Нұрсұлтан Назарбаев "Эни" компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальцимен кездесу барысында Қашаған кен орнына алаңдатушылық білдірді.
Кездесу Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында өтті деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
"Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Қашаған мұнай-газ кенішін игеруге байланысты жобаны жүзеге асыру барысына қатысты алаңдаушылығын білдірді", - делінген хабарламада.
Кездесуде компанияның Қарашығанақ және Солтүстік Каспий жобаларын жүзеге асыруға қатысуы жөніндегі негізгі жайттар, сондай-ақ "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-мен өзара іс-қимылы туралы әңгіме қозғалды.
Қазақстан Президенті Дескальциді тағайындалған қызметімен құттықтап, жетістікке жете беруіне тілек білдірді.
"Біздің кездесуіміз Италия премьер-министрі Маттео Ренцидің жұмыс сапары қарсаңында өтіп отыр. Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас ылғи да жоғары деңгейде болды. "Эни" компаниясы Қазақстанда 20 жыл бойы жұмыс істеп келеді, біздің ынтымақтастығымыздың ең басты тармағы Солтүстік Каспий жобасы болып саналады. Туындаған қиындықтарға қарамастан, біз қойылған міндетті әрі қарай шеше алатынымызға сенімдімін", - деді Назарбаев. Қашағаннан мұнай өндіру 2013 жылдың 11 қыркүйегінде басталған.
NUR.KZ