Қазақстан дүниежүзілік сауда ұйымына өз талаптарымен кіріп отыр

 

Орталық коммуникациялар қызметінде Эко­но­микалық ықпалдастық министрі Жанар Айтжанова, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Әділет вице-министрі Эльвира Азимова, Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев баспасөз мәс­лихатын өткізді.

Бірінші болып сөз кезегін алған Ж.Айтжанова ДСҰ тарихында Қазақстан келiссөздер бо­йынша ең күрделiсі болғанын айт­ты. «Бiздiң келiссөздерiмiз 19 жылдан астам мерзiмге созыл­ды. ДСҰ хатшылығының және бiзбен келiссөз жүргiзген iрi мемлекеттердiң пiкiрiне зер салсақ, ДСҰ құрылғалы берi бiздiң келiссөздер ең күрделi келiссөз болып табылады екен.  Себебі, бiз Кедендiк одақтамыз, мұнымен бірге 2012 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа да мүше болып табыламыз. Сондықтан, маңызды мәселелеріміздің жартысы дерлік ЕАЭО комиссиясының құзырында. Негізі, барлық мәселелерді ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен ақылдасып, келісе отырып, осы шешiмдердi қабылдадық деп айтуымызға болады», деді министр. Келіссөздер барысында өзіміздің елдік мүдде-талаптарымыз да табанды қорғалып, келелі істің осыншалық созылуына себеп болыпты. Спикердің сөзіне қарағанда, Қазақстанның сыртқы саудадағы ең iрi үлесi ДСҰ-ға мүше мемлекеттерге тиесiлi екен. Сондықтан, елiмiздiң аталмыш ұйымға енуi заңды деп санайды. «Бүгiнгi таңда ДСҰ-ға әлемнiң 161 мемлекетi мүше болып отыр. Әлемдiк сауданың 98 пайызы осы мемлекеттердiң үлесiне тиедi. Егер Қазақстан туралы айтатын болсақ, 2014 жылдың соңғы деректерi бойынша, бiздiң сыртқы сауда айналымымыз 119,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Осы сауданың ең iрi үлесi ДСҰ-ға мүше мемлекеттерге келедi. Сыртқы сауданың 40 пайыз үлесiн Еуроодақ елдерi алып отыр. Одан кейiн Ресей – 19, Қытай – 18, Швейцария – 5, Түркия 3 пайыз болып келедi. Сол себептен бiзге сыртқы сауда айналымында әрiптес болып жүрген мемлекеттердің барлығы ДСҰ мүшелерi болып саналады. ДСҰ-ға өту деген – тек қана сыртқы сауда саясатын ғана емес, өзiнiң экономикалық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсiп саласындағы саясаттарын осы ДСҰ ережелерi мен құқықтық базасына сай жүргiзу деген сөз. Ол бiздiң елге келетiн тiкелей шетелдiк инвестицияның көлемiн арттыруға тiкелей септігін тигізеді. Бiз тәуелсiздiк алған бастапқы жылдарда басқа елдермен екi жақты сауда және инвестициялық келiсiмдерге қол қойған болатынбыз. Сол келiсiмдердiң арқасында бүгiнгi күнi бiздiң экономикамызға 200 млрд. долларды құрайтын тiкелей шетелдiк инвестициялары келдi. Ол бiздiң экономикамыздың өркендеуiне тiкелей әсер еттi. Экономикамыздың қазiргi дамуы кезеңiнде бiздiң ең үлкен мақсат – оны әртараптандыру. Бiздiң экспортымыздың 80 пайызы шикiзаттың еншісінде. Сондықтан бiз қазiргi заманғы инвестициялық және сауда келiсiмдерiн жасап жатырмыз», деп қайырды сөзін Ж.Айтжанова. Баспасөз мәслихатында ДСҰ-ға кіруді барлық мәселелердің шешімі деп қарауға да болмайды екен. «ДСҰ-ны қандай да бір санаторий немесе барлық мәселелердің шешімі деп қарастыруға болмайды. ДСҰ – бәсекелестіктің жаңа сатысы, жаңа белестер мен жаңа тәуекелдер. Бұл импортшылардың мүмкіндіктерінің артуы», деді ауыл шаруашылығына қатысты айтқан А.Мамытбеков. Министрдің пікірін бажайласақ, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жаңа инвестициялар тартуға, дау-жанжалдарды халықаралық соттарда шешуге, сондай-ақ, халықаралық сауда ережелерін құруға атсалысуға мүмкіндік туады. «Менің ойымша, ауыл шаруашылығы үшін көптеген мүмкіндіктер болады. Біздің ендігі міндетіміз сол мүмкіндіктерді жіберіп алмай, жүзеге асыра білу болмақ», деп түйіндеді сөзін министр.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан»