КЕЛІМБЕТОВ КЕТТІ!.. Ұлттық банк басшысы болып Данияр Ақышев тағайындалды.
2015 ж. 02 қараша
2632
1
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сенатқа данияр Ақышевті Ұлттық банк басшысы етіп тағайындай туралы өтініш білдірген болатын.
Сенат бұл өтінішті қабылдады.
Мемлекет басшысы өз үндеуінде Қ.Келімбетовті Ұлттық банк төрағасы лауазымынан босату туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Қазақстан Конституциясының 44-бабының 4-тармағына, 55-бабының 2-тармағына сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк төрағасы лауазымына президенттің көмекшісі қызметін уақытқа атқарушы – Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі Данияр Ақышевті тағайындауға келісім беру жөніндепарламент сенатына өтініш жолдады.
Нұрсұлтан Назарбаев Ақышевтың біліктілігін және мол тәжірибесі бар екенін атап өтті.
“Ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясын үздік бітірген. 18 жылдан астам уақыт Ұлттық банкте еңбек етті, соның жеті жылында төрағаның орынбасары болды. Қазіргі уақытта Президент Әкімшілігінде қызмет істейді, еліміздегі ахуал мен экономикалық мәселелерді жан-жақты зерделей біледі”, – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан президенті Ұлттық банк басқару жүйесінің, әсіресе мемлекеттік қаржыны басқарудың маңызды элементі болып саналатынын айтты.
“Қазір банкке және ұлттық валюта – теңгеге деген сенім азайды, бұған жол беруге болмайды. Елде теңге өтімділігінің тапшылығы сезіледі, экономиканы несиелеу көлемі төмендеуде. Бұлар – төмен көрсеткіштер, оларды түзету үшін жұмыс істеу керек. Д.Ақышевтың білімі мен тәжірибесі оған осы міндетті атқаруға септігін тигізетініне сенімдімін. Парламент сенатынан елдің қаржы жүйесінің игілігі үшін менің осы шешімімді қолдауды сұраймын”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы отандық экономиканың жағдайына бірқатар факторлар ықпал ететінін айтты. Олардың қатарында негізгі экспорттық тауарлар бағасының төмендеуін, әлемдегі геосаяси жағдайды, сондай-ақ Қытайдағы экономикалық ахуалды атауға болады.
“Біз бұл қатердің бәрін еңсереміз, ол үшін қажетті мүмкіндіктер бар, жоспарлар әзірленген. Қазақстанның мемлекеттік қарызы төмен деңгейде. ІЖӨ-нің 40 пайызы көлемінде резервтеріміз бар, егер соны тиімді пайдаланатын болсақ, экономиканың дамуын жалғастыра аламыз және халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің нашарлауына жол бермейміз. Біз жүргізіп жатқан индустрияландыру және «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы сыртқы теріс ықпалдардың әсерін азайтуға бағытталған. Барлық өнеркәсіптік ірі кәсіпорындарға тағы да сөз арнай отырып, жұмыс орындарын сақтауды қамтамасыз етуге шақырамын”, – деді Қазақстан президенті.
Ал Ұлттық банк баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме бермеді.
Ұлттық банктің заңына сәйкес, Қазақстан Ұлттық банк төрағасын президент парламент сенатының келісімімен 6 жылға тағайындайды.