Маңғыстауда құны 162 млрд теңге болатын инвестициялық жобалар жүзеге аспақ
2015 ж. 20 қараша
1966
0
Елімізге шетелдік инвесторларды тартуда өңірлердің маңызы аса жоғары. Ол үшін Қазақстанда бизнес жүргізуге ынталы компанияларды іздестіруде белсенділік танытуымыз керек. Бейсінбіде Ақтауда Қазақстан саясаттанушылары конгресінің қолдауымен өткен жиында сарапшы Гүлмира Қорғанбаева Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы Елбасы тапсырмасына орай өз пікірін білдірді, - деп хабарлады 24.kz.
«Қазір инвесторлар аса ірі жобаларға қызығушылық танытпайды. Сондықтан, Мемлекет басшысы айтқандай, инвесторларға жағдай жасап, шетел қаржысын сұранысы жоғары тауарларды шығаруға жұмсауымыз қажет», - дейді экономика ғылымдарының кандидаты. Ал Маңғыстауда индустрияландырудың екінші бесжылдығында құны 162 млрд теңге болатын 21 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 6 мыңдай жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Жыл басынан бері өңір экономикасына салынған инвестиция 400 млрд теңгеге жуықтаған. Соның арқасында 7 жоба іске қосылып, 384 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазір Латвия, Қытай, Франция, Италия елдерінің инвесторлары өңірде кәсіпорын ашуға ниет танытуда. Олар мұнай-газ құрылғыларын шығарып, балық өңдеу зауыты мен шоколад фабрикасын және күн мен желден қуат алатын электр станцияларын іске қосуға құлықты. - Шетелдік инвесторлар қазіргі таңда ірі жобаларға қызығушылық танытып отырған жоқ. Керісінше, шағын болса да шығыны тез өтеліп, мол пайда әкелетін кәсіпорындарды іске қосуға ниетті. Сондықтан Елбасы айтқандай, инвестициялық заңнамаларды жетілдіріп, шетелдік инвесторларға барынша жағдай жасауымыз керек, - дейді экономика ғылымдарының кандидаты Гүлмира Қорғанбаева.
qazaquni.kz