ЖАҢАӨЗЕН ЖОЛ САЛУДА БОЛАШАҚҚА
2015 ж. 04 шілде
6948
0
Бұрын ел тұрғындары қиян шеттегі шағын мұнайшылар қаласы ретінде еміс-еміс қана біліп келген Жаңаөзеннің аты жаһанға мәшһүр бүгінде. Оның халықаралық «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің маңызды бір нүктесіне айналғанын арада жүк тасымалы басталып та кеткен Өзен (Қазақстан) –Қызылқия – Берекет (Түрікменстан) – Горган (Иран) теміржолының ашылуы тағы паш етті. Келешегі зор Кендірлі демалыс аймағы күні ертең үлкен құрылыстар алаңына айналып, жаңа елді мекендер мен жұмыс орындары ашылады деп үміттеніп отыр жергілікті жұртшылық. Жаңа мұнайгаз кенорындарын ашу, жаңа технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтарды пайдалану арқылы жер қыртысының терең қабаттарынан «қара алтын» мен «көгілдір отын» алу, өндіріс тиімділігін арттыру, кәсіпкерліктің өрісін кеңейту... күн тәртібінде тұрған мәселелер.
Жаңаөзеннің қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы қалай? Шаһарды дамыту бойынша өткен бір жыл ішінде не тындырылды? Алдағы уақытта халықтың саулығы мен әл-ауқатын жақсарту бағытында қандай маңызды істер жоспарланып отыр? Осы тектес сауалдарға толымды жауапты бір жылдық жұмысы туралы ел алдында қорытынды есебін берген Жаңаөзен қаласының әкімі егжей-тегжей баяндап берді.
Әкімнен бұрын өз көзімізбен көріп-біліп, аңғарғанымызды айтайық. Болашаққа сеніммен қарайтын қала еңбеккерлерінің, әсіресе мұнайшылар қауымының құлшынысты күш-қайраты ортақ табысты молайтып, берекені еселеп отыр. Елдің тұрмыс күйі тәуір. Әлеуметтік мәселелер дұрыс шешімін тауып, қаланың мәдениеті мен спорты дамуда.
Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде арнайы қабылданған мемлекеттік бағдарлама бойынша ҚР Үкіметі тарапынан бекітілген кешенді жоспарға сай бөлінген қомақты қаржыны тиімді пайдалану арқасында ауқымды жұмыстар жасалып, сағым көшкен сардаладағы сарғыш өңді мұнайшы–моноқаланың көшесі көгалданып, көрік-келбеті абаттандырылды. Еңбекқор халқының тұрмыс-тіршілігі түзеліп, көңіл күй ауаны да бірқалыпты арнасына түскенін байқадық.
Қала бюджетінің өткен жылғы кіріс бөлігі 18914 млн.теңгеге жеткен. Қалақұраушы мұнайгаз өндіретін бірден-бір компания– «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы. Бүкіл қаланың тыныс-тіршілігіне дем беріп, әлеуметтік-экономикалық дамуына жыл сайын 750 млн. теңге көлемінде қомақты үлес қосып келе жатқан аталмыш компаниямен қатар «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС, «Бұрғылау» ЖШС сияқты көптеген ірі өндірістік мекемелер бар.
Тұрғындар саны жылдан-жылға қарқынды өсіп келе жатқан қаладағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 150,1 млрд.теңгеге жеткенін, 22 инвестициялық жобалар бойынша 11 нысан пайдалануға берілгенін негізгі көрсеткіштер ретінде атап көрсеткен қала әкімі, Жаңаөзен қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеп, кәдеге жарату және көму бойынша комбинат құрылысы, «Кендірлі» курортты демалыс аймағының «Окарем-Бейнеу» бас газ құбырынан газ құбырын тарту және автоматтандырылған газ бөлу жүйесін салу, Жаңаөзен қаласында үлгілік әскери қалашық салу, «Мерей» ш/а 1200 орындық мектеп құрылысы, Жаңаөзен қаласының 6 шығар жолында үлгілік өртке қарсы депо құрылысын салу, Жаңаөзен қаласында ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін 60 және 100 пәтерлік екі тұрғын жатақхана және 5 спорт алаңын салу, қала мен іргелес ауыл көшелерін абаттандыру, жол салу, су құбырын тарту, канализациялық-тазарту имараты (1 кезегі), қалаішілік автомобиль жолдары құрылысы, т.б. маңызды жұмыстар атқарылғанын айтты. «ҚазТрансОйл» АҚ бекітілген тәртіпте Маңғыстау облысының әкімдігіне «Жаңаөзен қаласындағы Еділ суын тәулігіне 30 мың текше метрге дейін ауызсу сапасында дайындауы үшін арналған су тазарту имараттарының құрылысы», «Өзенмұнайгаз» АҚ қаражаты есебінен Жаңаөзен қаласында 50 төсек-орындық медициналық емдеу орталығын, әрқайсысы 320 орындық 4 балабақшаның құрылысын салу жобаларының да маңызы зор.
Жаңаөзен қаласы тұрғындары 95,4 пайызға, Теңге ауылы тұрғындары 95,6 пайызға, Қызылсай ауылы тұрғындары 96,3 пайызға «Отау ТВ» ұлттық жерсеріктік желісімен қамтылды. Жаңаөзен және ауылдық елді мекендерге ғаламторға қосылу мүмкіндігін арттыру мақсатында барлығы 2608 порттық жүйе іске қосылып, Теңге ауылының тұрғындарына 4G стандарты бойынша жоғарғы жылдамдықтағы сымсыз ғаламтор тартылды.
Қала әкімі Серік Өтелгенұлы Тұрымовтың(суретте) бір сағатқа жуық уақытқа созылған қорытынды баяндамасын осындай маңызды мағлұматтармен түйіндеп, қысқа қайыра салсақ, сөзіміз келте болары анық. Атқарылған жұмыстардың ауқымы кең, жүктелген жауапкершілігі де күшті. Жергілікті тұрғындардың пікірін білу арқылы байқағанымыз: халық өз әкіміне сенеді және оның бір жылдың ішінде тындырған жұмыстарына көңілі толады. Бұдан бұрын облыс әкімінің орынбасары ретінде аймақты дамытуда іскерлік қабілет-қарымымен көрінген, бүтін бір ауданды басқарып, қазірде қаланың шынайы қожайыны болып отырған басшысына тұрғындар риза. Жергілікті бұқара халық тарапынан да, жоғарғы билік орындарынан да оң бағасын алған басшы азаматтың қаланы басқарудағы еңбегі зор. Күрделі кезеңде өз мойнына артылған зор жауапкершілікті қайыспас қара нардай көтеріп, сын сағаттарда қиыннан қиыстыра білетін алғырлық қасиетіне, көпті игі іске жұмылдыру, жаңа талаптарға икемдеу, жұмыс жүргізу деңгейі мен сапасын арттыру бойынша қол жеткізген жетістіктеріне қарай бағалайды жұртшылық. Ол жағынан мін табылмас маман екенін танытқан азаматтың ісіне берекет берсін!
Маман дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің штаттық саны жетіспейтіндігі айтылды. Өзекті мәселелердің бірі қалада қосымша білім беру орталықтарының жоқтығы. Қазіргі таңда білім сапасын арттыру үшін білім беру орталықтарын ашып, білікті мамандар шақыру қажеттілігі туындап отыр. Қаламызда «Дарын» орталығын ашу жоспарда бар. Білім саласында кадр мәселесі әлі де болса өзекті болып отыр деп мәселеге назар аударды қала әкімі.
Қаланың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін басымдылығы жоғары мәселелердің бірі – ауызсумен қамту болып табылады. Жалпы қалаға ауызсу ресурстары 2 бағыттан, дәлірек айтқанда «ҚазТрансОйл» АҚ БФ және «Су өндіру және тасымалдау» ЖШС арқылы қамтамасыз етіледі. Қала бойынша барлығы 618,6 шақырымды құрайтын су желісі арқылы 25561 тұрғын үй тұтынушы ретінде ауызсумен қамтылуда. 2013 жылмен салыстырғанда ауызсумен қамтылып отырған абонент саны 4,6 пайызға артқан. Қаламызда ауызсу мәселесін шешу мақсатында РБ қаражаты есебінен 839,6 млн.теңге бөлініп, 57 шақырым су құбыры жүргізілді. Сонымен қатар Жаңаөзен қаласына тәулігіне 30 мың текше метр ауызсу сапасына дейін дайындайтын су тазарту қондырғысының және 40 000 текше метр су қорын жинақтайтын қойма қондырғысының құрылысына 200,0 млн.теңге қаралып, құрылыс жұмыстары жалғасуда. «Өзенмұнайгаз» АҚ тарапынан Кендірлі демалыс орны аумағынан тәулігіне 90 000 текше метр теңіз суын тұшытып беретін қондырғы және сорап станциясының ЖСҚ жасақталды. Осы аталған жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілген жағдайда қаланы 30 000 текше метр сумен қамтамасыз ету көзделген.
Жиналыстың соңында тұрғындар атынан сөз сөйлеген Теңге ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Али Жақсылықов қала әкімі тарапынан атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, елге игілікті істердің жалғасатындығына сенім білдіріп отырған халықтың алғыс тілектерін жеткізді. Ол Кендірліде туризм саласын дамыту мәселесін қозғады.
Ескірген, ені де тар, жүруге ыңғайсыз, апатты жағдайға жиі ұшырататын Құланды ауылына баратын тас жолды түзетсе деген көптің тілегін жеткізді Сүйеген Жұмаев деген қала тұрғыны. Оның бұл сауалына қала әкімі мүмкіндіктері қарастырылатындығын айтты. Бұл айтылған мәселені өзінің іс дәптеріне жазып алғанын кейін облыс әкімі өз сөзінде атап өтті. Демек, назарға алынған шаруаның түбі қайырлы болар деген сенім ұялады көңілге.
Қаладағы тұрғындар тарапынан жыл сайын көтеріп келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – канализациялық-тазарту имаратын жаңғырту. Осы бағытта былтырғы жылы құрылыстың 1 кезеңі аяқталып, қазіргі таңда іске қосу және қалпына келтіру жұмыстары (наладка) жалғасуда. Аталған жобаны іске асыру негізінде біз КОС арқылы тазартылып өңделген су арқылы қаладағы жасыл желектерге ауыз- су қолданудың орнына техникалық сумен суаруға қол жеткіземіз, деді С.Тұрымов.
Айтқандай, осы жұмыс сапары барысында аймақ басшысы А.Айдарбаев аталмыш нысанға барып көріп, құрылысты толық жүзеге асыруға қатысты қаржылық-техникалық мәселелерін шешу жөнінде қала әкіміне тиісті тапсырмаларын бергенін білдіріп қоялық.
Қала әкімінің есебін тыңдап, жұртшылықтың сауал-тілектеріне құлақ түрген Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев(суретте), өзінің қорытынды сөзінде, әдеттегідей облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша былтырғы жылғы жетістіктері мен атқарылған ірі істерді айтты. Жаңаөзен қаласының жағдайын жақсартуға қатысты жүйелі жұмыстардың күткендей нәтиже беріп отырғанын, жақсы қарқынды жалғастыру қажеттілігін атап өтті. Облыс әкімдігінің ірі кенөндіруші компаниялармен қол қойған меморандумына сәйкес облыс аумағында ашылған әрбір жаңа кәсіпорын жұмысшыларының 10 пайызын әкімдік ұсынған тізім бойынша жергілікті жастардан алуға міндеттенеді.
Ақпарат көзі: Мangmedia.kz.