"Қызылорда-Жезқазған" жолының құны 10 млрд теңгеге бағаланды

Ел президентінің Қазақстан халқына "Нұрлы жол - болашаққа бастар жол" жолдауындағы басты міндеттердің бірі - көліктік-логистикалық инфрақұрылымның дамуы. Бұл бағыт хабтар принципі бойынша макроаймақтарды құру аясында жүзеге асырылатын болады.

Негізінен Астана мен макроаймақтарды байланыстыратын автожол, теміржол және әуе жүйелеріне назар аударылады. Бірінші кезекте, келесі бағыттар бойынша автожол жүйесі дамитын болады: Батыс-Қытай - Батыс Еуропа; Астана - Алматы; Астана - Өскемен, Астана - Ақтөбе - Атырау; Алматы - Өскемен; Қарағанды - Жезқазған - Қызылорда; Атырау - Астрахань. 2015 жылы стратегиялық маңызы бар "Қарағанды - Жезқазған - Қызылорда" автомагистралін салу бойынша жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. "Қызылорда - Жезқазған" автожолының құны шамамен 10,1 млрд теңгеге бағаланып отыр. Қазір жол-құрылыс компанияларын құру - әлеуетті мердігерлердің тендерге қатысуы үшін жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, Қызылорда облысында 17 автожол жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр: үшеуі - республикалық маңыздағы жолдарды жөндеу немесе қалпына келтіру, 14-і - облыстық маңыздағы жолдар бойынша. 2015 жылы аймақта "Бозкөл - Тасарық" автокөлік жолын қалпына келтіру басталады, "Самара - Шымкент - Бекбаулы" жол учаскесінің құрылысы жоспарланып отыр. Сонымен бірге Сырдария арқылы бірнеше көпір үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді. Еске сала кетейік, жол жобаларына 2015 жылы Ұлттық қордан 178 млрд теңге, 2016 жылы - 143,3 млрд теңге бөлінеді. Қаржыландыру 2020 жылға дейін жалғасады. Автожолдарды салу және қалпына келтіру бойынша жобалар халықаралық қаржылық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылады. Елде құрылыс есебінен 200 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп қарастырылуда. Осылайша, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту ел экономикасын жандандырып, аймақаралық ынтымақтастықты нығайтып, кәсіпкерлік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

Источник: ИА "Казинформ"