Ақтау халықаралық теңіз сауда порты жаңғыру жолында
2015 ж. 02 желтоқсан
5224
6
Еліміздің көліктік-логистикалық әлеуетін әлдендіріп, қуатты транзиттік хаб қалыптастыратын Ақтау халықаралық теңіз сауда порты жаңғыру жолында. Тегеурінді теңіз қақпасына шет мемлекеттермен экономикалық байланыстардың буынын бекітіп, сауда-саттықты жаңа сатыға көтеріп, алыс- берісті арттырып, барыс- келісті ширату міндеті жүктелген. Сәрсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметі аймақтық филиалы ұйымдастырған баспасөз турында көлік саласының жаңа көкжиегіне көз салып, транзиттік тасымалды ұлғайтуды межеге алған порттың солтүстік бағытқа кеңейту жұмыстарымен таныстық.
Ақтау халықаралық теңіз сауда портына барған бір топ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Жеңіс» кемесіне мініп, солтүстік бағытқа қарай жол жүрдік. «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» Ұлттық компаниясының» тапсырысымен Голландияда жасалған кеме жүк тасымалдауға пайдаланылады. Тәулік бойы үздіксіз жұмыс жасайтын кеме шағын болғанымен, қуаттылығы 1246 кВт-қа дейін жетеді. Солтүстік бағыттағы теңіз айлағында тұрған «Түркістан» құрғақ жүк кемесі жуырда Иран мемлекетіне сапар шегеді.
Алғашқы рет сынақ ретінде экспортқа шығарылатын кеме арқылы көрші мемлекетке бес мың тонна бидай жөнелтіледі. Бұл кемеге астық толық тиелгенде кеменің қызыл бөлігі суға батады. Сондай-ақ осы солтүстік бағытта 60 мың тонна алты бірдей астық терминалы бой көтерді.
Жұмысымызға кедергі болмас үшін жалпы аумағы 550 шақырым толқын тосқы салынды,-дейді «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның президенті Михаил Ялбачев.
Теңіз айлағында бір жылдан астам уақыттан бері «Түркістан» кемесімен қатар «Бекет ата» су көлігі құрғақ жүк тасымалдайды. Кеңейту жұмыстары жүріп жатқан солтүстік бағытта алғаш рет өзге облыстардан келген астық терминалы арқылы су көлігіне тиеліп жатыр екен. Сонымен қатар, жүк ауыстырып тиеу қызметі көтергіш кранның көмегімен жүзеге асуда. Қауіпсіз әрі ыңғайлы осы көлік түрі бір мезетте әрқайсысы 10 тонна болатын бірнеше қапты кемеге тасымалдайды.
Су көлігіне жүк тиеп-түсіру жұмысын 4 бригада тәулік бойы жүргізеді. Бір тәуліктің ішінде 400 мың тонна әртүрлі жүк тиеледі. Елімізде экспортқа шығарылатын жүк көлемі артқандықтан, көтергіш кранды пайдалануды жөн деп таптық. Бұл технология өткен жылдан бастап қолданысқа енгізілгелі небәрі 2 минутта 10 тонна жүк тиеледі. Ең бастысы, техникалық қауіпсіздік сақталып, жұмысшыларға ешқандай кедергі болмайды. Егер жел қатты көтеріліп, секундына 18 метрден асып кетсе немесе жауын қатты жауса,
еңбек тәртібіне сай жұмыс уақытша тоқтатылады,-дейді жүктерді тиеп-түсіру кешені басшысының орынбасары Медет Мырзағұл.
БАҚ өкілдеріне солтүстік бағытты кеңейту жұмыстары таныстырылғаннан кейін «Ақтау халықаралық теңіз сауда портының» мәжіліс залында баспасөз мәслихаты өтті. Жиында «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның президенті Михаил Ялбачев портты солтүстік бағытқа кеңейту жұмыстары 2016 жылдың
I тоқсанында аяқталатынын хабарлады. Нәтижесінде жүк тиеп-түсіру қуаттылығы артып, Қытай-Қазақстан-Әзірбайжан-Грузия-Түркия бағытындағы транзиттік тасымалы дами түспек.
qazaquni.kz