Мұнай бағасы одан әрі құлдыраса не боламыз?

baq.kz

Бүгін түнде Лондон қор биржасында Brent маркалы мұнай бағасы 89,99 долларға дейін төмендеді. Артынша бұл бағам сәл-сәл көтеріліп таңертеңгі сессияда мұнай бағамы 90,5 долларға белгіленді. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл маркалы мұнай бағамы 2012 жылдың маусымында дәл осындай деңгейге төмендеген.

Үкімет бюджетті қысқартуға кіріседі Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы: - Кеше Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев, бюджетті қысқарту болатынын мәлім етті. Біздің мемлекеттік бюджетіміз мұнайдан түсетін табысқа қарай болжанып, құрылатыны бізге белгілі. Бұл меже бізде – 90 долладың аясында жоспарланған. Біз жоспарлаған осы көлемнен халықаралық баға құласа онда біздің экономикамызға қауіп төнді дей беріңіз. 80-70 доллар деген көрсеткішпен бетпе-бет келсек, онда экономиканы қолдау үшін Ұлттық қордан ақша алынады. Негізгі түсімді шикізат көзінен көріп отырғандықтан бұл жерде әлеуметтік-экономикалық жобалардың біразын қысқартуға тура келеді. Сондай-ақ әлдеқандай жағдайда Ұлттық қордағы ақша зейнет¬ақы, еңбекақы,тағы басқа салаларды қолдауға бөлінер болса онда қазына ортайып, мұның арты дағдарысқа әкеледі. Сондықтан мұнай бағасы одан әрі күрт құлайды дегенге сену қиын. Мұның бірнеше себебі бар. Мысалы, біз қазірде «АҚШ Ресей мен Украинадағы жағдайға байланысты Сауд Араб елімен бірігіп мұнай бағасын төмендетуге келісім жасаған» деп даурығамыз. Дегенмен бұл жерде мұнай бағасының төмендеуінен сол Сауд Араб елінің де зиян шегетінін ойлауымыз керек. Өңдеген мұнайын кім арзанға сатқысы келсін?! Сондықтан бұл жерде мұнай бағасының құлауын ұзаққа созылады деп ойлау қиын. Өз басым бұл уақытша құбылыс деп санаймын. Бірақ сол уақытша құбылыстың өзінен біз қиналмай шығуымыз үшін Үкімет алғышарттарды қарастыруы тиіс. «Ресей тез есін жинайды» деп үміттену керек Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым: - Ресей экономикасы тұраласа,, бізге де әсері айтарлықтай болады. Егер Ресей бағытындағы мұнай тасымалдайтын құбыр жабылса, онда экспорттайтын көлеміміз де қысқарады. Бюджетте мұ¬най бағасы үш түрлі нұсқамен қаралған. Біріншісі – оптимистік, екін¬шісі – пессимистік, үшіншісі – консервативті базалық нұсқа. Ең төменгі пессимис¬тік нұсқада мұнай құны 65-70 доллар көлемінде деп белгіленген. Бұл мұнай бағасының құлауына даяр екенімізді көрсетеді. Дегенмен, Ресей тәрізді біз де мұнай мен газға қараған шикізат еліміз. Мұнай бағасы құл¬дырап кетсе бізге де оңай болмайды. Кезінде АҚШ Кеңес өкіметін құлату үшін мұнай өндіретін мемлекеттерге мұ¬най бағасын құлату жөнінде тап¬сырма берген. Осыдан барып 1989 жылы мұнай бағасы адам айтса нанғысыз деңгейге 9 долларға дейін төмендеді. Бұл Кеңес одағын тығырыққа тіреді. Артынша КСРО тарады. Қазір АҚШ Ресейді күйрету үшін тағы осындай қадамға барып, Сауд Арабиясы, Ирак, Ливия елдеріне мұнай бағасын төмендетуге ықпал етуге ұсыныс тастады. Ал Ресей күйресе, бұл бізге де оңайға соқпайды. Сондықтан бұл жерде Ресей есін тез жинап, Украинамен арадағы жағдайды реттейді деп үміттену керек. Қытай бізге көмекке келе ала ма? Хакім Суербаев, химия ғылымының докторы, пофессор: - Кеңес одағы кезінде Қазақстанның мұнай тасымалдайтын бір-ақ жолы болды. Ол Атырау – Куйбышев мұнай құбыры еді. Қазір Қытаймен арада мұнай құбырымыз бар. Бұдан соң Ақтау портынан Иранға, Парсы шығанағына мұнай тасымалдаймыз. Тағы бір үміт артып отырған жоба Баку-Жейхан-Тбилиси мұнай құбыры. Бұдан соң Қазақстан Қытаймен тағы бір ірі келісімге отырған болатын. Ол келісім бойынша Қытай толлинг жүйесімен өз мұнайымызды қайта өзімізге өңдеп жіберуі тиіс. Сондықтан бұл жерде Ресей арқылы мұнай тасымалдайтын құбырға ғана иек артып отырмыз деу қисынсыз. Демек бұл арада «экспорттық әлдеуетіміз төмендейді» деп анағұрлым қауіптене алмаймыз. Дегенмен бізге нақ қазіргі уақытта экономикамызды әртараптандыру мәселесі өте - өзекті. Ойлап қарасақ, қазір әлем елдерінің басым бөлігінде мұнайдан кір жуғыш заттары, әртүрлі пластикалық заттар, кеңсе заттары, үй жиһаздарына дейін алынады. Мұнай химиясын жетік меңгерген елдер шикі мұнайды терең деңгейде ұқсатып отыр. Ал біз шикі мұнайды сыртқа сатқанымызға ғана мақтана аламыз. Бүкіл әлем қазірде мұнай шикізатынан алынатын өнім көрсеткішін 92-94 пайызға дейін жеткізуге талпынып жатыр. Біз керісінше, өндіретін мұнайдың 90 пайызын шикі күйінше экспорттап жатырмыз. Бұл – өте үлкен олқылық. Егер мұнайдан алынатын дайын өнім деңгейін тым құрығанда 30 пайыздық межеге жеткізе алмасақ, бізге шикізат күйінше экспорттаған айтарлықтай пайда әкеле бермейді. Түсім еселенсін десек, біз ең соңғы дайын өнімге дейін меңгеруді үйренуіміз керек. Дайын өнім өндіруді үйрене алмасақ, болашақта бізге Қытай да басқа да көмекке келе алмайды.

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

alashainasy.kz