КӨМІРДЕН БЕНЗИН ӨНДІРУ КӨҢІЛГЕ ҚОНАДЫ, БІРАҚ...

скачанные файлы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған Технологияларды коммерцияландыру орталығының бас директоры Дамир Егізбаев Қазақстанның қоңыр көмірінен бензин мен дизельді отын өндіру мәселесін көтерді. – Кең байтақ даламыздың қойнауында жатқан қоңыр көмірден бензин мен дизельді отын өндіру ісін қолға алудамыз. Бұл жобаны 2013 жылдан бері Көмір химиясы және технологиялар институты іске асыруда. Көмірді қайта өңдеу үдерісі дүние жүзі мамандарымен дайындалған, алайда қазақстандық ғалымдар бұл технологияны отандық қоңыр көмір ерекшеліктеріне сәйкес бейімдей отырып және технологиялық үдерісті шапшаңдатып жанармай бағасын төмендету бағытында талмай еңбектенуде. Сәтін салса, 2015 жылдың сәуірінде Ерейментау жанында әзірше тәулігіне 0,8 тонна қуаттылығымен «Сарыадыр» көмір кенінде шағын тәжірибелік-эксперименттік кешен құрылмақ. Сұйық отынның 1 литрінің бағасы 42 теңге тұратын болады. Өндірісіке 1 млн. АҚШ долларын жұмсауға дайын инвестор да табылып отыр, – деді Дамир Алтынбекұлы. Сонымен қатар, жаңа жобалардың қатарында өнеркәсіптік нысандарда пайдаланылатын оттан қорғайтын сұйықтықты жасау да айтылды. Биылғы жылы Қазақстанда аталмыш өнімді шығарудың тұңғыш өндірісі басталмақ. Бұл сұйықтық залалсыз, шетелдік ұқсас өнімдерден 1,5-3 есе арзан, әрі пайдалану мерзімі 2-5 жыл орнына 7 жылды құрайды. Несі бар, бағалы бастама, өміршең өндіріс! Шынын айтсақ, біз жаңалық ашудан жұрдай емеспіз, отандық ғалымдарымыз шетелдіктерден кем түспейді. Түрлі жаңалықтар ашылып, көптеген өнертапқыштық ұсыныстар да түсіп жатады. Бірақ, солардың көбісі қолданылмай ұмыт қалады. Біздегі «өзімнен басқаның өзегі талсын» дейтіндер қалай қарайды екен бұл бастамаға? Мұнайдың майын ағызып отырғандарға бәсекелестің болмағаны қолайлы, бұдан кейін олар жегені желім болып, жаңа бастаманы тұншықтыруға тырысатыны айдан анық. Мысалы, кейбір ықпалды іскерлер өзіміздің өндірістің өрісін тарылтып, кеден арқылы өтетін шетелдік тауарлар есебінен ақша табуды тиімді көреді. Немесе «алтын талшық» деген атауға ие болған қойдың бағалы жүнін өңдеп, тоқыма өндірісін ашуға кедергі келтіріп жүргендер сияқты бұл бастаманы да аяқтан шалып жүрмей ме? Олар басыбайлы «бизнесіне» ешкімді жолатпайды. Жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмысшыларға жалақы тауып бергенше шикізат күйінде жүнді шетелге сата салған әлдеқайда жеңіл және олар үшін тиімді. Ал, отандық өндірісті дамыту ондай «кәсіпкерлердің» ойына кіріп те шықпайды, жеке басының ғана пайдасын күйттейді. Сондықтан бұл бастаманың да нақты нәтижесін көргенше болашағына күмәнмен қарауға мәжбүрміз. Зейнолла АБАЖАН