Ресейдің доллардан бас тартуға қамдануы Қазақстанға нені меңзейді?

©алаш айнасы иллюстрация

©алаш айнасы иллюстрация

Бүгін Ресейдің мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров жақын арада бюджеттік және салық комитетінің отырысында Ресейдің ішкі айналымда доллардан бас тарту мәселесі түпкілікті қаралатынын жеткізді. РФ мемлекеттік думасы депутатының пікірінше, ішкі айналымда доллардан бас тарту ісін жеделдету күнен күнге құнын кетіріп бара жатқан рубльдің еңсесін тіктеуге көмектеседі. Бұл жайында Федоров «Біз үшін маңыздысы экономиканы тұрақтандыру. Егер Ресей Федерациясының ішкі айналымында доллардан бас тартатық болсақ, бұл рубьлге деген сұранысты арттырады. Қазір елдегі несиелендіру, инвестиция салу барлығы дерлік доллармен жүріп жатыр. Сондықтан бұған бақылау орнату керек» деді.

Сөйтіп, Ресей біртіндеп доллардан арылуға кірісе бастамақ. Осылайша көрші ел күн сайын құнсызданып бара жатқан ұлттық валютасына деген сұранысты арттыруды жоспарлап отыр. Жалпы, бұған дейін рубльді ұстап тұру үшін Ресейге алтын-валюта қорынан қомақты қаржы алуға тура келеді. Бұған қатысты мамандар «рубльді ұстап тұру үшін алтын-валюта қорыннан көсіп қаржы ала беру Ресей үшін тиімсіз. Сондықтан келешекте Ресей доллардан бас тартып, қазірдің өзінде доллардан арылуға барын салуда» деген болатын. Негізінен, бұл ретте «Алаш айнасына» да пікір білдірген мамандарымыз да «2008 жылы Грузиядағы шиеленіс пен қаржылық дағдарыс кезінде де Ресейдің Орталық банкі рубльді ұстап тұру үшін 200 миллиард доллардан астам қаржы жұмсады. Бірақ онысы сәтсіз болып шықты. Сондықтан қазір Ресейдің Орталық банкі ол жолғы қателікті жасамауға тырысуы керек» деген болатын.

Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:

- Ресей қазіргі жағдайдың алдын алу үшін өзінің валюталық резервін әртараптандыруға барын салуы керек. Көрші елдің доллардан арылуға кірісіп отырғаны да содан. Ресей қазір Қытаймен ірі көлемді экономикалық қарым-қатынас орнатуда. Қытаймен есеп айырысуда Ресей долларды емес рубль мен юаньды пайдаланбақшы. Осылайша Ресей дедолларизацияға (доллардан арылу) тереңдеп еніп барады. Бұдан болашақта Ресейдің алтын-валюта құрамында доллармен бірге юаньның пайда болатынын байқаймыз. Юань пайда болатын болса, доллар белгілі бір көлемде юаньға орын ығыстырады. Міне, Ресей болашақта алтын-валюта қорында доллар азайса, оның орнын осылайша юаньмен толтыруды ойластырып отыр. Егер осы бағытты ұстанып нақ осы тұрғыда валюталық интервенция жүргізетін болса, онда бізге одан аса қауіп болмайды. Одақтас ел ретінде де Ресей бізге рубль-теңге қатынасын нығайтуды ұсынып отыр. Сондықтан келешекте Еуразиялық экономикалық Одақ аясында теңге-рубль қатынасы нығайып жатса, онда бұдан аса қорқудың қажеті жоқ. Егер рубльі еңсе тіктеп, Ресей біртіндеп доллардан арыла бастаса онда біз де доллардан құтылу операциясына бағыттала бастаймыз. Себебі қазір АҚШ валютасына тәуелді болудың экономикалық тұрғыда оншалықты опа бермейтіні белгілі болды. Халықаралық сарапшылардың дені әр мемлекеттің өзіндік ұлттық қоры, қазынасы сенімді сақталуы үшін жалпыға бірдей жаңа валюта қажеттігін нақтылауда. Негізінен Батыспен экономикалық қарым-қатынас азайғаннан кейін Ресей доллардан бас тарту операциясын жеделдеткісі келіп отыр. Егер болашақта Ресей мен Қытай арасында сауда-экономикалық әріптестік қатынас нығайса, Ресей бұл тығырықтан шығып кете алады. Бұдан былай Ресей сыртқы халықаралық активтік резервтерін, алтын-валюта қорын әртараптандырады. Долларды ығыстыру үшін юаньды пайдаланады. Сондықтан бұл жерде Ресей бұлай әрекет ету арқылы қорсыз және қамсыз қаламаудың тәсілдерін ойластырып отыр. Бұл жерде Қазақстанға да өз бағытын таңдау керек. Білесіздер, күзде Қазақстан қор биржасында юань-теңге жұбымен сауда-саттық жасала бастады. Сондақ-ақ қазірде Қазақстан-Қытай сауда қатынасында юаньмен есеп айырысу жүргізіле бастады. Осының барлығы біздің де доллардан арылу көшіне ілесе бастағанымызды көрсетеді. Сондықтан болашақта бұл жайтқа орай Қазақстан да өз бағытын таңдайды. Біздің де алтын-валюта қорымыз әртараптанып, қордағы доллар біртіндеп азайып, оның орнын юань баса бастауы әбден мүмкін. Негізінен, мамандардың пайымдауынша, 1998 жылдан бері Ресей үш бірдей дағдарысты бастан кешірді. Сол дағдарыс кезінде Ресейді доллар құтқара алмады. Үш бірдей дағдарыста доллардың құны артып, Ресейдің ұлттық валютасы құнсызданып, алтын-валюта қоры азайып, елден инвестиция қаша бастады. «Міне, содан бері Ресей доллардан арылу қажеттігін сезінді. Алтын-валюта қорына долларды көсіп жинай берудің соншалықты пайда әкеле бермейтінін Ресей қазір мықтап ұғынды» дейді мамандар. Төменде Ресейдің басынан кешірген үш бірдей дағдарыста доллардың қалай құбылғанын, дағдарыстан кейінгі жағдай қандай болғанын біз арнайы сызбаға салып, қаз-қалпында беруді жөн көрдік:

Абзалында, мамандар қазір әлем бойынша долларға қарсы өзара есептесу болып жатқанын, бірқатар елдердің сауда қатынасында доллардан бас тартып отырғанын алға тартуда. Осылайша, айналымда артық доллардың көбеюі бар, (әлем бойынша айналымда 500 трлн доллар жүр. авт) тағы басқа экономикалық ахуалдың себептері бар біршама елдердің қазірде ұлттық валюталары өз құнын жоғалта бастағанын алға тартқан сарапшылар «болашақта әлем елдерінің біразы доллардан сырт айналады» дейді.

Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:

- Ресейдің ТМД бойынша негізгі серіктесі бізбіз. Ресей мен Қазақстанның экономикасы қатты ұқсас, екеуі де мұнай экспорттайтын елдер. Оның үстіне, Қазақстан үшін негізгі сауда әріптестерінің бірі және мұнайдан басқа экспортын тұтынатын негізгі ел Ресей екенін біз ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз бұл жерде экономикасы бір-біріне байланып отырған ел ретінде бұған бей-жай қарай алмаймыз. Қазір Ресей өзінің алтын валюта қорын азайтып алып отыр. Алтын валюта қоры одан әрі азайған елдің ұлттық валютасының да құны түсе береді. Демек біз үшін де маңыздысы доллардан арылу көшіне ілесіп, алтын-валюта қорын әртараптандыру. Бұл күнде доллар емес, юань алып болып отыр. Егер АҚШ-тың мемлекеттік қарызы осы қарқынмен өсе беретін болса, онда доллар жүйесі 2020 жылға қарай күйрейді. Сондықтан бұл арада доллардан «құтылу» операциясы біз үшін де өзекті болмақ...

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы alashainasy.kz