ҰЛТТЫҚ БАНК 100 ТОННА АЛТЫНДЫ ҚАЙДА ЖІБЕРДІ?

Жә, соңғы дағдарыс Қазақстан мұнай секторына соққы болып тиді. Десе де, алтын қоры жөнінен әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің сапында едік қой. Ресми деректер не дейді? WIKIPEDIA-ның дерегінше Қазақстан дүниежүзі бойынша алтын қоры көлемінен 5-орында (жер қойнауындағы кенді айтып отырмыз), ал ТМД бойынша Ресей мен Өзбекстаннан кейінгі 3-орында-мыс.

Келімбетов отставкаға кетердің  алдында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева ханым Ұлттық банк қорында 115 тонна алтын барын мәлімдеген. Алайда экономист Саян Қамбаровтың пікірінше, бұл көрсеткіш 215 тоннаны құрауы тиіс болған. Бұл туралы Zakon.kz сайты жазған болатын.

Ал finance.nur.kz-тің жазуынша, Ұлттық банк қорында 115 тонна емес, 215 тонна алтын болуы тиіс. Қамбаров өзінің алтын қоры туралы айтқандарын келесідей аргументтермен дәлелдейді. «ҰБ өзінің сайтында сақтаулы алтынның физикалық мөлшерін емес, оның күн сайынғы эквивалентін жариялайды. Сонымен 2015 жылдың қыркүйек айындағы  көрсеткіш 7,7 миллиард долларды құраған. COMEX биржасындағы алтынның бір тоннаға шаққандағы бағасы 35,864 млн. долларды құрап отыр. Бұл 2015 жылғы 30-қыркүйектегі баға. Сондықтан Ұлттық банк қорындағы алтынның мөлшері  Ғалиева айтқандай 115 тонна емес, 214,81 тоннаны құрауы тиіс», – дейді экономист Қамбаров.

Сонымен Қазақстанның қалған алтыны қайда қазір? Лондон, Нью-Йорк немесе Швейцария банктерінде ме? Қазақ алтынының қызығын Қытай көріп отырғаны жасырын емес. Олай дейтініміз, Қытай әлемдік нарықтағы «фьючерс» саудасындағы баға төмендігін пайдаланып, алтын сатып алып жатқандығы туралы осыған дейін БАҚ жазған болатын.

Осы ретте Ұлттық банктің жаңа ғана тағайындалған төрағасы Данияр Ақышев мырзаға төте сұрақ сұранып тұрғаны рас. Неге Қазақстанның алтын-валютасы  шетелдік банктерде сақталады? Оны Қазақстанға қайтаруға бола ма? Жылына Қазақстаннан қанша тонна алтын және алтын құрамдас минералдар шет елге шығарылады? Қайда және қандай мақсатта?

Алтын ықылым кезеңдерден бері негізгі валюта қызметін атқарып келе жатқаны рас. Бүгінде әлемдік қаржы жүйесінде алтын өз құнын жоғалтпай сақтап тұрған тұрақты антикризистік резерв. Сонымен қатар, алтын резерві ұлттық валюта қорын  реттейтінін білеміз. Және бір білетініміз алтын қоры көп болған сайын мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігін сақтап қалу мүмкіндігі жоғарылайтыны.

Осы орайда «Дүниежүзілік алтын қоры кеңесі» арнайы мониторинг жүзгізіп, алтын қоры жөнінен ең бай мемлекеттердің рейтингін жасаған. Сонымен, қай мемлекеттер алтынның арқасында шалқып отыр және Қазақстан бұл тізімде нешінші позицияда?

  1. АҚШ. 2015 жылдың 30-қыркүйек айындағы қорытынды бойынша АҚШ-тың таза алтын қоры 8133,46 тоннаға жеткен. Бұл АҚШ-тың алтын-валюта резервінің 73,7 пайызын құрайды.
  2. Германия. Германияның алтын қоры 3381,01 тонна алтын қоры мен 67,6 пайыздық резервті құрайды.
  3. Италия. Италияда бұл көрсеткіш 2451,84 тонна мен 66 пайызды көрсетеді.
  4. Франция. Франция да  2435,41 тонна қорымен алдыңғы бестіктің ішіне кірген.
  5. Қытай.  2015 жылдың қорытындысы бойынша 1685,42 тонна қорымен алтынға бай бестікті Қытай түйіндейді.

Ал Қазақстан ше?

«Дүниежүзілік алтын қоры кеңесі» жүргізген арнайы мониторинг қорытындысы бойынша 20,5,65 тонна алтын қоры бойынша 24-позицияға жайғасқан. Ал 2010-жылы бұл тізімде Қазақстан 39-орында болған. Ал ҚР инвестиция және даму вице-министрі Альберт Раудың айтуынша, Қазақстан жыл сайын 22 тонна алтын сатып алады.

Ал қойнауы алтынға бай Қазақстан дүниежүзі бойынша 5-орында бола тұра неліктен өзге мемлекеттен алтын сатып алады және неге әлемдегі алдыңғы қатарлы алтынды елге айналмайды? Ұлттық банк айтқандай қазіргі  алтын қорымыз 115 тонна болса,  қалған 100 тонна алтын қайда кетті?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

abai kz