МИЛЛИАРДЕР МИТТАЛ КІМГЕ АРҚА СҮЙЕП ЖҮР?

6
1494

Lakshmi Mittal, Arcelor Mittal's President and Chief Executive Officer, leaves the Elysee Palace in Paris

МЕТАЛЛУРГТЕР МЕН КЕНШІЛЕРДІҢ АРТЫНДА ЕЛБАСЫ ТҰР, АЛ МИЛЛИАРДЕР МИТТАЛ КІМГЕ АРҚА СҮЙЕП ЖҮР?

Назарбаев Митталға кеншілер мен металлургтердің артында кім тұрғанын ашық айтты. Еңбеккерлердің басты қорғаушысы өзі екенін жасырмаған Елбасы болат магнатынан жалақыны кешіктірмеуді, бір сөзбен айтқанда, оларды ренжітпеуді талап етті.

Теміртаудағы металлургиялық комбинаттың қожайыны Лакшми Миттал Президенттің ұсынысымен сөзсіз келіскен сыңай танытты. Лондонда жатып алып, ақшасының арқасында алып кәсіпорынды алыстан басқарып жатқан миллиардер осы кездесу үшін арнайы ұшып келген екен. Әлемдегі ең бай адамдардың бірі Миттал компания табысының көбейіп келе жатқанын жеткізіп, тіпті болат өндірісін 6 миллион тоннаға жеткізуге дайын екенін айтты. Ал Нұрсұлтан Назарбаев болса, үнді миллиардеріне металлургтер мен кеншілерді ренжітпеуді тапсырды.
– Қазір, ең басты нәрсе, өндірісте жұмыс істейтіндердің әлеуметтік көңіл-күйі. Менің теміртаулық металлургтермен және қарағандылық кеншілермен қарым-қатынасым ерекше. Сондықтан, жұмыс орындары қысқарып, жалақы төленбей жатса, олар тікелей маған хабарласады – деді Назарбаев «алдымен шаңыраққа қарап ал» дегенді меңзеп.
Президенттің бұл сөзіне сенуге болады, ал Митталдың бұл ескертуден қандай қорытынды шығарары белгісіз. Шахта опырылып құлап, ондаған кенші ажал құшқанда, еңбекшілер айлап-жылдап жалақы алмағанда, комбинатты өндірістік заманауи құрылғылармен қайта жарақтандырмаудың салдарынан бір емес, ондаған апаттар орын алғанда сан рет бас көтерген кеншілер мен металлургтердің жанайқайын керең деген адамның өзі еститіндей уақыт болды емес пе? Елбасына әлденеше хат жазып, басқа амалы қалмаған кеншілер кәсіпорын кеңсесінде өзін-өзі өртемек болған көрініске де куә болдық. Бірақ, оған Митталдың мұңайғанын көрмедік, тым болмаса, Теміртауға бір келіп кетуге жарамады. Сол кезде Премьер-министр болып тұрған Серік Ахметов миллиардер үндіс қарамағындағы алпауыт кәсіпорынды жарты жыл бойы бүге-шүгесіне дейін қатаң тексеруге бұйрық бергені бар. Бұл бұйрықтан соң Митталдың Елбасына еңіреп хат жазып, жергілікті, аймақтық билік пен үкімет қысымынан құтқарыңыз деп өтіне сұрағаны да ұмытыла қойған жоқ. «Митталдың хатынан кейін үндіске қарсы үн шықпайтын болды үкімет тарапынан, есесіне қарағандылық атқамінерлер мен Серік Ахметов сергелдеңге түсті» дейді қарағандылық әкімдердің қаһарға ілігуінің бір себебін осы жағдаймен байланыстыратындар. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегенімізбен, бұл болжам ғана, дәйегінен долбары басым, басы ашылмаған сұрақ. Бір нәрсе анық, кеншілер мен металлургтердің арқасында байлығын еселеген шіріген бай жұмысшылар үшін бас қатыра қоймасы белгілі. Оған өткен жылдардағы тәжірибесі нақты дәлел бола алады. Ол аз болса, жақында ғана Тентек шахтасының жұмыскерлері бір жарым жылдан бері тесік тиын көрмедік деп ереуілдетті. Компания бүгінде жиырмаға жуық жұмыскердің әрқайсысына бір миллион теңгеден астам қаржы берешек екен. Бірақ, ақшамыз жоқ деп аузын құрғақ шөппен сүртіп отыр.
Бұл сома аты шулы Арселор Митталдың Теміртаудағы тек бір жұмыскердің алдындағы қарызы. Несиесі өсіп, қарызы көбейген бұл азаматтан бөлек тағы жиырмадан астам кенші бар. Олар Тентек шахтасының кеңсесіне баса көктеп кіруге мәжбүр болды. Себебі, басшылықтың «Жалақыны ертең береміз» деген құрғақ уәделері бір жарым жылдан бері тойдырып болған. Тек өлместің күніне жетерлік аздаған «аванспен» отбасын асырап келген жұмысшылар өндірісте жұмыс істеуге ешқандай жағдай да жасалмаған дейді.
Ал былтырғы жылдың мамыр айында Арселор Митталл Теміртау компаниясымен келісімшартқа отырған мердігерлер кеншілерге ақшаны өз қалтамыздан төлеп келдік дейді. Үш жүз миллион алашағымыз бар деген басшылық ақша сұрап Англияда жатқан Арселордың кеңсесіне де сан рет хабарласыпты, бірақ, нәтиже жоқ. «Біз оларға күнде хабарласамыз. Күнде бір уәдені айтады. Бірақ оны орындамайды. Белгіленген ақша былтыр төленуі тиіс еді. Содан бері созып келе жатыр» – дейді «Горный» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Евгений Николаев.
Компанияның табысы еселеп өсіп келеді деп кеуде қаққан миллиардер Миттал Елбасымен кездесуінде уәдені аямағанын және жұмысшылардың маңдай терімен тапқан жалақысын өз қалтасынан шығарса да төлеп беруге мүмкіндігі жететінін жақсы білеміз. Егер Елбасының өзін алдап отырса, қатардағы қарапайым жұмысшыларды қайтып жарылқасын, көзіне де ілмейді. Қарағанды кеншілері мен Теміртау металлургтеріне қорған боламын дегенді ашық айтқан Президентіміз жұмысшыларды жылдар бойы зар жылатып, жүгенсіз кеткен «шық бермес Шығайбайға» енді қандай шара қолданар екен?

Зейнолла АБАЖАН

6 ПІКІРЛЕР

  1. НЕГЕ ШЫНДЫҚТЫ АЙТПАЙСЫҢДАР НАЗАРБАЕВ МИТТАЛДЫҢ АРТАНДАҒЫ ҚОРҒАНЫ МҮДДЕСІ БІР . КЕНШІЛЕРДІҢ АРТЫНДА ӨЗДЕРІНЕ ӨЗДЕРІ ҚАЗҒАН ОРЛАРЫ ТҰР ҚҰЛАСА ҚАЙТЫП ТҰРМАЙТЫНДАЙ . НЕДЕГЕН БӘЛЕ ҚАЗАҚҚА БӘРІ ЖАУ БОЛДЫ ПРЕЗИДЕНТ АУСПАЙ ЕШ ЖАҚСЫЛЫҚ ЖОҚ . КЕҢЕС ҮКІМЕТІ ҚҰЛАҒАННАН КЕЙІН ЗАҢСЫЗ ЖОЛМЕН ХАЛЫҚТЫҢ МҮЛКІН БӨЛІП АЛЫП БАЙЫҒАНДАРДЫҢ ДҮНЙЕ МҮЛКІНІҢ БӘРІНДЕ ХАЛЫҚ ҚАЙТАРЫП АЛУЫМЫЗ КЕРЕК .

  2. Өтірік. Шарасыз айқай. Бір жарым жыл «тесік тиын көрмесе» неге жұмыс істейді. Мақаланы да қазақпайский қыртылбай жазған. Көшедегі желауыздың әңгімесі. Қазір мұндай жоқ.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз