
Ақтау портында экспортталатын отандық астықтың бірінші партиясын тиеу аяқталуға жақын. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ Маңғыстау филиалы ұйымдастырған баспасөз-турында «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті Михаил Ялбачев хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, алғаш рет сынақ режімінде қазақстандық арпаны «Түркістан» құрғақ жүк кемесіне тиеу аяқталуға жақын.
- Қазақстандық «Түркістан» құрғақ жүк кемесіне солтүстік терминалдан алғашқы астықты тиеу жүргізіліп жатыр. Кемеге 4700 тонна арпа тиеліп, Иранға жөнелтіледі.
«Өз жүгің - өз портың - өз флотың» моделін жүзеге асыруға құрғақ жүкті тасымалдауға арналған тағы бір «Бекет ата» кемесі қатысады. Кемелер теміржол арқылы жеткізілген астықты және өзге де жүкті Ақтау портынан ары қарай тасымалдауды жүзеге асырады, - деді Михаил Ялбачев.