ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

Озимиздин-оним Соңғы күндері ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев Қазақстан жұртшылығына отандық өнімдерді кеңінен сатып алуға шақыруда. Осы ретте, билік басындағылардың тың ұстанымы көңілге жылу ұялатады. Себебі, бұл отандық өнімді шығаратын кәсіпкерлердің, орта таптың жай-күйіне бейжай қарамайтын билік пайда бола бастады деген сөз. Бұл ретте кәсіпкерлердің сойылын соғып, жоғын жоқтап жүрген «Ақ жол» партиясының орасан зор еңбегін атап өткеніміз жөн. Соңғы үш жылдың көлемінде бизнес пен кәсіпкерліктің маңыздылығын дәлелдеп, Парламент қабырғасында айтысып-тартысып, Елбасының назарына үнемі өз ұтымды ойларын ұсынуда өзгелерге қарағанда ақжолдықтардың үлесі мол. Кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын, олар кездесіп отырған қиындықтар мен оны жоюдың жолдарын әрқашан билікке айтып келген «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бұл бағыттан бұрылған емес. Мәжіліс отырысында Еуразиялық қауымдастық аясында қордаланған мәселелердің бірін тағы да атап берді. Ол ал­когольдік өнім нарығындағы отандық өнімге деген қалыптасқан кейбір әділетсіздіктер туралы еді. Дәлірек айтсақ, Азат Тұрлыбекұлы орыс арақ-шарабының тасасында қалған отандық алкоголь өнімдері сұранысының төмендеп кетуі, ресейлік алкогольдің жарнамасына рұқсат берілуі заңсыз әрекет екенін айтты. Себебі, біз ЕАЭО құрғаннан кейін бірыңғай, ортақ нарықтамыз. Сол себепті, біз осы жерде өзіміздің отандық өндірушілердің мүддесін қорғауымыз керектігін ерекше атап өтті. Өзекті мәселені көтерген «Ақ жол» фракциясының жетекшісін қолдамасқа болмайды. Расында, тауарды нарыққа жеткізу және кеңінен өткізу үшін мықты жарнама қажет. Алайда, 2004 жылдан бері біздегі «Жарнама туралы» заңның негізінде кезкелген алкогольдік өнімді жарнамалау қатаң айыппұлмен жазаланып, рұқсат етілмейді. Біріншіден, бұған біздің ақпарат кеңістігіміздегі ресейлік ақпарат құралдарының 65-70 пайыздық белсенділігін ескерсек жеткілікті. Осы тұрғыда халқымыздың денсаулығына кері әсерін тигізетін алкогольдік өнімдердің жарнамасына ішкі ақпараттық қауіпсіздік шаралары тойтарыс бере алмауда. Бар гәп, заңнамадағы ережелер тек қана отандық БАҚ құралдарына қатысты да, кабельдік-сандық желілер арқылы шеттен келіп жатқан ақпараттар ағыны реттелмей отырғанында. Депутаттың бұл тұрғыдан көтерген мәселесі өте маңызды, оны шұғыл шешу керек. Екінші қырынан қарасақ, осы мәселенің аясында Қазақстанның Кәсіпкерлер Палатасының басшысы Абылай Мырзахметовтің де ескертулері орынды. Оның айтуынша сауда орындарындағы тауарлар тұратын сөрелерде отандық тауарларға орын алудың азабы мен қолдан жасалған құйтырқылықтар кедергі болуда. Өйткені, әрбір сауда орнының иелері қай тауардың сөреде алдымен тұратындығын анықтауына бонустық төлемдер мен кіру құндарының тұрақсыздығы қиындықтар тудырып, өзіміздің отандық ауылшаруашылық, тамақ, жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің тұтынушыларға жету мүмкіндігі тым төмендеген. Көпшілік тұ­тынатын жақсы жарнамасы бар импорттық өнімге ешбір не­гізсіз мол мүмкіндіктерді беріп қоятындығын да жасырмады. Бұндай әділетсіздіктермен қалай күресуге болады? Палата басшысы «сауда орындарына тауар тұратын сөрелердің 30 пайызын отандық өндірушілердің өнімдеріне беруді міндеттейтін норманы енгізу қажеттілігін» алдыға тартты. Бұл өте жақсы ұсыныс, алайда, осындай отандық өнімдердің өтімдігін өсіру үшін 50% орын берсе де көптік етпейтін еді. Әрбір сөреде тұратын отандық өнімде отандық кәсіпкерлердің 50%-дық үлесі болса, біздің ұлттық мүддеміз де сақталмай ма?! Бұл халықаралық қағида, оның ешбір заңға қайшы келмейтіні белгілі. Дегенмен, кәсіпкерлік бағытында, оның қызметінің дамуына ауызды толтырып айтатындай әрекеттер жасалмады емес, жасалып жатқандығын жасыра алмаймыз. Әсіресе, кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы бақылаушы-қадағалаушы режимнің жұм­саруы, салықтық реформалар аясындағы әкімшіліктік-бюро­кратиялық кедергілердің шешілуі, соңғы жылдардағы тексеруге тыйым салынған мораторийлер - қанша дегенмен отандық кәсіпкердің аяғына тұруына біраз мүмкіндіктер берді. Исекешев бастаған биліктегілердің «отандық көліктерді ғана емес, барлық тамақ өнімдерін, киім-кешек пен құралдарын сатып алуға құлшынуымыз керек» дегені біздің қалыптасқан жағдайды түсініп, енді ғана дұрыс бағытты бетке алғанымызды көрсетеді. Ресейдегі тәжірибені талдасақ, олар отандық тауар өніміне қолдау ретінде қабылданған үлкен «Сауда туралы» нормативтік заңнама арқасында бүгінгі шетелдік санкцияларға қарсы жауап беруде екен. Бұл бізді де осы орайда ойлануға итермелейді. Әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде отандық өнімнің өтімділігін, кәсіпкердің еңбегін қорғайтын жаңа заңның қажеттігін анық көрсетеді. Елбасымыз жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу керектігін тұрақты айтып келеді. Әрине, бұл тапсырманың кәсіпкерлікке тікелей қатысы бар. Сондықтан олар өндірген тауардың тұтынушы­ларға еш кедергісіз жету жолдарын жетілдіру қажет. Бұл мәселені бір жақты емес, кешенді түрде шешкеніміз жөн. «Халқыңды бір тойдырғың келсе – балық бер, ал өмір-бойы тойып жүрсін десең балық аулауға үйрет!» деген Сенеканың сөзін еске алсақ, біздің бүгінгі жағдайымызда, еліміздің қарқынды дамуы үшін тұрғындарымызды кәсіпкерлікке баулып, отандық өнімдерді өткізу өрісін барынша кеңейтуіміз аса қажет. Ол өзгеге емес, өзімізге бай­ланысты. Қазақстандық кәсіп­керлік пен бизнес дамысын десеңіз, отандық өнімді алыңыз, ағайын! Мақсат ЖАҚАУ, «Ақ жол» ҚДП төрағасының кеңесшісі