы артық бәсекелес. «Иран мұнайын экспортқа шығарады» деген әңгіме былтыр басталғанда-ақ Brent бағасы арзандай бастаған-ды. Есебін тауып ресми Тегеранды нарықтан шеттетпек болған Әр-Рияд әрекетінен түк шықпады. Баға бәрібір арзандап кетті.
Қала берді, Сауд Арабиясының Aramco мемлекеттік мұнай компаниясы ақпан айында солтүстік-батыс еуропаға мұнайдың баррелін $0,60-қа, жерорта теңізі жағалауындағы елдерге әр барреліне 20 цент жеңілдік жасауға уәде берді. Оның бұл әрекеті осы аумақтарға мұнай сататын өзге бәсекелестерді нарықтан ығыстыруға саяды.
Мұнайдың арзандауының тағы бір себебі – экономикалық даму қарқыны бәсеңдеген Қытайдың ішкі нарыққа бейімделуге бет бұруы. Аспан асты елінің бұл әрекетін нарықтағы ойыншылар оны шикізат сұранысын айзайтпақ деп топшылап отыр. Салдарынан энергоресурс саласындағы сауда да суи түті.
Қара алтын арзандағанда Сауд Арабиясы сияқты мұнай алпауытының ахуалы мынау болса, Экономикасы сол шикізатқа тәуелді боп тұрған Қазақстанның халі не болмақ? Бізде бір баррель мұнай өндіруге $27,8 жұмсалады екен. Ал, нарықтағы баға 30 долларға шақ тұр. Сонда өзімізге қалары екі ақ доллар ма? Сол қалғанның салығы ғана қазынаға түсерін ескерейік. Оған қоса, өндірілген өнімді өңдеуде де өкініштер баршылық. Бүгінде біздегі мұнайды алу коэфиценті 30% екен.
Сапасына келсек… Қазақ мұнайының сапасы онша емес деген – әфсана. Американдық мұнай институтының (IPC) мамандары осындай қорытындыға келген. Теңіз бен Қарашығанақ кеніштерінен алынатын майды зерттеген IPC сарапшылары оның Brent пен Urals-тың да сапасынан жоғары екенін айтады.
Осы екі кеніштен алынатын май қоспасына қатысты әлемдік мұнай жайлы әдебиеттерде СРС-blend деген теримн пайда болды. Бұл дегеніңіз – біздің мұнайдың бағасы өзгелерден жоғары болуы тиіс деген сөз. «Онда сол мұнайды көп мөлшерде сатып, мына дағдарысты елді қинамай еңсеріп алайық» деген ой келуі мүмкін. Бағы төмен боп тұрған мына заманда мұнайды көп өндіріп, жер қойнауын қансыратқаннан басқа ұтарымыз шамалы.
Бағаны тұрақтандыру үшін мұнай экспорттаушы елдер – ОПЕК Қазақстанға көмірсутегін өндіруді қысқарту туралы қолқа салыпты. Бірақ, былтырғы басқосуда сол ұйымның өзі ондайдан бас тартқан болатын. Онсыз да соңғы үш жылда бізде мұнай өндіру мөлшері қысқарып келеді. 2013 жылы елде 81,8 млн тонна мұнай өндірілген болса, 2014 жылы 81 млн тонна өндірілген.
Бұл көрсеткіш былтыр тағы 1 млн тоннаға қысқарған еді. Күніне 1,8 млн баррель (әлемдік өндірістің 2%-авт. ) мұнай өндіретін қазақ жерінде қарамай жетеді. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы мұнай қоры 11-12 миллиард тонна. Көптеген ғалымдар Қазақ жерінің қойнауындағы қара алтын қоры туралы сөз болғанда 76 миллиард тонна деген санды айтады. Ал, табиғи газ қорының көлемі 6 трлн м³.
Әлі қойнауы зерттелмеген аумақтар бар. Өкінішке орай, геологиялық зерттеу бізде әлі де кенде қалып отыр. Жеріміздің геологиялық картасын жасау жақында ғана қолға алынды.
qazaquni.kz