Made in Kazakhstan: Не себепті қазақстандықтар отандық киімді кигісі келмейді?
2015 ж. 05 қазан
3924
2
Не себепті қазақстандықтар отандық тауардан гөрі импорттық тауарды жиі сатып алады? Олардың таңдауына не әсер етеді – сапаға деген сенімсіздік пе, жоқ әлде тұрғындардың отандық тауарлар туралы бейхабар болуы ма?
Бұл туралы Азаттық радиосына сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
Алматы тұрғыны Фериде Қазақстанда жасалған киімді кигісі-ақ келетінін, бірақ олар оның талғамына сай болмай жататынын алға тартты.
“Кеңес кезеңінде біздің өнімдер өте сапалы болатын. Қазір ондай киім таппайсың. Бұл сала енді қайта өркендеп келе жатқандықтан, сапасы нашарлау. Сол себепті мен импорттық киімдерді сатып алуға мәжбүрмін. Оның өзінде Қытайда немесе Қырғызстанда тігілгенін”, – дейді Фериде.
Азаттық тілшісі Алматыдағы Көк базардың барлық сауда нүктелерін аралап шықты. Нәтижесінде тек Түркия, Қырғызстан және Қытай киімдерін таба алды.
“Шетелден келген киімнің құнына жол шығындары кіреді. Одан бөлек баж салығы да бар. Осы шығындарды қосатын болсақ, тауар бағасы екі есе қымбат болады”, – дейді нарықтағы сатушылардың бірі Гүлниса.
Гүлниса Қазақстанда тігілсе, киім әлдеқайда арзан болар еді деп санайды.
Алматыда киім сатушы Жанар Қазақстанда киім тігілмейтініне, тіккеннің өзінде сапасы нашар болатынына сенімді.
“Сатып алушылар арзан киім іздесе олар Қырғызстанның немесе Қытайдың киімдерін алады. Ал қымбатын қаласа, таңдауы Түркия еліне түседі. Мен Түркияның киімдерін сатып аламын. Нарықта алты жыл болсам да, маған отандық киім ұсынғандар болмады”, – дейді сатушы.
Тігін цехының қожайыны Насим де тұрғындар отандық киімдерді сатып алуға құлықсыз деп санайды.
“Неге екенін білмеймін, бірақ Қазақстанда жасалған деп айтсаң болды сатушылар ат-тонын ала қашып, киімді алудан бас тартады. Оларға Қытай мен Қырғызстанның киімін сатқан тиімдірек. Бірақ не себепті екенін әлі де түсінбеймін”, – дейді Насим.
Насимнің цехында, жұмыс киімдері, әйелдерге, ерлерге арналған, спортқа арналған киімдер тігіледі. Цех иесінің айтуынша, мата Түркиядан әкелінеді, киімді тігетін шеберлер де түркітер.
“Менде тек тігіншілер ғана қазақстандық қыздар мен жігіттер. Біздің киімдердің сапасы түрік киімдерінен қалыс қалмайды. Соған қарамастан, саудагерлер біздің тауарды алмайды. Сондықтан түрік логотипін қолданып, сатуға мәжбүрміз”, – дейді кәсіпкер.
Алайда отандық киімге ешкім қызықпайды дегенмен келіспейтіндер де бар. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының тігін компаниясындағы менеджер Жанар Сәрсенбаева олардың өнімі осы жылдың жазынан бері жақсы сатылып жатқанын айтуда.
“Біз ерлерге арналған костюмдер мен шалбарлар, балаларға мектеп формасын тігеміз. Доллар бағамы өскеніне қарамастан, біздің киімдердің құны өзгеріссіз қалды. Бәлкім содан болар, сауда жақсы жүріп жатыр”, – дейді Сәрсенбаева.
Психолог Бақытгүл Әбдіраманованың ойынша, отандық киімге сұраныс жарнаманың жеткіліксіз болуынан аз.
“Бірінші кезекте адам психологиясына жарнама әсер етеді. Мен бұған дейін отандық өнімнің жарнамасын кездестіріп көрмедім. Тіпті қазақстандық киімді қайда тігіп, сататынын да білмеймін. Сол себепті тауарды жарнамалай білу керек”, – дейді психолог.
Қазақстандық билік отандық тауарлар жарнамасын жиі айтады.
2015 жылдың 11 ақпанында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев елді отандық тауарлар алып, кәсіпкерлерді қолдауға шақырды. Ол «Қазақстанда жасалған» акциясын бастап, отандық тауарларды жарнамалау қажеттігін айтқан болатын.
17 қыркүйекте Атырауда облыс әкімдерімен кездескен президент қазақстандық өнімді тағы да сөз етті. Ол өзін “қазақстандық өнімнің жарнамалаушысы” атап, отандық киім киіп келген болатын.
«Менің үстімдегі костюм қазақстандық, туфли де қазақстандық. Біздің жеңіл өнеркәсіпті осылай жарнамалаймыз», – дейді Назарбаев.