Мақсатымыз – сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу
2015 ж. 27 қараша
2727
0
Жыл басынан бері аталған заңды тұрғындарға түсіндіру және насихаттау, департамент пен «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы, «Маңғыстау облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі, облыстық әділет және облыстық ішкі істер департаменті, халыққа қызмет көрсету орталығының облыстық филиалы арасында жасақталған меморандумдардың талаптарын орындау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, семинарлар мен дөңгелек үстелдер, форумдар, брифингтер, тікелей эфирлер, мәдени және спорттық іс-шаралар, флешмобтар және басқа да іс-шаралар өткізілді.
Осы шаралардың ішінде департаменттің стратегия талаптарына түсіндіру мақсатында өткізген кеңейтілген форумын ерекше атап өтуге болады. Форумның жұмысына облыс әкімінің орынбасары, мемлекеттік жергілікті атқарушы және аумақтық органдардың, құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, «Нұр Отан» партиясы мен БАҚ өкілдері қатысты. Форум барысында «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы және «Маңғыстау облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзара іс-қимыл жасау бойынша меморандумдарға қол қойылды. Осыған ұқсас меморандумдар облыстық әділет, ішкі істер департаменттерімен, сондай-ақ облыстық халыққа қызмет көрсету орталығымен жасақталды. Сонымен қатар, Ақтау, Жаңаөзен қалалары, Бейнеу, Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған, Маңғыстау аудандары әкімдіктерінде «Біздің міндет – халыққа қызмет» атты семинарлар мен баспасөз мәслихаттары өткізілді. Семинарға қала және аудан әкімдері, жергілікті атқарушы және аумақтық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жағалау күзеті және «Батыс» Өңірлік басқармаларына қарасты, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланына қарасты әскери бөлімдерде және облыстық қорғаныс істері бойынша департаментінде де семинарлар өткізілді.
Стратегия талаптарын және ҚР Президентінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауын насихаттау мақсатындағы іс-шаралар облыстық білім, құрылыс, жер қатынастары, еңбек, табиғатты пайдалану, жұмыспен қамтуды үйлестіру, т.б. басқармаларда, облыстық мемлекеттік кірістер, қылмыстық-атқару жүйесі, статистика департаменттерінде, халыққа қызмет көрсету орталығында да өткізілді. Осыған ұқсас семинар-лекциялар өңірлік білім беру орталықтарында да тұрақты түрде өткізілуде.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін көтеру мақсатында Мұнайлы, Қарақия аудандық және Жаңаөзен қалалық әкімдіктерінде әділет, статистика департаменттері және қаржылық бақылау инспекциясының, ішкі істер органдарының мамандарымен бірлесіп, аудан, қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне арналған оқыту семинары өткізілді.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тікелей эфирінде «Орта толсын», «Менің құқығым», «Ел ертеңі», «Түйін», «Алқа», «Ашық әңгіме», «Резонанс» атты ток-шоулар мен ақпараттық сараптама бағдарламалары ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметті өткеру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты көрермендердің сұрақтарына жауап берілді.
Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде, энергетикалық, политехникалық, медициналық, педагогикалық колледждерде, экономикалық және қазақ-түрік лицейлерінде, дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында, қалалар мен аудандардағы орта мектептерде, этномәдени және діни бірлестіктердің, бизнес-қауымдастық өкілдері үшін мемлекеттік қызметті өткеру жүйесіндегі меритократия принциптері және сыбайлас жемқорлықпен күресудегі әлемдік тәжірибе бойынша семинар-лекциялар ұйымдастырылды.
Тұрғындарға қолжетімді құқықтық кеңес беру мақсатында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қоғамдық қабылдаулар тұрақты түрде өткізілуде.
Жас ұрпақты сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздік рухында тәрбиелеу мақсатында ғаламтор мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылуда. Жастар ең көп пайдаланылатын facebook, twitter, vkontakte, instagram әлеуметтік желілерінде департаменттің арнайы парақшалары ашылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясат саласындағы жаңалықтармен таныстырылуда.
Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған облыс әкімі және департамент басшылығының, жергілікті атқарушы, аумақтық мемлекеттік және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен салтанатты мерекелік іс-шара өткізілді. Іс-шара шеңберінде департамент басшысының атынан 52 жергілікті атқарушы, аумақтық органдардың, ауыл әкімдіктерінің қызметкерлері марапатталды. Сонымен бірге облыстағы мемлекеттік қызметшілердің имиджін көтеру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік мемлекеттік тапсырысы негізінде түсірілген қысқа метражды деректі фильмнің тұсауы кесілді.
Салтанатты іс-шараның соңы жергілікті және республикаға танымал өнер иелерінің мерекелік концертіне ұласты. Іс-шара шеңберінде мемлекеттік қызмет ардагерлеріне сый-сияпат және құрмет көрсетілді.
Бұдан басқа, Ақтау және Жаңаөзен қалаларының, Бейнеу, Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия, Мұнайлы аудандарының әкімдіктерінде жергілікті атқарушы, аумақтық, құқық қорғау органдары, ауыл әкімдіктері қызметкерлерінің қатысуымен Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шаралар болып өтті. Мереке барысында мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар да кең көлемде қамтылды.
Сонымен қатар ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мен Ақтау қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасында «Спорт – денсаулық кепілі!» атты спорттық спартакиада өткізілді. Отан қорғаушылар күніне, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына, Конституциямыздың 20 жылдығына және 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне арнап ұйымдастырылып, екі айға созылған жарысқа қатысушылар спорттың 12 түрінен сайысты.
Түпқараған және Қарақия аудандарында да мемлекеттік қызметшілер арасында аталған мерекеге орай спорттық спартакиада мен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталды.
Қыркүйек айында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Маңғыстау облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің бастамасымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің, облыстық ішкі саясат басқармасы және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Жемқорлықсыз болашақ» атты жастар форумы өткізілді. 260-тан астам студенттер, мемлекеттік органдардың, қала және аудандық жастар ресурстық орталықтарының, үкіметтік емес ұйымдардың және жастардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері және жас мамандар қатысты.
Департамент қызметкерлері «Кәсіби мемлекеттік аппаратты құру», ҚР 2015-2025 жылдарға арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының» талаптары мен департамент тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар, мемлекеттік қызметшілердің этикасы және сыбайлас жемқорлықпен күрестің халықаралық тәжірибесі тақырыптарында дәрістер жүргізілді. Шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы имидждік бейнероликтер көрсетумен, әлеуметтік сауалнама жүргізумен, ақпараттық жадынамаларды таратумен және «Сыбайлас жемқорлық – жастар көзімен» атты плакаттар мен карикатуралар конкурсының жеңімпаздарын марапаттаумен аяқталды.
Ағымдағы жылдың қазан айында «Ауылым – алтын бесігім» атты жастар керуені аясында Маңғыстау ауданына қарасты Ақшымырау, Сайөтес, Түпқараған ауданына қарасты Қызылөзен, Таушық, Қарақия ауданындағы Сенек, Құланды, Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау, Қызылтөбе, Баянды ауылдарының жастарымен кездесу ұйымдастырылды. Керуен құрамында департамент қызметкерлері, облыстық жастар саясаты басқармасының, облыстық жастар ресурстық орталығының, «Жас Отан» жастар қанатының, облыстық мұсылмандар діни басқармасы және тұрғын-үй құрылыс банкінің өкілдері болды.
Керуеннің басты мақсаты ауыл жастарына, жас мамандарға, ауыл тұрғындарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының талаптарын, жұмыспен қамту, өңірлерді дамыту сынды мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тетіктерін түсіндіру және жастарға діни экстремизмнің қауіптілігі мен оған қарсы тұрудың жолдары түсіндірілді.
Осыған ұқсас іс-шаралар облыстық әділет департаментінде, ішкі істер органдарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрақты түрде өткізілуде. Жоғарыдағы іс-шаралардың барлығы өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жас ұрпаққа үлгі қылу, мемлекеттік қызметтің имиджін көтеру мақсатында кең көлемде жария етілді.
Алдағы уақытта да тәуелсіз еліміздің дамуына кедергі келтіретін, ұлт болашағына балта шабатын сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейте беретін боламыз.
Еркеш НӘРЕМБАЕВА,
qazaquni.kz