Мемлекетке тиесілі 60 ірі компания сатылымға шығарылмақ
2015 ж. 23 қыркүйек
1595
2
Жекешелендірудің екінші толқыны шеңберінде тағы бір ауқымды сауда-саттықтар сериясы жүзеге аспақ. Бұған дейін мемлекетке тиесілі болып келген 60 ірі компания сатылымға шығарылады деп хабарлайды Астана арнасы.

Үкімет екі рет саудаланып, өтпеген нысандарды таратып жібермекЖекешендірудің екінші толқыны аясында былтыр 379 нысан саудаға шығарылып, оның 205-і сатылған. 175-інің «әлі саудасы келмей» жатыр. Вице-премьердің айтуынша, оларды иеленуге құлшынып отырған адам жоқ көрінеді. Табыс әкелеріне күмәнданса керек. Немесе жүректері дауаламайды. Өйткені ол нысандар жұмыс бағытын өзгертпеуі тиіс. Былтырдан бері осындай компаниялар бірнеше айналыммен аукционға шығарылған. Енді үкімет екі рет саудаланып, өтпеген нысандарды таратып жібермек. “Концерт залдары, спорт алаңдары, болмаса ақпарат құраладары, бизнеске пайдасы жоқ, шығыннан басқа. Негізі қызығушылық танытатын нысандар сыртта қалып қойып жатты. Қазіргі айтып отырғанымыз осы бизнеске қажетті нысандар”, – деді премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.
Табысы мол 60 ірі компанияны қалталылар бірден қағып аладыЖеке қолға сату жайлы мәселе көтерілгенде, дау туғызған стратегиялық нысанның бірі – Қапшағай су электр станциясы-тын. Жекеменшік иесі тарифті өсіріп жібереді деп қауіптенген Алматының экс-әкімі үкіметке хат та жолдаған. Кейін ГЭС «Самұрық-Энерго» қарамағына өтеді деген ақпар тарады. Бірақ нысанның тағдыры әлі де қыл үстінде тұрғанға ұқсайды. Сондай-ақ, құны 5 млрдқа жетпейтін тағы 161 нысан мемлекет меншігінен шығарылмақ. 74 мың адамды жұмыспен қамтып отырған бұл компаниялардың жалпы құны 290 млрд теңгені құрайды. 13 қазанға дейін нақты тізім белгілі болмақ. Үкіметтегілердің айтуынша, табысы мол 60 ірі компанияны қалталылар бірден қағып алады. Нарықтағы тербелістерді ескерсек, шет елдік инвесторлардың жетіп келуі екіталай. Сондықтан құйқалы компаниялар отандық бизнес бомондқа бұйыруы бек мүмкін. Есесіне, екі айналымда да сатылмай қалған ортаңғол компаниялар тарап тынбақ.
Дереккөз: Астана телеарнасы