2 тамыз күні ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Үкімет бұл заңның тиімді екенін баса айтуда. Бүгін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова журналистерді жинап, заңға енгізілген өзгерістерді халыққа түсіндіру үшін арнайы брифинг өткізді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Заңға Президент қол қойды дегенде, халық «осы уақытқа дейін зейнетақы қорына жинаған ақшамыз не болады» деп алаңдай бастады. Нақтырақ айтсақ, бірнеше күн бұрын «осы уақытқа дейін жиналған зейнетақы қорындағы ақша мұраға қалмайтын болыпты деген» сөз тарап кетті.
Вице-министр бұл сұрақтың мән-жайын нақты түсіндіре келе, қазір қазақстандықтар міндетті түрде зейнетақы қорына аударып отырған 10 пайыздық жарнасы үшін алаңдамаса да болады дегенді айтты.
«Мұраға қалдырылатыны – сіздің зейнетақы қорына жинаған 10 пайыдық жарнаңыз. Яғни, сіздің еңбекақыңыздан қазір ұсталып отырған 10 пайыз ақша – сіздің жекеменшігіңіз, яғни, салымшы кенеттен дүние салған жағдайда, ол ақша туыстарына мұра ретінде қалады. Заңның бұл тармағына қатысты ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ. Ал, жұмыс беруші аударатын 5 пайыздық жарналар мұраға жатпайды», - деп түсіндірді С.Жақыпова.